Ішкілік ішуді балгер қойдыра ала ма?

26 маусым 2021 8041 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! 

Ағам арақ ішеді және соңына түсіп кеткен. Ешқандай сөз өтпейді, санасына жетпейді. Жақында жеңгем бір құрбысының күйеуі арақты ішуін қойғанын, оған себеп емшінің Құранмен оқытып бір түймедей бірдеңені оның шайына қосып бергені екен. Емші адамның суретіне қарап отырып оның немен ауыратынын, арақты қойып кете алу мүмкіндігінің бар-жоғын да айтатын көрінеді. Осындай кісілерге баруға бола ма? Оның емші екенін әлде, балшы-балгер екенін түсіне алмай отырмын.


Жауап

Уағалейкумассалам!

Жалпы Алла қандай да бір дерт берсе, міндетті түрде оның емін де береді. Біздің міндетіміз – сол емді тынбай іздеу. Арақ қойдыруға байланысты медицинада бірнеше әдіс қалыптасқан. Мәселен, арнайы дәрілер бар.

Сахаба Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Алла қандай да бір дерт берсе міндетті түрде оның емін де береді»[1] деген хадисін жеткізеді. Ал сіздің сөзіңізді саралай отырып, ол емшінің балшы-балгер екендігін айтуға болады. Сондықтан ондай адамға баруға шариғи тұрғыдан болмайды. Өйткені ол ғайып бір істі болжап отыр. Ал Қасиетті Құран аяттары мен хадистерде ғайып істер жайлы болжам жасаудың үлкен күнә екендігі ескертілген. «Алла Тағала былай дейді: «(Уа, Мұхаммед, Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Алладан өзге көктер мен жердегілердің ешбірі ғайыпты білмейді. Олар өздерінің қашан тірілетіндерін де сезбейді деп айт»[2].

Абдулла ибн Масғұдтан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім балгерге не бақсыға барып, оның айтқанын растаса, ол Мұхаммедке (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) түсірілгенге (Ислам дініне) күпірлік келтіреді»[3], – деп ескерткен.

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі
fatua.kz


[1] Хадисті имам Бұхари риуаят еткен.
[2] «Нәміл» сүресі, 65-аят.
[3] Хадисті имам Хәкім риуаят еткен.

Пікірлер Кіру