Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) литр суға ғұсыл алған ба?

07 маусым 2021 7799 0
Оқу режимі

Ассаламалейкум. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 3 литр суға ғұсыл алған деп естуші едім. Осы қаншалықты рас? Ғұсыл құйыну үшін қанша су қажет? Жандос


Жауап

Уағалейкумассалам. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  дәрет алғанда, ғұсыл құйынғанда қанша мөлшерде су жұмсағаны жайында мынадай бір хадис риуаят етілген.

كان صلى الله عليه وسلم يتوضأ بالمُدّويغتسل بالصاع إلى خمسة أمداد

Әнәс ибн Мәліктен жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәретті «Муд» мөлшерімен алушы еді, ғұсылды «сағ» мөлшерімен бес «муд» мөлшеріне дейін құйынушы еді» - делінген[1].

      Хадистегі «муд» және «сағ» сөздері Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында белгілі бір өлшемді білдіретін ыдыстарға қолданған. «Муд» ханафи ғалымдарың пікірінше екі ротл өлшеміне тең[2]. Қазіргі тілмен айтқанда «муд» 1 литр көлемінде болса, «сағ» төрт мудтан тұрады. Яғни, төрт литр шамасында. Демек Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 1 литр сумен дәрет алса, 4 литр сумен ғұсыл алған.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл тағылымы біздерге ғұсыл-дәрет алғанда  ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін ұқтырады. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сағд атты сахабасының суды мөлшерден тыс қолданып, дәрет алып жатқанын көріп: «Уа, Сағд! Бұл неткен ысырап?!» - деді. Сонда Сағд (р.а.):  «Уа, Алланың Елшісі дәретте де ысырап болама?» дегенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә, тіпті ағып жатқан өзеннен дәрет алсаң да ысрап қылма» – деді[3].

Бірінші хадистегі айтылған су көлемі дәрет пен ғұсыл суының мөлшерінің ең азын білдіреді. Бұдан аз болған жағдайда дәретпен ғұсылды сүннет бойынша толықтырып алуға жеткіліксіз болады. Аталған мөлшерден артықтау қолданса еш әбестігі жоқ. Бойдағы кірді кетіру үшін сабын қолданған жағдайда сабын кеткенше суды пайдалану - аталған мөлшерден асып кетседе ысырапқа жатпайды. Бірақ та тек ғұсыл құйыну мақсатында душтың астында көп тұрып, суды ысырап жасауға болмайды.


[1] Сахих Бухари, дәрет кітабы.

[2] Хашияту ибн Абидин, 1-том, 324-бет

[3] Ахмад, Ибн Мәжа

Пікірлер Кіру