Иманымды қалай күшейтсем болады?

19 қаңтар 2021 8278 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Иманды не нәрсе әлсіретеді және иманды күшейтудің жолдары не? Көкенова Толғанай  


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Имам Әбу Жағфар әт-Тахауи (р.а.) ақида еңбегінде: «Иман біреу. Сенім негізінде иман етушілер тең. Олардың арасындағы айырмашылық Алла Тағаладан қорқуда, тақуалықта, нәпсіге бойұсынбауда және бірінші кезектегі амалдарда берік тұруда[1]», – деп айтқан.

Демек, иманшарт тұрғысында пайғамбарлар мен жай пенделер, иман еткен адам баласы мен періштелер бір дәрежеде. Яғни, Алла Тағалаға және көркем сипаттарына сенуде олардың арасында біреу тұтастай, ал екіншісі жартылай сенеді деген түсінік жоқ.

Алайда, хадистерде: «Иман жетпіс бірнеше тармақ, оның ең биігі лә иләһа илла Аллаһ, ал төмені жолдағы кедергіні алып тастау[2]» және «Күшті мұсылман Алла Тағала құзырында әлсіз мұсылманнан жақсырақ[3]»,-деп айтылғандай мұсылман иманы күшті немесе әлсіз болуы ықтимал.

Бұл мұсылманның амалына байланысты. Ал, амал жағынан адам намаз оқу, ораза тұту сияқты бірінші кезектегі парызына берік болуы, сонымен қатар әрбір іс-әрекеті Құран мен сүннетке сай келуі керек. Ал, амалын шынайы ықыласпен орындауы жүрегіндегі иманды кемелдендіре түседі. Яғни, амалына тақуалығы жолдас болса иманы күшейе бермек. Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Арабтың араб еместен, ал ақ тәндінің қара тәндіден тақуалықтан басқа айырмашылығы жоқ[4]»,-деген.

Ал, тақуалық парыз амалдарға ерекше мұқияттылықты және күнә амалдардан аса сақ болуды білдіреді.

Сонымен қатар, Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен: «Мұсылмандардың кәміл имандысы – ең көркем мінездісі...»,-хадисінде айтылғандай мұсылманның иманын күшейтіп, оны кемелдендіретін амалдың бірегейі мінез-құлықты түзету.


[1]Шарх ақида әт-Тахауиа, 101-бет
[2] Әт-Таж әл-Жамиъ лил усул ли ахадис расул, 1-томы, 27-бет
[3] Муслим, 2664, Ибн Мажаһ 79/4168, Ахмад 2/366
[4]Ахмед, 5/411

Пікірлер Кіру