Асшаян (креветки), сушаянды (рак) жеуге бола ма?

02 желтоқсан 2020 9071 0
Оқу режимі

Асшаян (креветки), кальмар, сушаянды (рак), лопстер сияқты шаян тектес су жануарларын біздің мәзһабымызда жеуге бола ма? Шынар


Жауап

Сәлеметсіз бе Шынар! Ханафи мәзһабы бойынша су жануарларының ішінен тек «балық тектес теңіз өнімдерін» ғана жеуге рұқсат[1]. Сол себепті, біздің мәзһабта – кальмарсушаянлопстер т.б. балық түріне жатпайтын су жануарларын жеу халал емес.

Асшаянға келер болсақ (фр. crevette — креветка), 20-ғасырдың орта шенінде Пәкістан өңірінде өмір сүрген беделді Ханафи ғалымы Зафар Ахмәд әл-Усмәни әт-Тәһәнәуи р.а. (1892 – 1974 ж.) өзінің бірнеше томнан тұратын «Иълә әс-Сүннә» атты еңбегінде, су хайуандарын талқылай келе әңгімесін былай деп қорытындылайды: «...Бір сөзбен айтқанда: Тілдік мағынада (لغة) немесе жергілікті халық түсінігінде (عرفا) балық тектес саналатындардың бәрін жеу – халал екендігі даусыз.  Мысалы: сцинк, асшаян (креветка) және тағыда басқа сол сияқтылар...»[2]

Ғалымның мысал ретінде беріп отырған сцинк, ол – кесіртке тектес, құмда өмір кешетін, денесінде қабыршықтары бар жәндік. Құмда балық сияқты жүзетініне қарап оны «құм балығы» деп атап кеткен. Араб тілінде оны «сәмәкәту ар-Римәл - Құм балығы» деп атайды немесе «сақанқур» дейді[3].  

Екінші берген мысалы - асшаян (креветки).  Араб тілінде «Жәмбәри (جَمْبَرِىٌّ) немесе «Рубиян (روبيان)» яки «Ирбиян»деген атауларға ие. Ертеректе өмір сүрген тіл мамандарының бір шамасы аталмыш су жануарына «балық тектес» деп анықтама берген. Сондықтан да болар ғалым жоғарыдағы сөзінде асшаянды жеуге болады деп отыр.  

Ал, бізде оны шаян тәріздестер отряды деп есептейді. Сол себепті «Асшаянды жеу – Ханафи мәзһабы бойынша халал» деп кесіп айту қиын. Өйткені, басында да айтып өткеніміздей, Ханафи мәзһабында су жануарларының ішінен тек балық тектес теңіз өнімдері ғана жеуге жарамды.

Десе де, тәбеті тартқан адамдарға балықтан өзге де суда өмір сүретін жануарлардың етін жеуге болады дейтін өзге мәзһаб ғалымдары жоқ емес[4]. Сондықтан адал ет табыла бермейтін діні бөлек елдерде өмір сүріп жатқан мұсылмандар үшін асшаян тәрізді су хайуандарын халал көру - оларға көрсетілген дініміздің  жеңілдігі болмақ. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!

Абдусамат Қасым

 

 


[1] Маусули, Ихтияр – 4/247 бет.
[2] Иълә әс-Сүннә – 17 том/188 бет. «Хурмату әс-Сәмәки ат-Тафи».
[3] https://ru.wikipedia.org/wiki Обыкновенный_сцинк.
[4] Әл Кәсәни, Бадаиғ – 6/175, 176 бет.

Пікірлер Кіру