ҚМДБ: 2025 ЖЫЛДЫҢ ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ БЕКІТІЛДІ (ФОТО)

23 қаңтар 2025 66 0
Оқу режимі

Астанада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен жылдың алғашқы Төралқа мәжілісі өтті.

Жиынға ҚМДБ Орталық аппарат қызметкерлері, облыс бас имамдары мен діни оқу орындарының басшылары қатысты.

«Өздеріңізге мәлім, мүфтият жыл сайын жұмыстарды жүйелеу үшін қоғам талабына сәйкес басымдық беретін бағыттарды айқындап келеді. «Дін мен дәстүр», «Ихсан және насихат», «Діни оқу-ағарту», «Жат діни ағымдардан сақтандыру» бағыттары қашан да діни қызмет пен қоғам үшін аса маңызды деп есептеймін. Биыл осы төрт бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беру қажет деген ұйғарымға келдік. Аталған бағыттар бойынша жыл бойы атқарылатын жұмыстарды сапалы, тиянақты және жоспарға сәйкес жүзеге асыру қажет» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Төралқа мәжілісінде 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы «Айтулы іс-шаралар» жоспары бойынша атқарылатын жұмыстар және мүфтияттың 35 жылдық мерейтойы аясында жүзеге асатын жобалар легімен таныстырса, төрт бағытқа жауапты бөлім меңгерушілері жыл бойы атқарылатын ауқымды іс-шаралардың жоспарын баяндап берді. Одан бөлек, Цифрлық даму бөлімі мен «Уақып» қорының жұмыс жоспары тыңдалып, Мешіт істері бөлімі жаңадан ашылатын мешіттерге берілетін атауларды Төралқаға ұсынды.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәжіліс соңында 2024 жылы жемісті жұмыс атқарғаны үшін облыс бас имамдары мен Діни басқармаға қарасты оқу орындарының басшыларын алғыс хатпен марапаттады.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру