МҮФТИЯТ АТЫНАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАЖЫЛАРДЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ АРНАЙЫ ДАСТАРҚАН ЖАЙЫЛДЫ

24 мамыр 2026 115 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен қасиетті Мекке қаласында қазақстандық қажылардың құрметіне арнайы дастархан жайылып, салтанатты қабылдау рәсімі өтті.

Тағылымды жиын қасиетті Құран Кәрім аяттарының оқылуымен басталып, жамағаттың бірлігі мен ынтымағын айшықтаған рухани басқосуға ұласты.

Іс-шараға Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы Кенжетай Байкемелұлы, Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадияр Меңлібеков, Қазақстанның Жидда қаласындағы Бас консулы Руслан Қоспанов, қазақстандық қажыларға қызмет көрсететін «Mashariq» компаниясының басқарма төрағасы Мұхаммед Андергири, Қажылық миссиясының мүшелері, елімізден келген 14 қажылық компаниясының жетекшілері, уағыз-насихат қызметіне жауапты имамдар, дәрігерлер және отандас қажылар қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Қажылық миссиясының төрағасы Кенжетай Байкемелұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жүрекжарды сәлемі мен ақ батасын жеткізді. Сонымен қатар қажылықтың адам руханиятын кемелдендірудегі орнына тоқталып, қасиетті сапардың тәрбиелік және тағылымдық мәні туралы кеңінен насихат айтты.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадияр Меңлібеков сөз сөйлеп, отандастарымызға сәтті қажылық тілеп, қос мемлекет арасындағы достық пен ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Елші қажылардың амандығы мен сапарларының қабыл болуына тілектестік білдірді.

Рухани кеш барысында қазақстандық қажылардың қауіпсіздігі мен жайлы құлшылық жасауы үшін атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылып, Қазақстан қажылық миссиясының қызметі мен қажыларға көрсетіліп жатқан қолдау шаралары жөнінде ақпарат берілді.

Іс-шара соңында қонақтар Сауд Арабиясы Корольдігі Қажылық және ұмра министрлігінің ұйымдастыруымен әзірленген арнайы көрмені тамашалады. Көрмеде қажылықтың бай тарихы, қасиетті Мекке шаһарының өткені мен бүгіні, сондай-ақ адамзаттың ардақты тұлғасы – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмір жолы заманауи технологиялар арқылы көрермен назарына ұсынылды.

Тағылымды басқосу қажылардың рухани жігерін арттырып, қасиетті сапардың мәнін терең сезінуге мүмкіндік берген ерекше рухани кеш ретінде есте қалды.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру