МҮФТИЯТ АЛМАТЫДА АУЫЗАШАР БЕРДІ

10 наурыз 2026 74 0
Оқу режимі

Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Рамазан – ізгілік айы» рухани ауызашар шарасы өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мүфтият жанындағы Ақсақалдар, Сарапшылар мен Жастар кеңесінің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері, сондай-ақ қарттар үйіндегі қариялар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты.

Жиын барысында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жиналған қауымды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, мүбәрак айдың рухани маңызына тоқталды.

«Рамазан – жүректі тәрбиелейтін, адамды сабыр мен мейірімге үндейтін ай. Бұл айда мұсылман баласы тек ауыз бекітіп қана қоймай, жүрегін тазартуға, жақсылық жасауға, мұқтаж жандарға қол ұшын беруге ұмтылады. Осындай рухани басқосулар халқымыздың бірлігі мен бауырмалдығын нығайта түседі.  

Қасиетті Рамазан айының ең қадірлі кезеңі – оның соңғы он күні. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы күндері құлшылығын ерекше арттырып, Қадір түнін соңғы он түннің тақ түндерінен іздеуді өсиет еткен.

Қасиетті Құранда: «Қадір түні – мың айдан да қайырлы» деп айтылған. Яғни бұл түнде жасалған бір ізгі амалдың сауабы мың ай бойы жасалған құлшылықтан да артық болады.

Бүгін біз де сол берекелі кезеңге аяқ басып келеміз.Сондықтан Рамазанның соңғы он күнін мүмкіндігінше құлшылықпен өткізіп, дұға-тілекті көбейтіп, жүректерімізді жақсылыққа бұрайық. Өйткені Қадір түні – Алланың рақымы төгілетін, дұғалар қабыл болатын ерекше түн», – деді Бас мүфти.

Ауызашар кезінде жас әнші Жарасхан Төлебай «Мейірімді Алла» иләһи әнін орындап, «Әгугай» ансамблі дәстүрлі жарапазан жырын айтты.

Жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов, «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Ахмед Хусейн Мұхаммад Ибраһим, Қазақстанның халық жазушысы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин мырзалар құттықтау сөз сөйлеп, қасиетті Рамазан айының қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайтудағы маңызына тоқталды.

Кеш соңында ауызашар қонақтарына Рамазан сыйлығы табыс етілді, одан бөлек қарттар үйінен келген қариялар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнайы сый-сияпат жасалды.




























Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру