«ӘР-РАХМАН»: РАМАЗАННЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ ОРАЙ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласы өкілдігі «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айында «Әр-Рахман» мешітінде мұқтаж жандарға қайырымдылық іс-шарасы өтті.
Іс-шараға ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Астана қаласы бойынша өкілі Нұрбол Оразбай және «Әр-Рахман» мешітінің имамы Жандос Атембаев қатысты.
Елордалық аз қамтылған отбасыларға 1 айға жететін азық-түлік қоржындары үлестіріліп, дін қызметкерлері рухани демеу көрсетті. Көмек алушы тұрғындар да жақсы тілектерін айтып, жалғасын тауып келе жатқан сауапты іске алғысын білдірді.
Рамазан – қайырымдылық айы. Осы орайда айта кетсек, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қазіргі уақытта республика мешіттерінде «Рамазан қоржыны» қайырымдылық марафоны жүзеге асып жатыр.
ҚМДБ төрағасы өз сөзінде: «Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан халқымыз Рамазан айын ерекше дайындықпен қарсы алған. Ағайынның басын қосып, ауызашар беру, жарапазан айтып, үлкеннің батасын алу, қиналған жандарға қол ұшын беріп, алғысына бөлену – халқымыздың сан жылдардан бері орындап келе жатқан игі амалдарының бірі. Бұл дәстүр мешіттерімізде де жоғары деңгейде жалғасып келеді.
Рамазан айында қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмектесу – үлкен сауапты іс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады...» – деген болатын.
Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі