«ӘЛЖАН АНА»: КӨШЕ ТАЗАЛЫҚШЫЛАРЫНА АУЫЗАШАР ҚОРАБЫ ТАРАТЫЛДЫ (ФОТО)

Рамазан айының құрметіне орай елордадағы «Әлжан ана» мешіті игі іс-шара ұйымдастырып, қала көшелерін тазалап жүрген қызметкерлерге ауызашар қораптарын таратты.
Мешіт қызметкерлері ауызашар қоржынын ұсыну арқылы тазалықшылардың еңбегін бағалап, қасиетті айда ораза ұстаған жандарға қолдау көрсетуді мақсат етті. Себебі көшелердің таза әрі көрікті болуы үшін күн-түн демей қызмет ететін азаматтардың еңбегі зор.
Айта кетсек, Рамазан – тек ораза ұстайтын ғана емес, жүрек тазарып, сауапты істер молая түсетін ай. Бұл айда мұқтаж жандарға қол ұшын беру, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, қайырымдылық жасау – әрбір мұсылманның асыл міндеттерінің бірі.
«Әлжан ана» мешіті жыл сайын осындай игі шараларды ұйымдастырып, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да қайырымдылық бағытындағы іс-шаралар жалғасатын болады.
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі