Зинақорлар зинақорларға ғана үйлене ме?

13 шілде 2019 11864 0
Оқу режимі

Құран Кәрімде: «Зинақор еркек тек зинақор немесе пұтперес әйелге үйленеді. Зинақор әйел де тек зинақор немесе пұтқа табынушы еркекке тұрмысқа шығады. Ол нәрсе Аллаға иман еткен кісілерге харам»,[1] – деген аят бар. Бұл аяттың мағынасы турасында ғалымдар әртүрлі пікірлер білдірген.

Кейбір ғалымдар зинақорларға үйленудің харам екенін айтқан.  Дәлел ретінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Дүре соғылған зинақор тек өзі секілді біреумен ғана үйлене алады»,[2] «Зина жасаған әйелмен тек қана зина жасаған ер кісі немесе мүшрік кісінің үйленуіне болады»[3] деген хадистерді алға тартқан.

Кей ғалымдар бұл мәселе тек қана белгілі бір жеке тұлғалар үшін арнайы айтылған, үкімі де соларға ғана тиесілі деген көзқарасты ұстанған. Олардың көзқарасы бойынша зина жасаған кісімен отау құру харам емес, мәкрүһ болып табылады. Көпшілік ғалымдардың көзқарасы бойынша бұл аяттың үкімі «Араларыңдағы бойдақтарды үйлендіріңдер»,[4] «Сендерге халал болып саналатын әйелдермен неке құрыңдар»[5] аяттарының үкімімен нәсх етілген, яғни үкімі жойылған.

Сабуни болса, аяттың түсу себебі туралы былай баяндайды: «Үмму Мәһзул есімді бір жеңіл жүрісті әйел болған. Соны сахабалардың бірі өз некесіне алғысы келеді. Оның осы әрекетіне тыйым салған әлгі аят түседі».

Ал, имам Матуриди осы аятты былай деп түсіндіреді: «Бұл жердегі тыйым, шын мәнісінде, «некелесуге емес», зинадан тыю мақсатында айтылған. Яғни, ол жерде: «Сендер зина жасамаңдар! Егер зина жасасаңдар, зинақор атанасыңдар. Ал, жеңіл жүрісімен танылған жігітке ибалы қыздың тұрмысқа шықпайтыны анық. Амал жоқ өзі сияқты зинақор қызбен үйленуге тура келеді. Ендеше, зинадан аулақ бол!» деген мағына жатыр. Немесе бұл аят зинақор кісілердің іштегі таңдауын да баяндап тұрған болуы мүмкін. Өйткені, зинақор тек өзі сияқты зинақорды немесе пұтқа табынушыны жақсы көреді, себебі, ол екеуі зинадан тыйылмайды».

Сондай-ақ, аятта зина жасаған деп айтылмаған, зинақор делінген. Яғни бұл аяттың мағынасы да зина жасаудан өздерін тыймағандарға арналған деуге де болады. Себебі, бұл сөздің есім сөз түрінде қолданылуы арқылы араб тілі ережелері бойынша сол істі тастамай, әлі де жалғастырып келе жатқандар меңзеледі. Міне, сол жолдан қайтпағандарға үйленуге тыйым салынған. Себебі, олар үйленген соң да сол жаман істерін жалғастырып, шаңырақтың шырқы бұзылуы мүмкін. Ал, сол амалды бұрын жасап, бірақ тәубеге келгендердің жағдайы басқа. Оларға үйленудің ешқандай сөкеттігі жоқ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Зинақор зина жасағанда иманды емес, ұрлықшы ұрлық істеп жатқанда иманды емес, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде иманды емес»[6].  Бірақ, Нәсәидің Сүнен кітабында осы хадистің жалғасы бар және онда былай деп айтылған: «Осы күнәларды істесе, мұсылман мойнынан Ислам дінінің жібін алып тастағандай болады. Егер күнәға қайтпайтындай болып шынайы тәубе жасаса ғана, Алла Тағала оны кешіреді». Демек, ондай ауыр күнә жасаған жағдайда шынайы тәубе жасалса, Алла Тағаланың оны кешіруі мүмкін. Себебі, Алла Тағала шынайы тәубе еткендерді жақсы көреді. Демек тәубеге келіп, қайтадан сол күнәға беттемейтін кісілерге үйленудің ешқандай әбестігі жоқ. 

Алау Әділбаев
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі

 


[1] «Нұр» сүресі, 3-аят.
[2] Әбу Дәуд, Сүнән.
[3] Мәжмауз-зәуаид.
[4] Нұр сүресі, 32-аят.
[5] «Ниса» сүресі, 3-аят.
[6] Бұхари, Сахих.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру