Жігіттіктің белгісі: түзде мырза, үйде құл

21 ақпан 2020 9704 0
Оқу режимі

«Ұлық болсаң кішік бол» деп қандай лауазымда болса да қара жұрттан бөлектенбеуге, менмендікке бой алдырмауға насихат еткен халқымыз әрдайым бетегеден биік жусаннан аласа орташа, қарапайым жолды қадірлеген, қоңырқай тіршілікті қош көрген. Ханы да, қарашасы да, байы да, кедейі де қарапайым, жұртшылықпен емен-жарқын араласқан. Мейманды күтіп, мұқтаждың қажетін өтеуге тырысқан.

Бажайлап қараған жан осы сипаттардың түп-төркіні Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетінде жатқандығын аңғарады. Мысалы, қазақта «Жігіттіктің белгісі түзде мырза, үйде құл» деген сөз бар. Оның мағынасы ер адам түзде мырза болып, сыйлы, сырбаз көрінгенмен, үйіне келгенде үй шаруасына араласып, жанұясына қолынан келген жәрдемін аямаған. Бұл – Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетінен алынған кісілік сипат.

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «سَيِّدُ الْقَوْمِ خَادِمُهُمْ». رَوَاهُ الْخَطِيبُ وَالسَّخَاوِيُّ.

Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Қауымның мырзасы – қызметшісі», – деген[1].

عَنِ الأَسْوَدَ قَالَ: سَأَلْتُ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا: مَا كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَصْنَعُ فِي بَيْتِهِ؟ قَالَتْ: «كَانَ يَكُونُ فِي مِهْنَةِ أَهْلِهِ تَعْنِي خِدْمَةِ أَهْلِهِ فَإِذَا حَضَرَتِ الصَّلاَةُ خَرَجَ إِلَى الصَّلاَةِ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ. 

Әл-Асуад деген кісі Айша анамыздан (р.а.): «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) үйінде не істеуші еді?» – деп сұрағанда, ол: «Үйінің қызметінде болатын, намаз уақыты  келгенде дәрет алып, намазға шығатын»[2], – деп жауап берген.

Адамзаттың асылы (с.ғ.с.) ешбір жанды алаламайтын. Мұқтаждың қажетін өтеуге дайын тұратын.

عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «إِنْ كَانَتْ الْأَمَةُ مِنْ أَهْلِ الْمَدِينَةِ لَتَأْخُذُ بِيَدِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَمَا يَنْزِعُ يَدَهُ مِنْ يَدِهَا حَتَّى تَذْهَبَ بِهِ حَيْثُ شَاءَتْ مِنْ الْمَدِينَةِ فِي حَاجَتِهَا». رَوَاهُ ابْنُ مَاجَه.

Пайғамбардың (с.ғ.с.) соншалықты қарапайымдылығы туралы Әнас ибн Мәлік (р.а.) былай дейді: «Тіпті, Мәдина жұртының бір кішкентай күңінің өзі талабын орындату үшін Алла Елшісін (с.ғ.с.) қолынан жетектеп қалаған жағына апара алатын»[3].

عن أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَمْ يَكُنْ شَخْصٌ أَحَبَّ إِلَيْهِمْ مِنْ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، وَكَانُوا إِذَا رَأَوْهُ لَمْ يَقُومُوا لِمَا يَعْلَمُونَ مِنْ كَرَاهِيَتِهِ لِذَلِكَ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ.

Әнес ибн Мәлік (р.а.) былай дейді: «Олар (сахабалар) үшін Алланың Елшісінен (с.ғ.с.) сүйікті адам болмаса да, олар оны (с.ғ.с.) көргенде орындарынан тұрмайтын. Өйткені оның (с.ғ.с.) ондай құрметті ұнатпайтындығын білетін»[4].

عَنْ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «لا تُطْرُونِي كَمَا أَطْرَتْ النَّصَارَى عِيْسَى بْنَ مَرْيَمَ فَإِنَّمَا أَنَا عَبْدُهُ فَقُولُوا عَبْدُ اللهِ وَرَسُولُهُ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَأَحْمَدُ.

Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Мені насаралардың (христиандардың) Мариямұлы Исаны ұлықтағанындай ұлықтамаңдар. Шынында, мен – Құдайдың құлымын. Сондықтан да «Алланың құлы әрі Елшісі» деңдер», – деген[5].

عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَرَّ عَلَى غِلْمَانٍ يَلْعَبُونَ فَسَلَّمَ عَلَيْهِمْ. رَوَاهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Әнас ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.) ойнап жатқан балалардың қасынан өтіп бара жатып оларға сәлем берген[6].

عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «لاَ يَدْخُلُ الْجَنَّةَ مَنْ كَانَ فِي قَلْبِهِ مِثْقَالُ ذَرَّةٍ مِنْ كِبْرٍ، قَالَ رَجُلٌ: إِنَّ الرَّجُلَ يُحِبُّ أَنْ يَكُونَ ثَوْبُهُ حَسَنًا، وَنَعْلُهُ حَسَنَةً، قَالَ: إِنَّ اللَّهَ جَمِيلٌ يُحِبُّ الْجَمَالَ، الْكِبْرُ بَطَرُ الْحَقِّ، وَغَمْطُ النَّاسِ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ، وَالتِّرْمِذِيُّ، وَأَبُو دَاوُدَ، وَابْنُ مَاجَه، وَأَحْمَدُ.

Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.): «Жүрегінде зәренің мысқалындай тәкаппарлық бар адам жәннатқа кірмейді», – дейді. Бір адам тұрып: «Кей кісі киімінің жақсы болғанын, аяқкиімінің жақсы болғанын қалайды ғой», – дейді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Шындығында, Алла көркем әрі көркемдікті жақсы көреді. Ал тәкаппарлық – ақиқатты мойындамау, адамдарды менсінбеу»[7], – деп жауап береді.

 


[1] Әл-Хатиб, ас-Сахауи риуаят еткен.
[2] Бұхари риуаят еткен.
[3] Ибн Мәжа риуаят еткен.
[4] Ахмет, Термизи риуаят еткен.
[5] Бұхари, Ахмет риуаят еткен.
[6] Мүслім, Әбу Дәуіт риуаят еткен.
[7] Мүслім, Термези, Әбу Дәуіт, Ибн Мәже, Ахмет риуаят еткен.
 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру