ЖАТ АҒЫМҒА ТӘН НЕГІЗГІ БЕЛГІЛЕР

20 қыркүйек 2023 2942 0
Оқу режимі

ХХІ ғасырда интернеттің дамуымен қатар, виртуалды әлемдегі теріс деструктивті ағымдардың да белсенділігі артып отыр. Бұрын көше кезіп өз сенімдерін таратқан олар бүгінде толықтай ғаламторға көшті десе болады. Дегенмен, белгілері өзгерген жоқ. Оларды тану үшін адамға дін ғұламасы болу керек емес. Жат ағымдардың негізгі белгілерін тани білсе, кез келген адам теріс идеологияны таратқан дінбұзарлардың қақпанынан аман қалмақ. Шынтуайтында, бүгінде жат ағымға кіру қиын емес: бұл процесс көбіне көшеде, үйіңіздің жанында немесе интернетте бейтаныс адаммен өмір туралы қарапайым әңгімеден басталады.

Мамандардың айтуынша, көбінесе адамдар діни ағымдарға өмірі қиындыққа толған кезде кіріп кетеді екен. Оны деструктивті діни ағым өкілдері жақсы меңгеріп алған. Әсіресе қыз балалардың WhatsApp-та, басқа да желілерде статусқа қойған суреттерінен, жазбаларынан оның қандай күйде жүргенін тап басып анықтай алады. Өмірде қиыншылық көріп жүрген адам болса, сектанттар оны әңгімеге тартып, қамқорлық көрсеткен болып, жақсы адам ретінде бауырына тарта бастайды. Бұл, әрине, кез келген адамға жақсы әсер қалдыратыны белгілі. Кез келген адамда жат ағымдарға қатысты белгілі бір күмән болғанымен, деструктивті ағым өкілдері өздерінің пысықталған және дайындалған сөздері және дәлелдерімен адамның бойындағы күмәннің бәрін көкке ұшырады. Осылай жаңадан қосылған адам сыни ойлаудан қалып, өзге шындықтарды қабылдамайтын күйге түседі.

Олар басқа дәлелдерді, сенімдерді, көзқарастарды қарауға немесе оқуға қорқады. Сондықтан олар кітапханаларға бармайды, теледидар көрмейді, газет оқымайды, әлеуметтік желілерде белсенді емес. Нәтижесінде, жаңадан келген адам тек өзіне айтылған мәліметті көреді, басқа айтылғанның бәрін теріске шығарады. Деструктивті діни ағым өкілдері әлемдегі басқа адамдардың бәріне теріс көзқараста болады. Тіпті отбасы мүшелерінің, достарының, басқа да жақындарының күнәларын тізбектеп, мазақ етеді, олардың адамдық қадір-қасиетін төмендетеді, екінші дәрежелі адамдарға жатқызады. Нәтижесінде олармен жақын қарым-қатынасты шектеу, тіпті үзуге дейін барады. Жат ағым мүшелерінен отаншылдық сезімді көру қиын; әнұран айтуға және мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге, әскерге баруға болмайды дейді; мемлекеттік билікті мойындамайды; ресми мерекелерге қатысуға тыйым салады, заңдарға бағынбауға шақырады. Олар тек өздерінің ғана ақиқат жолда екендіктеріне сенімді және солар ғана жұмаққа баратынын айтады. Басқа дәстүрлі діндерді дұрыс емес, ойдан шығарылған, «шайтанның өнімі» деп қаралайды. «Нұр Мүбарак» университетінің ұстазы, белгілі исламтанушы Жалғас Садуахасұлы деструктивті діни ағымдардың мынадай белгілерін айтады:

«Жат діни идеологиялардың барлығы да алғашқы кезде адамға жылы күліп, гуманистік, ізгілік, адамгершілік ойларды көп айтып, сырт көзге жақсы көрінуге тырысады. Бұл бар болғаны азаматтардың басын айналдырып, өз қатарларына тарту үшін пайдаланатын бүркенішті реңк екенін естен шығармаған жөн. Айласын асырып, көздеген адамын өз қатарына қосқан соң, оған «өзіміз» деп басқа идеология құя бастайды. Оны қасындағы ағайын-туысынан, ата-анасынан, жора-жолдастарынан айырып, керек болса өмірлік жарынан ажыратып, өздерімен пікірлерес топқа, жамағатқа қосады. Келешекте өздеріне басымен тәуелді ету мақсатында оны өз араларынан бірімен үйлендіреді. Міне, мұнан соң жат ағымның жетегінде кеткен азамат, тек сол ағымның идеологиясы үшін өмір сүріп, сол үшін күреседі. Оған жан-жағындағы өмір, қоғам қызық емес. Оны мемлекеттің мүддесі, ұлтаралық қатынас, конфессияаралық бірлік, жер байлығы, патриотизм, Отан алдындағы борыш, ата-ана алдындағы міндет, дәстүр деген сияқты көптеген маңызды дүниелер құндылығын жоғалтады. Мұнан соң ол сол жат діни ұйым немесе ағым үшін жұмыс жасайды.

Сөйтіп, тыныш әрі бейбіт өмір сүріп жатқан елдің ішіне ірітік салуға кіріседі. Діни ұйымға немесе бірлестікке, жамағатқа мүше болып кірген азаматтар үшін қоғам бұдан былай «біз» және «басқалар» болып шыға келеді. «Біз» дегені өзімен пікірлес ұйым мүшелері, ал «басқалар» дегені сіз бен біз, яғни олардың идеологиясын қолдамайтын қазақ елінің азаматтары. Сондықтан олар мемлекет идеологиясына, бірлік саясатына қарсы. Кешеге дейін қазақ елінің жерінде өсіп-өніп, білім алып, кәсіп қылып, асын ішіп, нанын жеп келген азамат бүгінде жат елдің, теріс ағымның күйін күйттеп шыға келеді». Осы айтылғандарды қорытындылай келе, деструктивті діни ағымдардың мынадай 10 белгісін түйіндеп атауға болады:

Өздерін ғана ақиқат жолдамыз дейді;

Зайырлы мемлекеттің заңдарын, билік органдарын, басқару құрылымын мойындамайды;

Адамдарды ақиқат жолдағылар және адасқандар деп бөліп, дінаралық дүрдараздық тудырады;

Мәзһабтарды жоққа шығарады;

Белгілі бір мемлекетке немесе халыққа тән салт-дәстүрлерді мойындамайды; Зайырлы мәдени іс-шараларға бармайды, мерекелерді тойламайды; Әйелдерге қолдан-қолға өтетін бұйым ретінде қарайды, олардың құқығын таптайды;

Азаматтық міндеттерден, мысалы, әскерге барудан, вакцинациядан, т.б. бас тартады;

Қоғамға тән емес кейіпте болады (киімі, сақал-мұрты, т.б.).

Имамдарға бағынбайды, олардың білімі жоқ деп санайды. Осындай негізгі белгілерін білген кез келген адам жат ағымның жетегіне еріп, олардың қолшоқпарына айналмайды деп үміттенеміз!

 

Нұрлан ГАЗИМОВ

 

Пікірлер Кіру