ЖАНҰЯ – ҚОС ЖҮРЕКТІҢ ОДАҒЫ

07 қыркүйек 2021 10238 0
Оқу режимі

Жанұя қоғамның ең маңызды құрылымы екені баршамызға белгілі. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік қаншалықты мықты болса, қоғамның діңгегі де соншалықты берік болары сөзсіз. Сондықтан да Ислам діні отбасылық өмірге көп көңіл бөледі. Жалпы, дінімізде неке – екі жүректің қасиетті одағы, сенімділіктің бастауы. Жанұяда ең әуелі сенім мен сезім, сүйіспеншілік пен сыйластық болса, жұбайлардың шырайы артып, қандай жағдайда болмасын өмірдің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөліскендіктен, тауқыметтің тәлкегі еш ауыр келмейді. Алла Тағала осы жайлы Құранда былай дейді: «Алла бір-біріңмен өмір сүрулерің үшін өздеріңнің араларыңнан сендерге жұбай жаратқан және араларыңа махаббат пен рахымдылық сыйлап қойған»[1].

Дана халқымыз «Жақсы болса, алғаның – есіктегі басыңды төрге сүйрейді, жаман болса алғаның – төрдегі басыңды есікке сүйрейді» деп, ер-азаматтың еңсесі биік болуының бір себебін жұбайының жақсы болуымен байланыстырады. Демек, жанұя бақытына кенелгісі келген азамат үшін алғашқы қадам – жақсы жар іздеу. Бұл жайлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)  «Ер кісі әйел затына төрт ерекшелігі үшін некеленеді. Дүние-мүлкі, тектілігі, сұлулығы және діндарлығы үшін үйленеді. Сен бұлардан діндар болғанын таңда, үйің берекеттенсін» деп өсиет қалдырған. Хакім Абай да  өзінің өлең шумақтарында:

Жасаулы деп, малды деп, байдан алма,
Кедей қызы арзан деп, құмарланба.
Ақылы бар, ары бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, – деген.

Қазіргі таңда жанұя құрғысы келген жастар, көбінесе, әйелдің сұлулығы мен дүниесіне қарайды. Бұлардың уақытша екенін аңғара бермейді. Егер ерлі-зайыптылар өмірлерін дүниеге, ойын-сауыққа негіздеп үйленсе, бір-біріне деген махаббаты қу дүниеге ауып, ақырында ажырасып тынуы әбден мүмкін. Сондықтанда  ер кісі өмірлік жан-жарын, дүниедегі сүйіктісі мен сырласын таңдауда, аяғын шалыс баспай табуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әрбірің шопандай жауапкерсіңдер. Баршаң да қарамағыңа жауаптысыңдар ... Ер адам – отбасына жауапты. Әйел – отбасы, ошақ қасына, ерінің меншігіне жауапты...[2]», – деп насихаттайды. Міне,енді сол ерлі-зайыптылардың осы өмірдегі бір-біріне деген міндеті мен жауапкершіліктеріне аздап тоқтала кетсек.

Отбасында жауапкершілік.

Қасиетті Құран Кәрімде «Ер кісілер – әйелдердің билеушісі[3]» деп баян етілгендей, Ислам діні жанұяның отағасы ретінде құқықты ер кісіге ұсынады. Алайда, бұл әйел затына төмен қарап, ер кісіні жоғары санау емес. Қайта Ислам діні әйел затының құқығын орны-орнымен тауып, бір жүйеге тізіп берген.

Тарихтан хабары бар әрбір жан білсе керек, Ислам діні келместен бұрын әйел заты қоғамда ешқандай маңызға ие болмаған. Сөзіміз дәлірек болуы үшін Исламнан алдыңғы тарихқа көз жүгіртсек. Имам Әл-Маудуди былай дейді: «Грек қоғамында әйел заты ешқандай әлеуметтік статусқа ие болмаған. Олардың түсінігінше әйел барлық қайғы-қасыреттің бастауы деп түсінген». Үндістер әйелдерді ну ормандағы аңдармен теңестіріліп, жесір қалған әйелді күйеуінің өлігімен қоса өртеген. Ал, Жапонияда мынадай қатаң қағида болған, күйеуге шыққан әйел заты төркінінен түбегейлі қол үзуге мәжбүр болған. XІX ғасырдағы Франциядағы христиан көсемдері: «Әйелдер – еркектерге қызмет етуге ғана жаратылған адам тектес жаратылыс»,  –  деп шешім қабылдаған.

Ал, Ислам дінінде әйел затының құқығы мен намысын қорғау үшін Алла Тағала Құран  сүрелернің біріне  «Ниса», яғни «Әйелдер» деген атау берген. Ал, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде еркектерден әйел затының кейбір жағдайда жоғары тұратынын көре аламыз. Бір сахаба Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Ей, Алланың Елшісі! Дүниеде жасайтын жақсылығымды әуелі кімнен бастайын?» – деп сұрағанда,  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қолыңнан келген жақсылықты анаңа және анаңа, тағы да анаңа жасап, содан кейін әкеңе жаса», –  деп бұйырған. Демек, Ислам ер кісі мен әйел кісінің абыройын бірдей қорғалуын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, Ислам діні жанұя жарасымын сақтап, зинадан тыйылуға шақырады. Осы себепті де, бөтен еркектің жат әйелге, жат әйелдің бөгде еркекке тіктеп қарауына, қылжақтап тиісуіне, абыройына нұқсан келтіруіне қатаң тыйым салған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: «Сендерге тыйым салған әйелге қол тигізгеннен көрі, төбелеріңді инемен тескілеткендерің әлдеқайда дұрысырақ болар еді», – деп ескерткен.

Жоғарыдағы тілге тиек еткен жайтқа қайта келер болсақ, Ислам діні ер кісіні, ең әуелі, отбасының намысын қорғау,  әйелінің, бала-шағасының напақасын тауып беру, үйге қажетті нәрселерді және сыртқы ауыр немесе жеңіл істердің барлығын қамтамасыз етуді міндеттейді. Өйткені, Құранда: «Ананың тиісті қорегі мен киімі баланың әкесіне жүктеледі[4]», – делінген.

Бірде Муғауия бин Хайда (р.а) есімді сахаба Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Расулалла! Әйелдердің біздің мойнымыздағы ақысы не?» – деп сұрағанда, оған Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ішіп жегенің сияқты оны да ішіп жегізесің, киінгенің сияқты оны да киіндіресің, сосын істегендеріңді еш міндетсінбейсің», – деген екен.

Ал, әйел заты – әуелі күйеуіне бағынуы, яғни итағат етуі тиіс. Содан кейін өз намысын, бала-шағасы, үйі мен мал-мүлкін қорғап отыруға міндеттеледі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Әйел бес уақыт намазын оқыса, рамазан айында оразасын тұтса, ар-намысын қорғап және күйеуіне бойұсынатын болса жәннәт есіктерінен қалағанына кіреді», – деген хадисінде әйелдерді жәннатқа жетелейтін амалдардың бірі – күйеулеріне бой ұсыну екені анық айтқан. Ал, мына бір хадисте: «Егер адамның басқа бір адамға сәжде етуін қаласам, әйелінің күйеуіне сәжде етуін қалар едім», – деген. Бұл сөздердің барлығы да жұбайының үйде басшысы екенін қабылдағысы келмейтін, өз күйеуін менсінбейтін, айтқан сөзін құлаққа елең қылмайтын, тәкәппар әйелдерге айтылған ескерту болса керек.

Ерлі-зайыптылардың  қарым-қатынаста жақсы мәміледе болуы.

Дінімізде ерлі-зайыптылардың бір-біріне жақсы мәміледе болуы уәжіп саналады. Ислам отбасындағы мәселелерді ер мен әйел бірге ойласып, ақылдасып шешім қабылдауға шақырады.

Ер кісі, ең алдымен, әйелін Алланың берген аманаты ретінде қабылдауы қажет. Зайыбын нақақтан-нақақ қанауына, балағаттауына және қол жұмсауына болмайды. Құран Кәрімде: «Олармен жақсы мәміледе болыңдар[5]», – деп үндейді. Ал, Пайғамбарымыздың хадисінде: «Әйелдердің ақыларын орындауда Алладан қорқыңдар! Сендер әйелдеріңді Алланың бір аманаты деп алдыңдар», – деп ескертеді.  Сонымен қоса, ер-азамат жанұясын және жарын діни тұрғыда тәрбиелеп, жақсы мінез құлыққа үгіттеп, олардың құлшылықты  орындап, орындамағандықтарын бақылап, кемшіліктерін түзетіп отыруы тиіс. Ақыретте отбасының ахуалына жауапты екенін білгені жөн.

Ал, әйел кісі жұбайының хабарынсыз  бөгде жерлерге  баруына болмайды. Барынша күйеуінің көңілінен шығуға тырысуы қажет. Сонымен қатар, әйел кісінің отағасы үйде болмаған кезде, бөгде кісіні үйге кіргізбеу, жұбайының тапқан табысын ысырап етпей орны-орнымен жұмсау, үй тіршілігін тиянақтап орындау және иман жүзді ұрпақ тәрбиелеу т.б. сол сияқты міндеттері бар.

Исламда  әйел заты сыртқа шыққанда, боянып,сыланып, үстіне бар жақсысын жапсырып онымен қоса иіс суын себініп шығуына қатаң тиым салады. Қайта бұл нәселерді жұбайының көңілінен шығуға және махаббат сезімін ояту үшін жасауы тиіс. Ал, қазіргі таңда бұл түсінік мүлдем теріс қалыптасып қалған. Сондықтан да  сүйікті зайыбы  сылулығын сыртқа көрсетіп, үйде олпы-солпы жүргендіктен, сүйікті жұбайының көзі бөгде қыз-келіншектерге түсуі әбден мүмкін. Осыдан келіп, отбасында түсініспеушіліктер туындайды.

Жанұяда екі жан-жардың психологиялық және жаратылыс ерекшеліктері

Алла Тағала ер кісі мен әйел затын өзіне тән ерекшеліктермен жаратқан. Қоғамда және отбасында өз орындары және ақылары мен жауапкершіліктері өзгеше. Тәпсіршілердің кейбірі Құрандағы «Зәуж», яғни «жұбай» сөзінің бір мағынасы аяқ киім дегенге келеді деп тәпсірлейді. Демек, ерлі-зайыптылар аяқ киім іспеттес. Оң аяққа сол аяқтың аяқ киімін, сол аяққа да оң аяқ киімді кию мүмкін болмайтыны сияқты, ер кісінің міндеті мен жауапкершілігін әйел кісі, әйел кісінің бала бағып тәрбиелеуі мен үйдегі тіршілігін ер кісінің орындай алмайтыны айдан анық.

Алла Тағала ер кісіге – күш - қуат, шыдамдылық, төзімділік және сабырлылық, қандай да бір істің ақырын тұжырымдау, әрбір істің алдын алу, жігерлік сонымен қоса ақыл-парасат т.б. сол сияқты ерекшелік қасиеттермен қамтыған.

Ал, әйел затына – сезімталдық, нәзіктік, мейірімділік және сыпайылық, ұялшақтық, ибалылық, бар жанын баласы үшін аянбайтын және нәсілдің қорғауы мен тәлім тәрбие міндеті т.б. көптеген ерекшелік қасиеттер берген. Психологтар жалпы алғанда ер кісі әйел затына қарағанда, қайғы-қасіретке төзімді, әрбір жағдайда  ақыл-парасаттылығымен шешім қабылдайтындығын айтса, әйел кісі болса, жаратылыс жағынан өте нәзік жаратылғандықтан көбіне  сезім арқылы шешім қабылдап, алданғыш және көп нәрсеге сенгіш келетіндігін айтады. Сонымен қоса, Исламда отбасында түсініспеушілік кеңінен етек алғанда, яғни шаңырақ шайқалар шақта, соңғы шешім – ажырасуды, яғни «талақ» айту құқы ер кісіге берілген.  Ислам отбасын байлық немесе тек төсек ләззатына яки сыртқы әдемілікке  емес, ең әуелі сенім мен сүіспеншілік  және түсініспеншілік  негізінде құруды қалайды.

 


[1] «Рум» сүресі, 25-аят
[2] Бухари, Жум’а, 11; Муслим, Имарә, 20.
[3] «Ниса» сүресі, 34-аят
[4] «Бақара» сүресі, 233-аят
[5] «Ниса» сүресі, 19-аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру