ЫҚЫЛАС – ЖҮРЕКТІҢ ШЫНАЙЫЛЫҒЫ ҺӘМ НИЕТТІҢ ТАЗАЛЫҒЫ

23 қазан 2023 2292 0
Оқу режимі

«Ықылас» ұғымы араб тілінен сөзбе-сөз аударғанда тазалық, таза ұстау дегенді білдіреді. Терминдік мағынасына келсек, адам баласының екіжүзділік, рияшылдық және күпірлік сияқты түрлі жағымсыз қасиеттерден алшақ болып, Алла Тағалаға шынайы құлшылық етуге деген ұмтылысы. Амалдарымыздың қабыл болуы не қабыл болмауы осы шынайылықпен тікелей байланысты.

Құранның көптеген аяттарында ықылас жайлы былай деп келеді:

«Әйтпесе оларға да хақ дінді шын көңілден толық қабылдап, «таухид» сенімімен бір Аллаға риясыз құлшылық ету, намазды кемеліне келтіріп, ақсатпай уақытылы оқу және зекеттерін толық өтеу бұйырылған еді. Нағыз тура, мінсіз дін, міне, осы!» («әл-Бәйина» сүресі, 5 аят).

Сондай-ақ оларға: «Менің намазым да, өзге құлшылықтарым да, тіршілігім де, өлімім де әлемдердің (күллі жаратылыстың) Раббысы бір Аллаға арналады», – деп айт («әл-Ән'ам» сүресі, 162 аят).

(Уа, Мұхаммед!) «Біз саған осынау Кітапты ақиқаттың нақ өзі етіп, лайықты түрде түсірудеміз. Ендеше, осынау хақ дінді шын жүректен толық қабылдап, бар ықыласыңмен бір Аллаға ғана құлшылық ет! Естеріңде болсын (күпірліктен, екіжүзділіктен һәм дүниелік мақсаттан ада болған, тек иман, құлшылық әрі бойсұнудан тұратын) шынайы, кіршіксіз дін бір Аллаға ғана лайық. ...» («әз-Зумәр» сүресі, 2-3 аяттар).

Осы және өзге де аяттарда Аллаға шынайы ықыласпен құлшылық етудің маңыздылығы айтылады. Жаратушы Иеміз бір құдси хадисте: «Өзі істеген амалына Менен басқаны ортақ қылған адамды да, оның серік қосқан нәрсесін де Мен қабылдамай кері қайтарамын» деп ескертеді.

Демек, Алладан басқа біреуге жақын болу ниетімен немесе адамдар тарапынан мақтау алу үшін жасалған ғибадаттың кез-келген түрі ақыретте пайдасыз болары сөзсіз.

Егер пенденің ғибадаты осы өмірдің игіліктеріне бағытталса, онда Алла Тағала мұндай күш-жігердің мәңгілік өмірде пайдасыздығын көрсетеді:

«Кімде-кім (істеген игі істері арқылы) осы дүние мен оның сән-салтанатын ғана қаласа, оларға дүниеде істеген игі істерінің қарымын толық қайтарамыз. Бұл дүниеде олардың еншісі кемітілмейді. Алайда ақиретте оларға тозақ отынан басқа еш нәрсе бұйырмайды. Олардың жалған дүниеде істеген бүкіл істері, тіпті жақсылықтарына дейін дүниеде қалып, ақирет тұрғысынан зая кетті, істеген барлық ісі түкке тұрғысыз болып қалды» («Һуд» сүресі, 15-16 аяттар).

Бұл жерде адамдар өздерінің салихалы істері арқылы дүниелік пайдаға қол жеткізгісі келетін жағдайлар (мысалы, ақша, билік, әлеуметтік мәртебе) туралы сөз болып тұр.

Асыл дініміз бойынша Алла Тағаладан басқа біреуге жасалған ғибадат имансыздықпен қатар ең ауыр күнә болып табылатын көпқұдайшылдықпен (ширк) тең. Алайда, дүниелік игіліктер үшін іс-әрекеттерді көрсетудің немесе орындаудың пайдасыздығы мен күнәһарлығының дәрежесі, көбінесе мұндай амалдарды жасау кезіндегі ниетпен тікелей байланысты.

Кейбір жағдайларда бұл пенденің иманының әлсіздігін көрсететін айқын нәрсе:

«Адамдар арасында Аллаға тек қара басының пайдасы үшін сүлесоқ құлшылық ететіндер бар. Мұндай адам мақсатына жетіп, жақсылыққа кенелсе, жаны жай тауып, мәз болады. Ал қандай да бір сынаққа, қиындыққа тап болса, бірден сырт айналып, жалтара қалады. Сөйтіп, дүниеде де, ақиретте де бар жақсы жақсылықтан қағылып, оңбай зиян шегеді. Міне, оңбай зиян шегу деген – осы» («әл-Хаж» сүресі, 11 аят).

Кейбір жағдайларда таза дүниелік мақсаттардың қатар жүруі сенушінің шынайылығының күйіне әсер етуіне және сәйкесінше ол үшін илаһи сауаптың төмендеуіне себеп болады.

Басқа адамдардың жасаған амалдарының ықылас дәрежесін анықтауға бағытталған кез-келген әрекеттер мүлдем мағынасыз және дұшпандықтан басқа ешнәрсеге әкелмейді. Демек, өзгелерді аңдымай, керісінше, өзімізге сақ болғанымыз абзал.

Осы орайда Раббымыздың келесі сөздері бізге ескерту болып табылады:

«... Алла кімнің Өзіне лайықты түрде тағзым ететінін әрі қарсы келуден именетінін өте жақсы біледі» («ән-Нәжм» сүресі, 32 аят).

Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыздың:

«Біреудің мінін көргенше,

Жамандығын тергенше,

Өз ойыңды мазалап,

Өз бойыңды тазалап,

Өзіңмен алыс өлгенше!», деген өлең жолдары да осымен байланысты болса керек.

Алла баршамызды ықыласты құлдарыңның қатарынан етіп, кез-келген амалымызды шынайы ықыласпен орындап, тағат-ғибадаттарымыздың, дұға-тілектеріміздің қабыл болуын нәсіп етсін. Әмин!

 

 

Пікірлер Кіру