ҮЙДЕ ДҰРЫС ТӘРБИЕ АЛҒАН БАЛА ЖАТ АҒЫМ ЖЕТЕГІНДЕ КЕТПЕЙДІ!

24 маусым 2024 1248 0
Оқу режимі

Дінге қатысты түйткілдер еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Жат ағымның жетегінде кеткен жастардың адасуы қалыпты құбылысқа айналғандай.

Діни экстремизм мен терроризм мәселесі осыдан келіп туындайды. Бұл проблемалар өз кезегінде мемлекет пен қоғам алдына нақты шешімін табуды қажет ететін бірқатар шұғыл міндеттерді қойып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев радикализм мен экстремизимнің еліміз үшін қаншалықты қауіпті құбылысқа айналуы мүмкін екенін және оның өршіп кетуіне жол бермеу керектігін үнемі назарда ұстап отыр. Өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарымызды, тілімізді, дәстүрлі дінімізді құрметтеуге баулу үшін бүгінде елімізде көптеген іс-шаралар атқарылуда. Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда да салт-дәстүрден ажырамауға шақырып, бабаларымыздың мың жылдық діни білімі мен рухани нұсқауына сүйенуіміз керек деп жан-жақты айтып өтті.

Теолог Қанатәлі Такиров, теріс ағымдар ислам дініне үлкен залалын тигізіп жатыр. Өйткені зорлық-зомбылықтан тұратын діни экстремизмнің мұсылмандық санамен ешқандай байланысы жоқ деп санайды.

«Қазақтың ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі исламы мен жат ағымдар - бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар. Себебі радикалды ағымдар халықтық салт-сана мен әдет-ғұрыпты мойындамайды. Олар үшін салт-дәстүрдің барлығы - «ширк», яғни құдайға серік қосу. Зайырлы қоғамдағы өзгерістерді «бидғат» деп атап, дін жолына жаңалық енгізуді дұрыс емес деп санайды. Бұның қоғамның, дамуына, мемлекеттің тұтастығына тигізер зардаптары орасан зор. Жат ағым өкілдері құран кәрімде былай деген деп дәлел келтіріп тұрып сөйлейді. Бірақ олардың айтқандарының құранға қатысы шамалы. Тар түйсікпен құран аяттарын өздерінше тәпсірлейтіндер көп», - дейді маман.

Дінтанушылардың пайымдауынша, проблеманың көбі құран аяттарын дұрыс түсінбегендіктен туындайды. Олардың адасу себептері де осында жатыр.

«Діни білімдері таяз болғандықтан көп азаматтарымыз адасты. Бізге қалай жат ағымдар енді, солайынша қаншама жастарымыз Сирияға, Палестинаға кетті. Мысалы Сириядан қайта оралған адамдар бар, олардың кейбірі қазір түрмеде жатыр. Білімі жоқ. Олардың оқыған кітаптары 3 негіз, 4 негіз, 6 негіз «китаби Тауқид» деген жинақтар. Осы кітаптарды оқу арқылы адамдар адаса бастайды. Проблеманың басым көпшілігі осы жерде.

Дінтанушылардың пікірінше, жат ағым өкілдері айтатын уағыздар қасиетті кітап - құран кәрімнің үкім­дерімен сәйкес келмейді, өйткені көптеген жерлерін өздеріне ыңғайлап бұрмалап алған.

«Деструктивті жат ағымның мақсаттары біріншіден олар мазхабты ұстанбайды, Қазақстандағы Әбу Ханифа мазхабын жоққа шығарады.  Бір аятта талас-тартыс басталған. Міне, осы жерде дұрыс түсіну жолдарын Алла тағала ғалымдарға байлап қойған. Оны біз ғалымдар қалай түсінді, біз соны тура солай түсінеміз. Пайғамбар түсінгенді ғалымдар түсінеді. Ал деструктивті ағым өкілдері аяттарға тікелей үзілді-кесілді жол жабады да, астарлы аяттардың тікелей мағынасын алады. Тікелей мағынасын алу арқылы олар адасып кетеді», - дейді теолог.

Дінтанушы ғалымдарымыздың пайымдауынша қазақ халқы өз әдет-ғұрпын, салт-санасын «сүннетті ұстану» ниетімен қалыптастырған. Бұған дәлел ретінде көптеген наным-сенімдеріміздің хадистермен, сүннетермен астасып, үндесіп жатуын айтуға болады.

«Кез-келген адамда Отанға байлап қоятын идеологемалар болады. Олар оның ана тілі болуы мүмкін, патриоттық сезімі, дәстүрге, өнер, ата-анасына деген құрметі сияқты махаббаты болады. Міне, жат ағымдар осының баршасын жою арқылы әрекет етеді. Дәстүр, ислам діні өте ұштасқан нәрсе. Біздің ата-бабаларымыз дінді өз менталитетіне сақтады. Мақал-мәтел ретінде ұрпақтан ұрпаққа жеткізді. Мысалы оң аяқпен кір, оң қолмен тамақ же. Тамақ жерде бісіміллә де. Біреудің ала жібін аттама, өтірік, өсек айтпа деген сөздердің бәрі тұнып тұрған шариғат. Дәстүр арқылы дініміз берілген. Ал енді келіп осы идеологияны, дәстүрді құртуға кірісті. Дәстүрді құртса болды, адам кім көрінгеннің ықпалына тез ілеседі. Адасқан адам ата-баба жолын ұстанбайтын болды, «әке-шешем намаз оқымайды» деп өз ата-анасынан оқшауланады. Олардың кітаптарында айтылады, кім кәпірдің кәпір екеніне күмән келтірсе онда оның өзі кәпір болады дейді. Мысалы кәпір мемлекет болса оны қорғап шықса өзі де кәпір болады. Бүкіл идеологемасы жойылды, мемлекетке, ата-анаға деген сезім ажырайды. Міне, деструктивті жат ағымның басты мақсаты осы, яғни адамның құндылықтарын жоғалту арқылы өз мақсатына қолдану.

Адам жанына терең үңілетін психологтардың пкірінше, жат идеяға шырмалған адамның психикасы бұзылады. Санасы уланып, ақ пен қараны ажыратуға құлқы болмайды. Мұндай кісілердің көзқарастары мен ұстанымдары зайырлы қоғамда еркін өмір сүруге кедергі келтіреді. Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының сарапшы-психологы Лола Шәкимованың айтуынша, деструктивті ұйымдардың уағызын тыңдайтын адамдардың ішкі жан дүниесімен қатар, сыртқы келбеті де өзгере бастайды.

«Соқыр сенімге тәуелді болып, оқшауланады, мінез-құлық өзгереді. Үй ішінде баласы әкесіне немесе күйеуі әйеліне қарсы шығып кикілжіңдер де туындауы мүмкін. Өйткені радикалды ағымдар бірінші кезекте рухани еркіндікке тұсау салады. Мұндай алдау-арбау алдында көп адам ойлана бермейді. Кейде діни сектаға атақты немесе ақшасы бар ауқаттылар кіріп жатады. Ал біреулер материалдық жағдайдың жоқтығынан шарасыздықтан барады. Көбінесе, әке-шеше махаббатына сусап, жақындарынан жылылық іздегендерге жанашыр табыла кетеді. Өйткені дін таратушылар бәріне түсіністікпен қарап, асқан қамқорлық танытады».

Зерттеушілердің пікірлерінше, діни фанатизм – пси­хикалық ауытқудың бір түрі. Сол себепті еліміздің ірі қалаларында діни секталардан зардап шеккендерді оңалту орталықтары ашылған. Бүгінгі күнге дейін республика бойынша 1200 ден астам адам оңалту орталықтарының көмегіне жүгінген.

«Әр адаммен жеке жұмыс жасау керек. Оңалту кезінде психолог, социолог, теолог сынды мамандар жеке-жеке сөйлесіп, түсіндіреді, түрлі психологиялық тех­никалар мен әдістер қарас­тырылған.Оңалту процесі оңай емес, уақыт керек. Сананың селт ету мерзімі бірнеше айдан бір жылға дейін созылуы ықтимал. Әсіресе адасқан адамнан отбасы мен жақындары бас тартпауы тиіс. Тура жолға түсуі үшін қолдау көрсеткені абзал. Діни секталар дүбәра қылған адамдардың сана-сезімін жөнге келтіруге болады. Оңалту процесінен өткен соң өз қателіктерін біліп, тәубесіне келіп жататындары да аз емес», - дейді Лола Шәкимова.

Өкінішке қарай, қанша үгіт-насихат жүргізілсе де теріс ағым тигізген зардаптардың ауыр болатынын көп азаматтар кеш түсініп жатады. Дінді көзсіз еліктеушілікпен емес, біліммен пайымдау қажеттігін көп адамдар ескере бермейді.

«Діннен еш хабары жоқ, қарапайым азаматтардың деструктивті ағымға еруіне әсер ететін факторлардың бірі – интернет. Тіпті кей жайттарда егде жастағылар ғаламтордан өзіне «жөн сілтейтін жанашыр адамды» тауып жатады. Сондай ақ «нағыз мұсылманмын» деп жабық киініп жүрген адамдардың бәрі періште емес екендігін де ескерген абзал. Осындай қателіктерге ұрынбау үшін ата-аналар ең алдымен өз перзенттеріне рухани тәрбие беруі тиіс. Баламен күнде кемінде 1 сағат әңгіме-дүкен құрған жөн. Үйінде дұрыс тәлім-тәрбие алған ұл-қыздарымыз ешқашанда біреудің жетегінде кетпейді – деп ой түйіндейді психолог маман.

Шындығына келсек, жат ағымдардан жақындарымызды, отбасымызды сақтаудың жолдары өте қарапайым. Ұлттық мәдениет, дәстүрлі дініміздің  қағидаларын  жас ұрпаққа сіңіре білу керек. Жақындарыңызбен үнемі етене араласып, олардың өмірінде болып жатқан жайттарды біліп жүріңіз. Сонда  ғана жат пиғылдағылар әке мен бала, ата мен немере, анасы мен қызы, ағайында бауырлар арасындағы қарым-қатынастарға сызат түспейді. Осылайша отбасы оңалса, мемлекет те мығым болады.

 

 

Дереккөз: абай.кз

Пікірлер Кіру