Ұстазға құрмет - шәкіртке міндет

05 қазан 2019 13784 0
Оқу режимі

Әр адам есі кіре бастағаннан дүниені танып-білуге, үйренуге талпы-нады. Бір қызығы, бұл дүниеден хабарсыз жаңа туған сәбиден есейе келе, әлемді аузына қаратқан дана да, ойшыл да шығады. Осынау ақыл толыстырып, білімін шыңдау сапарын-да ол бір адамға ерекше қарыздар екенін сезінеді. Ол - ұстаз.

Ислам дінінде ілім үйретуші ұстаздың орны жоғары бағаланған. Ілім үйрету - ең сауапты әрі қадірлі іс болып есептелген. Қасиетті Құранда: «Айтшы, білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят), - делініп, көзі ашық, білімді адамның тұғыры қашанда биік тұратындығы айтылса, хадистерде де ілім үйретушіні әрдайым сыйлап, құрметтеу керектігі ескертілген.

Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде: «Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар» (Хайсами, М. Зәуәид, Илм, 1/129, 30);

«Надандардың арасындағы ғалым - өлілердің арасындағы тірі секілді» (Кәшфул-хафа, әл-Ажлуни);

«Садақаның ең жақсысы - ілім үйреніп, оны басқаларға үйрету» (Тирмизи, Илм, 7);

«Адам қайтыс болғанда, амал дәптері жабылады. Мына үш кісінің ғана сауабы жалғаса береді: артынан дұға жолдайтын игі ұрпақ қалдырған, ел игілігіне жарайтын дүние салдырған, артына ілім қалдырған адам» (Сүнән, Ибн Мажә), - деп, ілім үйретушінің сауабы екі дүниеде де тоқтаусыз екендігін білдіріп, ғалымдарды сыйлауға, ұстаздарға құрметпен қарауға шақырған.

Анығында «ұстаз» деген кім? Ұстаз - шәкіртін өмірге баулушы, оған өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін егуші, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, өзінің тәжірибесімен бөлісетін жанашыры әрі ақылшысы. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қоғамды ертең алға сүйрейтін озық ойлы адам тәрбиелеуші, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы.

«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» (Абай) демекші, тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым сондай бір ізетпен еске алған. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын - Аристотельді, Абылай хан - Төле биді, Шәкәрім - Абайды, Бердақ - Күнқожаны, Жамбыл - Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған.

Расында, ұстазға құрмет - шәкіртке сын. Ежелгі Үндістанның әдептілік кодексі - «Ману баптарында»: «Шәкірт өзінің ұста-зына төсекте жатып, тамақ ішіп отырып немесе одан алыста тұрып яки жүзін басқа жаққа бұрып жауап бермеуі, әңгімелеспеуі тиіс. Егер ұстаз түрегеліп тұрса, ол да тік тұрып, иба білдіруге тиіс», - деуі ой саларлық (Әдептану. Ұ.Асылов, Ж. Нұсқабайұлы. Мектеп баспасы, 2003. Б.82.).

Ертеректе мұсылман әлемінде ғалым-дарға, ұстазға деген сый-құрмет жоғары болған. Ұзақ жыл білім жинаудың, білгенін басқаларға үйретудің, кітап жазу секілді оқу-ағарту ісімен айналысудың беделі биік тұрған. Өйткені ұстаздар бұл іске сауап тұрғысынан көбірек мән беріп, қоғам тәрбиесіне өздерінің жауапты екенін терең сезінген. Пәнді үйретумен ғана шектелмей, шәкірттеріне өмірлік дұрыс ақыл-кеңес беріп, адамгершілік пен имандылыққа қатар баулыған, жүріс-тұрыс, мінезімен жақсы үлгі-өнеге көрсеткен. Қажет кезінде шәкіртінің дәрістен тыс жағдайларына да алаңдаушылық таныту арқылы шын жанашырлық танытқан. Оқу, білім, ғылым, мәдениет, адамгершілік, әдеп, тәрбие - бәрін ұстаздан үйренген шәкірт ұстазды өз ата-анасынан кем қадірлемеген. Ұстазының алғысын алмаса, алған ілімінің берекесін көре алмайтындығына сенген. Тіпті ұстазды қатты құрметтегені сонша - есігін қағудың өзін әдепсіздікке балап, сыртта тұрып, шыққанын күткен. Шәкірт ұстазына ғана емес, оның жақындарына да құрметпен қараған. Ұстазының үй жағына аяқ созып жатудың өзін тәрбиесіздік деп білген. Ұстазы өмірден озған жағдайда, ата-анасына дұға еткеніндей, оны да қайырлы, игі дұғасына қосқан. Төмендегі мысалдар соның айғағы:

Шағби (р.а.) айтады: «Бір жаназа намазын оқығаннан кейін Зәйд ибн Сабитке (р.а.) қашырын жақындаттым. Осы кезде Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) келіп, үзеңгіні ұстап бергісі келді. Бұны көргенде, Зәйд: «Әй, Пайғамбарымыздың көкесінің баласы, әуре болма, үзеңгіні жібер», - деді. Ибн Аббас: «Жоқ, бізге ғалымдарды құрметтеу бұйырылған», - деді. Бұны естігенде, Зәйд (р.а.) дереу Ибн Аббастың (р.а.) қолын сүйіп: «Олай болса, бізге де Пайғамбарымыздың ең жақын туыстарына (әхлі-бәйт) осылай құрмет көрсету бұйырылған», - деді» (Ғазали, Ихия, 1/1).

Хазреті Әли (р.а.): «Кім маған бір әріп үйретсе, соның құлы болуға бармын», - деп, бір әріп үйреткен адамның өзі үлкен құрметке лайық екендігін білдірген.

Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Арамызды жеті көше болғанына қарамастан, ұстазым Хаммадтың үй жағына әдепсіздік болмасын деп ешқашан аяғымды созып жатып көрген емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздарымнан кейін ата-анаммен қоса ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін», - деп, өзін ілімге баулыған, әдеп пен тәрбие үйреткен ұстазына өмір бойы қалтқысыз құрмет жасап, үнемі жақсылық тілеп өткендігін айтқан.

Имам Шафиғи бір малшыны көргенде, ізетпен орнынан түрегеледі. Қасындағылар: «Малшыға сонша құрмет көрсеткеніңіз қалай?», - деп сұрағанда, «Бұл кісі кезінде қанша кітапты қарап таба алмаған бір мәселенің жауабын маған үйретіп еді, сондықтан бір рет те болса ұстаздық жасаған кісіге құрмет көрсетуді өзіме міндет деп білемін», - деп жауап берген.

Бұқара ғалымдарының бірі медреседе сабақ беріп отырып қайта-қайта орнынан тұрады. Себебін сұрағанда: «Ашық тұрған есіктен ұстазымның ойнап жүрген баласы әлсін-әлсін бой көрсетіп қала берді. Ұстазыма құрмет ретінде әр көрінген сайын мен орнымнан тұрдым», - деп, ұстаздың жақындары мен бала-шағасын да құрметтейтіндігін көрсеткен («Тәнбихул мұғтариин» (Исламдағы айтулы кісілердің өсиеттері), Имам Шағрани).

Бұл мысалдар мұсылмандардың ілім үйретушіні қаншалықты бағалап, ұстазға қаншалықты зор құрметпен қарағанын көрсетеді.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру