Уақытша неке

25 наурыз 2021 8919 0
Оқу режимі

Ақ неке – ер мен әйел затының отбасын құру мақсатында жасалатын қасиетті келісім шарт. Сондықтан да, ақ некенің басқа келісім шарттардан қарағанда өзгеше талаптары бар. Мысалға, неке қимақшы болған ер мен әйел бір-біріне жақын туыс болмауы, қалындық тарапының қамқоршысының (әкесі, атасы, ағасы,баласы арнайы тәртіппен) келісімі, күәлардың қатысуы, екі тараптың разылығы және т.б[1].  Тіпті олардың діни ұстанымына да қатысты арнайы талаптары бар. Демек, ақ неке сауда секілді, саудагер мен сатушының арасында ғана  жасалатын келісім шарт сияқты емес[2]. Саудада кәмілетке толған тараптардың бағаға келіссе болғаны, сауда жүзеге асады. Бұл келісім шартта қамқоршының разылығы, күәлардың қатысуы, діни ұстаным тәрізді мәселелерге мән берілмейді. Себебі, сауда неке секілді аса қасиетті келісім шартқа жатпайды. Тура солай жалға алу/беру келісімі, ол да некенің талаптарын керек етпейді. Онда ең бастысы баға мен жалға алу уақыты келісілген болса, жеткілікті.

Уақытша неке (Зиаужул-Муаққат) осы жалға алу келісім шартына ұқсайды. Оның анықтамасы мынадай: ер мен әйелдің қандай бір қарымтаның орнына, уақытша отбасы құру. Мысалға, мынадай бір соммаға 1 жыл некелесейік деп, күәгерлердің көзінше келісім жасау[3]. Ал екі бөтен адамды, сыйластық пен сүйіспеншілік негізінде бір-біріне қосатын ақ неке келісімі, қандай да бір уақытқа шектеуді қабылдамайды. Керісінше, неке қиылу барысында, қандай да бір уақыт мерзімі айтылатын болса, көпшілік ғұламалардың пікірінше (Абу Ханифа, Абу Юсуф, Имам Мухаммад) бұндай неке жарамсыз болып танылады[4]. Ал кейбір ғұламаларымыз (Зуфар ибн Хузейл): «бұндай неке қиылып, алайда неке жалғасу мерзімі ретінде бекітілген уақыт есепке алынбайды» дейді[5]. Яғни, неке қиылса да, алайда шегелінген уақыт өткен кезінде, неке бұзылмай әрі қарай жалғаса береді. Өйткені, қасиетті неке уақытпен өлшенбейді. 

Біздің ұстанатын бағытымыз - көпшілік ғұламалардың жолы. Яғни уақытша неке мүлдем дұрыс емес. Некеде қандай да бір мерзім айтылғанда, неке жүзеге аспай, ер мен әйел бір-біріне бөтен қала бермек. Олардың бір үйде отбасы құрып тұруы, әсте рұқсат етілмейді. Әрбір ақылы бар адам баласы, ер мен әйелдің арасында жалға алу тәрізді келісім шарттың болуы мүмкін емес екенің аңғарады. Уақытша некені ұран еткен кейбір ағымдар, бейнебір жүзекшілікті адал етуге шақырып жатқандай. Ойнастықты қатаң түрде тыйым салған асыл дінімізбен бұндай төмен нәрселер қалайша ғана ұштасады...

Тамирлан Ибраев
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

 


[1] Қүдури

[2] Марғинани, Хидая

[3] Мухид-дин Әбдул-Хамид Ахуалю Шахсия

[4] Мухид-дин Әбдул-Хамид Ахуалю Шахсия

[5] Мухид-дин Әбдул-Хамид Ахуалю Шахсия

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру