Уәдеге беріктік – Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиеті

03 қазан 2019 12316 0
Оқу режимі

Адам бойынан табылуы керек ең жақсы қасиеттің бірі – уәдеге берік болу. Қандай қоғам болмасын, қандай адам болмасын уәдеге беріктікті қашанда құптап, сөзінде тұратын жанды құрметтеп, сыйлап өткен. Дініміз исламда да мұсылманнан уәдесіне берік болуды талап етіледі. Уәдесінде тұрмауды екіжүзділікке балап, ондай адамның тозаққа баратынын ескертеді.

Ислам дінінде көркем мінез-құлықтардың ішінде уәдеге берік болу деген сипат ерекше қасиет болып қаралған. Жалпы адамзат та уәдесіне берік адамды құрметтейтіні хақ. Қазақ халқында да уәдеге тұрмауды сынға алатын «Ер адамның екі сөйлегені өлгені» деген сияқты мақалдарды көптеп кездестіреміз.

Ал, мұсылман адамға уәдесіне берік болу – міндет, мұстахап амал. Оған керісіншесі өтірік айту – жат амал. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде:  «Шынында, шындық жақсылыққа бастайды, ал жақсылық жәннатқа бастайды. Бір адам (үнемі) шындық айтса, Алланың жанында шыншыл деп жазылады. Өтірікші жамандыққа бастайды, ал жамандық тозаққа бастайды. Бір адам(үнемі) өтірік  айтса,  Алланың жанында өтірікші деп жазылады»,[1] – делінген. Яғни, өтірік айтып, жалған уәде беріп, адамды алдау шариғатта танзихан макрух болып саналады.

Алла Тағала Құран Кәрімде пайғамбарлардың сипаты уәдеге берік болу екенін алға тартады. Мәселен, «Мәриям» сүресінің 54-аятында Ысмайылды (ғ.с) сипаттап: «(Мұхаммед ғ.с.) Құрандағы Ысмайылды (ғ.с.) есіңе ал. Шынында, ол уәдесіне берік әрі жіберілген бір пайғамбар еді», – дейді.

Муқатил осы аяттың тәпсірінде: «Ысмайылдың (ғ.с.) уәдеде тұруын үш күн бір адамды тапжылмай күтіп тұрған оқиғасынан көруге болады», – деген. Яғни, күндердің күнінде ол бір адаммен кездесуге келіседі, бірақ әлгі адам кездесу туралы мүлде ұмытып кетеді. Ысмайыл (ғ.с.) болса әлгі адамды сол жерде үш күн, үш түн күткен екен. Үш күн өткен соң әлгі адам кездесуі есіне түсіп келісілген орынға келіп, Ысмайыл пайғамбарды (ғ.с.) сол жерден тапқандығы айтылады.[2]

Бір кісі Алла Елшісіне (с.ғ.с) келіп:
– Мына үш күнәға тұтылдым, тастай алмадым. Бұлар зина, өтірік айту және арақ, – дейді. Пайғамбарымыз оған біраз насихат айтып былай дейді:
– Мен үшін өтірік айтуыңды таста!
Әлгі кісі мақұл деп шығып кетеді. Бір күнә істейтін кезінде «Егер мына күнәны істейтін болсам, Алла Елшісі (с.ғ.с) сұраған кезінде «Иә» десем, күнә істегенім мәлім болады, «Жоқ» десем, Пайғамбарымызға берген сөзімде тұрмаған боламын» деп уәдесін ойлады. Сөйтіп қалған екі күнәдан да бас тартады. Демек, өтірік айту барлық күнәнің басы болса, уәдеге тұру сол күнәларды тоқтатуға себеп екен.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Әй, мүміндер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар. Істемейтін істеріңді сөйлеулерің Алланың қасында зор ашуға себеп болады».[3]

Сонау Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заманының тарихына үңілсек, азғындықтың небір түрлері етек алған заман еді. Әділдіктің иісі де сезілмейтін. Адамды алдау, аманатқа қиянат жасау, уәдеге тұрмау тағы басқа зұлымдықтар кең етек жайған еді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) сол қоғамның ішінде өзінің бойындағы уәдеге беріктік қасиетімен, тіпті Пайғамбарлық келмей жатып танылған еді.  Егер біреудің берген затын қараймын деп уәде берсе, аманатқа қиянат жасамайтын. Мекке халқы тіпті оны «Мухаммадул Әмин» деп атап кеткен. Кейін осы сипат 40 жасында пайғамбарлық келіп, Ислам дінін таратпақ болғанда да мүшриктердің «бәлкім рас айтады» деген күмәнға түсуіне себеп болған. Оған мына оқиға куә:  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні Сафа тауының басына шығып:

– Ей, Құрайыш қауымы! Мен сендерге мына таудың артында дұшпан әскерінің келе жатқанын айтсам, сенесіңдер ме? – деп сұрайды. Сол жерге жиылғандар бірауыздан:
– Иә, сенеміз. Өйткені сен бір рет болсада жалған сөйлеген адам емессің, – дейді. Кейін Алла Елшісі:
– Онда мен сендердің Алладан жіберілген Елшімін, –
 деп сөзін жалғастырып, миссиясын баяндайды. Сол кезде мүшриктер іштей Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзі хаққа жанасатынын мойындаса да, нәпсілерімен келіспеді.

Хадиша анамыз да (р.а.) Алла Елшісіне (с.ғ.с.) ең алғаш уахилар келе бастап, қорқып, күдіктеніп, жүрегі тыныштық таппай жатқан кезде жұбату айтып, былай деген: «Қорқып, үрейленерлік ештеңе жоқ. Уайымдама, Аллаға ант етейін, Ол сен сияқты құлын ұятқа қалдыра қоймас. Өйткені, сен әрқашан шындықты айтасың. Аманатқа қиянат жасамайсың. Туған-туыстарыңмен сәлемің түзу, қабағың ашық. Көршілеріңе мейірімдісің. Кембағалдар мен кедейлерге қол ұшын беріп, мүсәпірлерді үйіңнің төріне шығарып, оларды құтты қонақтай күтесің. Халқың қиындыққа душар болғанда, жәрдеміңді аямайсың. Уаллаһи, сені бұл үмбеттің пайғамбары болар деп үміттенемін». Хадиша анамыз (р.а.) жұбату айқанда ең алғаш айтқан Алла Елшісінің бойындағы сипаты – шыншылдық. Бұл сипат – уәдеге тұрудағы ең алғашқы факторы.

Сахабалардан Абдуллаһ ибн Әбүл-Хамса (р.а.) Исламға дейінгі кезеңде  Пайғамбарымызбен сауда-саттық жасасқаны турасында осы бір оқиғаны әңгімелеген:  

«Хазірет Пайғамбармен сауда жасасып, оған біраз қарызданып қалдым. Мұрсат болса, кейінірек төлегім келетінін айттым. Өтінішімді жерге қалдырмады. Бірақ берген уәдемді ұмытып кетіппін. Арада үш күн өткен еді. Есіме түсіріп барғанымда, сол орыннан тапжылмай мені күтіп тұрғанын көрдім»[4].   

Осы хадистерден аңғаратынымыз, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) уәдеге берік болғандығы. Сонымен қоса, әрбір мұсылман білетін оқиғаны – Византия патшасы мен Әбу Суфиянның әңгімесін бір еске түсірейік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ислам діні жаю кезінде көрші мемлекеттерге хат жолдайды. Сол хаттардың бірін Әбу Суфиян  Византия елінің патшасы Гераклге жеткізген болатын. Хатты оқып болған Геракл Әбу Суфияннан Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бойындағы ерекшеліктерін сұрайды:
– Уәдеден тайқып, сертін бұзғанын көргендерің бар ма? Сонда Әбу Суфиян:
– Жоқ, бүгінге дейін болған емес, – деп жауап береді.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолында уәдеге берік болғанын аңғарсақ,  бізге айтқан өсиеттері қандай? Соны шолып көрейік. 

Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) мұнафиқтардың сипаты туралы былай деген: «Үш нәрсе мұнафықтың белгісі – Аманатқа қиянат жасау, өтірік айту, уәдесін бұзу».[5]

Мұнафиқ кім екенін білесіз бе? Құранда: «Негізінен, Мұнафықтар тозақтың ең төменгі қабатында болады. Әрі оларға ешбір көмекші таба алмайсың»,[6] – деп келген. Демек, олардың сипаттарының бірі уәдеге тұрмау. Ғұламалардың кейбірі былай деген: «Уәдеге тұру – жақсы адамдардың сипаты, уәдені бұзу – күнәһарлардың сипаты».

Ислам дініндегі осынау сөзге беріктік қасиетін сақтап, Алла Тағала алдында, отбасы алдында, бауырларымыз алдында адал болайық!

 

Руслан Сұлтанов
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

 


[1] Бұхари және Мүслім

[2] Имам Бағауи, Муғалемул танзил кітабы, 1-том, 237-бет.

[3] «Саф» сүресі, 2-3-аяттар.

[4] Ибн Сағыд, Табақатул-күбра, VII, 59.

[5] Муслим 59, Бухари 33.

[6] «Ниса» сүресі, 145-аят

Пікірлер Кіру