Уәдеге беріктік

19 шілде 2018 12393 0
Оқу режимі

Ардақты Елші (с.а.с.) бір сөзді жан еді. Сертінде тұратын, уәдесінен таймайтын, өзіне де, қасындағы сахабаларына да көмегі тиген жанның жақсылығын үнемі аузынан тастамайтын. Достарын жиі-жиі іздеп, қал-жағдайларын сұрастыратын. Елге сүйіспеншілік танытуда әрі қызмет етуде өте адал еді. Мұсылмандарға достықта адал болуды, кесе-көлденең олжаға кенеле қалса дереу өзгеріп кетпеуді, елмен араластықта сүйіспеншілік пен сыйластықтан таймауға кеңес беретін.

Ислам тарихынан беретін мына оқиғаларымыз сүйікті пайғамбарымыздың осы қасиетін бізге жақыннан таныта түседі.

Сахабалардан Абдуллаһ ибн Әбүл-Хамса Исламға дейінгі кезеңде  Пайғамбарымызбен сауда-саттық жасасқаны турасында осы бір оқиғаны әңгімелеген:  

«Хазірет Пайғамбармен сауда жасасып, оған біраз қарызданып қалдым. Мұрсат болса, кейінірек төлегім келетінін айттым. Өтінішімді жерге қалдырмады. Бірақ берген уәдемді ұмытып кетіппін. Арада үш күн өткен еді. Есіме түсіріп барғанымда, сол орыннан тапжылмай мені күтіп тұрғанын көрдім» (Ибн Сағыд, Табақатул-күбра, VII, 59).   

Бұдан пайғамбарымыздың берген уәдесінде тұратын, тура сөзді саудагер болғанын көреміз. Ол саудадағы серіктесін күтіп қана қоймай, әлденеге тап болмады ма екен деп уайымдаған да еді.

Расында да, Пайғамбарымыз саудадағы серіктестеріне, сауда-саттық жасасқан адамдарына өте сыпайылық танытып, оларға үлгі-өнеге көрсететін. Ешкімнің ақысын жемейтін, қажет кезінде көмекке жүгіретін, уәде берсе уәдесінде тұратын, саудадағы серіктестерімен үнемі дұрыс қатынас жасасатын. Әлсіздерге сүйеніш болып, жоқ-жітіктерге қарайласатын, жас болса да әділетсіздікке қарсы табандылық танытатын. Турашылдық, сыпайылық, көмексүйгіштік, әділеттілік, мәрттік, сенімділік оның ең ізгі қасиеттеріне жататын еді.

Бұл тұрғыда мына тарихи оқиғаларға да көз жіберген жөн:

Бір жолы Эфиопия патшасының елшілері Пайғамбарымызға келіп жолыққан еді. Пайғамбарымыз оларды жылы қабылдады. Кейбір сахабалар «Уа, Расулаллаһ, сіз тынығыңыз, қонақтарды біз күтейік» десті. Сонда пайғамбарымыз оларға: «Бұл кісілер Эфиопияға көшіп барған сахабаларыма көмек көрсетіп, сый-құрмет жасаған еді. Мен де өз кезегімде бұл кісілерді жақсылап күткім келеді» деді.

Мұтғим ибн Ади Құрайыштық мүшріктердің алдыңғы қатарлы белсенділерінің бірі болатын. Пайғамбарымыз Тайыф сапарынан қайтқанда, дұшпандары оны қалаға кіргізгісі келмеген. Пайғамбарымыз Меккенің бірқатар көсемдерінен өзін қорғауға алуын өтінді. Бірақ бұны олардың ешбірі қабыл алмады. Тек Мұтғим ғана бұл өтінішті қабыл алып, ұлдарын қаруландырып, Пайғамбарымызды (с.а.с.) қалаға кіргізген еді. Арада бірнеше жыл сырғып өте шықты. Исламның тереңіне бойлап үлгермеген Мұтғим Бәдір соғысында мүшріктер қатарында мұсылмандарға қарсы соғыста қаза тапты. Хазірет Пайғамбардың (с.а.с.) ақыны Хассан осы кісінің өлімінен кейін жоқтау жазып, кезінде Пайғамбарымызды өзінің қорғауына алғанын еске алып, өлеңінде оның жақсылығын паш еткен еді. Сүйікті пайғамбарымыз өзіне жасалған бұл жақсылыққа кезінде дән риза болып алғысын білдірген. Дұшпан тұтқындарына не істеу керектігін ақылдасып жатқан уақытта Пайғамбарымыздың айтқан мына сөзі де оның қаншалықты опалы екендігін көрсеткендей:

«Егер Мұтғим ибн Адий тірі болып, менен тұтқындарды сұраса, підия құн төлетпей-ақ соның өтініші үшін бәрін босатар едім», - дейді.

Хазірет Пайғамбар өз одақтастарына да өте опалылық танытты. Хұдайбия келісімі кезінде мұсылмандармен одақтасқан Хұзаа тайпасы бірде күтпеген жерден Құрайыштармен одақтас Бәни Бәкір тайпасының шабуылына ұшырайды. Құрайыштықтар да астыртын бұған қолдау білдірген болатын. Хұзаалықтар жағдайын хазірет Мұхаммедке (с.а.с.) айтып келгенде, ол дереу Құрайыштықтарға қатаң талап қойды. Бұған құлақ аспағанын көргенде дереу қарсы қол әзірледі. Бұл оқиға Меккенің азат етілуіне бір себеп ретінде тарихқа енді. Сөйтіп пайғамбарымыз өзінің одақтасына жақтасып, оны жаудың қолынан аман алып шықты.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзін жақыннан тану үшін шалғайдан келген әр түрлі тайпа елшілерін арнайы үйлерде қонақ қып күтіп, оларға ерекше көңіл бөлетін. Мұғалімдер тағайындап, керекті көмек жасайтын күтушілерді белгілейтін, тайпаларына қайтпақ болғанда, жол азығын дайындап, жаңа киімдер кигізіп, жол қаражатын салып беріп, сый-сияпат тарту етіп, Ислам дініне қызығушылық танытып, арнайы жол жүріп келген кісілерге ұмытпай айта жүретіндей ерекше ықылас танытып шығарып салатын. Мұнда келген кез-келген жан пайғамбарымыздың ерекше құрметінен көктемнің жанға жайлы жаймашуақ самалын сезінгендей әсерде қайтатын.

Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) бірінші кезекте Аллаһ Тағалаға ерекше адалдық танытатын. Өзіне нәсіп етілген игіліктер мен жақсылықтарға лайықты түрде шүкір етіп, ризық-несібе үшін мақтау айтуды құл болудың бір міндеті деп ұғатын. Ізгіліктің бастауы Исламды кең насихаттау жолында жәбір-жападан көз ашпай, опасыздықтан ойы осылып, қуғын-сүргін көріп жүрсе де, тақым жаздырмайтын тақсыретті тағдырына ризашылықпен қарап, Аллаһ разылығы үшін ештеңеге мойымауы, оның аманатқа беріктігін ұқтырады. Ұлы Аллаһ оған адамзаттың ауған көшін түзеп, бақытсыздықтың құрсауынан босатып алып шығу міндетін жүктеген еді. Аллаһ елшісі бұл ұлы мұратын табаны күректей 23 жылдың ішінде ерекше ықыласпен, абыроймен атқарып, адамзат баласының жүрегіне иман дәнін еге білді. Расулаллаһ берген уәдеде тұратын. Дін Исламның жайылуына қызмет еткендерді, Исламды өте жоғары деңгейде көрсете білгендерді, өзіне, жақындарына, сахабаларына көмек жасағандарды ешқашан ұмытпайтын. Діндес бауырлары мен отбасылық достарын жиі-жиі сұрап тұратын. Біреуден жақсылық көре қалса, рахмет айтатын, сый көрсе артығымен сый жасағанды ұнататын. Үнемі жақсы ойда жүру, әрі жақсы істер істеу оның басты мұраты еді. Қашанда да маңайындағы адамдарды жақсы көрді. Оларға турашылдықты, әсемдікті, жоғарғы адамдық қасиеттерді сіңіре білу үшін бар ынтасымен жұмыс істеді. Өзіне қолдау білдіргендер мен Исламға қызмет етушілерді бауырына басты. Бәріне игі дұғасын арнады.+

Ендеше, біз де жолбасшымыз хазірет Мұхаммед (с.а.с.) сияқты уәдеге берік, маңайымызға опалы болып, шынайы мұсылмандықты дәріптей білсек дегім келеді.  

А.Мырзабек

Тегтер: уәде
Пікірлер Кіру