Тағдыр – Алланың құпиясы

02 қыркүйек 2019 17463 0
Оқу режимі

Мұсылман кәміл иманды болмақ үшін иманшартқа түгел илануға міндетті. Тағдырға иман – жақсылық пен жамандық барлығы Алла Тағаладан екеніне сену. Имам Ахмед тағдыр жайлы: «Тағдыр – Алланың құдіреті»,-деп айтатын. Десе де, тағдыр жайлы ақидада біршама қате ағымдар болды және бар. Әсілі, әһлі сүнна уал-жамағат ақидасы – орта жол. Барлық жағдайда бұл байқалып, көрініп тұрады. Мұсылман тағдырдағы жақсы да, жаманды Алла Тағаладан деп біледі, оған иман келтірген. Жабария ағымы: Адам бейне бір жапырақ, жел қайда ұшырса, сонда кете барады. Жапырақта ешбір қалау жоқ,-деп түйеді. Кейбір адамдар да осы шамалас «маңдайыма маскүнем деп жазылса қайтемін»,-деп сөз айтып, бар кінәні тағдырға ысырып өз судан таза, сүттен аппақ болғысы келеді. Құран Кәрімде: «Серік қосқандар: Егер Алла қалағанда, біз де, аталарымыз да серік қоспас едік, әрі ешнәрсеге тыйым салмас едік,-дейді. Олардан бұрынғылар да біздің азабымызды тартқанға дейін, осылай өтірік санаған болатын. Айт: сендерде қандай да бір ілім бар ма? Болса оны бізге шығарыңдар. Негізінде, сендер бос ой-жорамалға ғана ересіңдер әрі тек өтірік айтасыңдар,-де»[1].

Мұндай адамдар «Біздің кәпір болуымыз бізден емес, оны Алла қалап тұр», - дейді. Бұл нағыз барып тұрған Алла Тағалаға жала. Шындығында Құдай пенделеріне зұлымдық етпейді. Аятта осы мағыналас сөзді айтқанға азап пен жаза барын айтуда, Бұл пенденің таңдау және қалау еркі барын білдіреді. Сонымен бірге, «Алла осыны қалап тұр» деу ғайыптан хабары бар сияқты сөйлеу боп табылады. Себебі, тағдыр Жаратушыға ғана мәлім ғайып іс. Күнә жасаушы және құлшылық етпейтін адам барлық кінәні тағдырға итеріп салады, Құран Кәрімде: «Имансыздар жиіркенішті іс жасаған кезде: Аталарымызды осылай жасайтынын көрдік әрі бізге мұны Алла бұйырды,-дейді. Айт: Анығында, Алла жиіркенішті іске бұйырмайды. Өздерің білмейтін нәрсені Аллаға жала етіп таңасыңдар ма деп»[2], - деп баян етеді. Тағдыр адам баласының ақылы танып біле алмайтын ғайып іс.

Бір күні тағдыр жайлы таласып отырған сахабаларын көріп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қатты ашулы күйде орталарына келді. Жүзі қып-қызыл, екі беті қызыл анардай боп кеткен еді. Соңыра: «Сендер осыған әмір етілдіңдер ме? Әлде, мен сендерге осы жайтты алып келдім бе? Ақиқатында, сендерден алдыңғы үмбеттер тағдыр төңірегінде тартыс түбіне жетті. Мен сендерге бұл жайлы талас-тартыс жасамауды үзілді-кесілді тыйым саламын», - деді. Тирмизи риуаяты. Сахабалар да мұнан кейін тағдыр жайлы сөз таластырмайтын болды. Тіпті, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние салғаннан кейін де. Хазрет Әлиден (р.а.) тағдыр жайлы сұраған кісіге: «Терең теңіз, түбіне жете алмайсың»,-деп жауап берді. Екінші рет қайта сұрағанда: «Қараңғы жол, онымен жүрме», - деді. Үшінші рет сұрағанда: «Тағдыр Алланың сыры, оны тінтіп әуре болма», - деді. Ал, имам Тауахи болса: «Ғылым екі түрлі: бір ғылым жұрт арасында бар ғылым. Екінші ғылым халық арасында жоқ ғылым. Бар ғылымды мойындамау – күпірлік. Жоқ ғылымды білемін деу де – күпірлік. Бар ғылымды қабылдамайынша және жоқ ғылымда тастамайынша адамның иман кемелденбейді», - деген тағдыр жайлы.

Тағдырға иман ету, жақсы мен жаман Алладан деп сену қол қусырып отыра беру деген сөз емес. Керісінше, мұсылман әр нәрсенің себебін жасап, алдына қойған мұратына талпынуы қажет. Халифа Омар (р.а.) оба тарап жатқан жерге бармай кері қайтамын деп шешім қабылдаған кезде сахаба Әбу Убайда Амир бин Жаррах (р.а.) наразы боп: «Ей, мұсылмандар әміршісі! Алланың тағдырынан қашасыз ба?»,-дегенде. Халифа: «Сенен басқа біреу осы сөзді айтса, басқаша болар еді. Иә, біз Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қашамыз. Сенің түйең бір сайға оттауға түссе, сайдың бір жағы көк шұрайлы, ал екінші жағы тақыр болса, көк шөпке жайсаң да тағдырмен, тақыр жерге жайсаң да тағдырмен емес пе?»,-деді. Бұхари риуаяты.

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) емделу үшін дем салдыру немесе дәрі-дәрмек ішу жайлы сұрап: «Бұл Алланың тағдырынан бір нәрсені кері қайтара ала ма?» - дегенде ем қабылдаудың өзі де Алланың тағдыры деп жауап берген. Алла елшісі (с.ғ.с) Меккеден Мадинаға өзінің өміріне қауіп төнеді немесе өлтіреді деген оймен һижрет еткен жоқ. Бұл жайлы Құран Кәрімде: «Ей, Елші Өзіңе Раббыңнан түсірілгенді жеткіз. Егер олай істемесең, Оның жібергенін жеткізбеген боласың. Алла сені адамдардан қорғайды...»,[3] - деп баяндалған.

Бұл аятта пайғамбар (с.ғ.с.) әрбір жағымсыз және жаман әрекет пен пиғылдан Құдай тарапынан қорғалғаны айтылуда. Демек, пайғамбар һижреті үмбетіне әрбір істің себебін жасау керектігін үйрету. Себеп-салдарын жасау да діннің әмірі.

Әр нәрсенің себебін жасау тағдырға иман етуге қарама-қайшы әрекет емес. Өйткені, тағдырға иман ету міндет. Сол сияқты себепші болатын қам-қарекетті де жасау міндет. Пайғамбырымз (с.ғ.с.) сахабаларына міне осыны үйретті. Әли (р.а.) риуаят етеді: «Біз Бақиғ зиратында едік. Алла елшісі (с.ғ.с.) келіп отырды. Біз де төңірегіне отыра кеттік. Мүбәрак қолындағы таяқшасымен жерді шұқып: «Сендердің әрбіріңе, әрбір жанға Алла Тағала жәннат пен тозаққа орындарыңды жазып қойған. Оның бақытсыз немесе бақытты екені жазылған»,-деді. Сонда біреу: «Уа, Алла елшісі! Жазылған кітабымызға арқа сүйеп амал етпей отыра бермедік пе?» - деп сұрады.  Алла елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім бақыттылар қатарынан болса бақыттылар жолымен жүреді, кім бақытсыз болса бақытсыздар жолымен жүреді. Амал жасаңдар, әркімге өз жолы жеңіл етіледі. Жәннаттықтарға жәннат жолы жеңіл, тозақтықтарға тозақ жолы жеңіл», - деп сосын мына: «Ал, кім берсе және тақуалық етсе, әрі ең жақсыны шын деп білсе, жақында Біз оған ең жеңілін оңайластырамыз. Ал, кім сараңдық істесе, қажетсінбесе және ең жақсыны өтірік деп білсе, жақында Біз оған ең ауырын оңайластырамыз»,[4] - аяттарды оқыды.

Демек, жалпы иманшарттың және жекелей тағдырға иманның мұсылман өміріне ерекше мән беретіні белгілі. Тағдырға иман етумен жаны тыныштық тауып, жүрегі рақат табады. Сонымен бірге, шешім қабылдауда және басқа жағдайда батылдау бола түседі.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мұсылманның ісіне таң қаламын. Оның барлық ісінде бір жақсылық бар. Жақсы бір жағдай болса шүкіршілік етеді де, бұл оған қайырлы болады. Ал, басына қиыншылық түссе сабырлық етеді де, бұл оған қайырлы болады»,- деген. Тағдырға иман етудің бірқатар жемісі бар.

Бірінші: жүрек тыныштық табады

Алла Тағалаға иман ету, жақсылық пен жамандық Жаратушыдан екеніне сенген мұсылманның жүрегі тыныштық табады. Көңіл-күйі жақсарып, жүйке ауру мен күйзелік деген дерттерден құтылады. Құран Кәрімде әрбір болған іс тағдырда жазылғаны жайлы айтыла келе: «Бұл болып өткенге өкініп, қайғырмауларың және Оның сендерге бергеніне масаттана қуанбауларың үшін...»[5]. Міне, басына ауырпалық келгенде адам асығыстық танытпайды, кінәлі біреуді іздеуге кіріспейді. Керісінше, сабырлық етіп, Алладан берілетін сауапқа лайықты сабырлық көрсете біледі.

Екінші: Үміті үзілмейді

Үмітсіз шайтан. Ал, мұсылман «Алланың тағдыры, Ол қалаған нәрсе болды», - деп тағдырды қарсы алады. Хадисте: «Күшті мұсылман Алла құзырында әлсіз мұсылманнан қайырлы әрі сүйікті. Алайда, әрқайсысында да жақсылық бар. Өзіңе пайдасы бар іске талпын, Аллаға арқа сүйе, әлсіздік танытпа. Ал, егер бір қиыншылыққа тап болсаң: «Егер мен былай-былай етсем ғой», - деуші болма. Сен Алланың тағдыры, Ол қалаған нәрсе болды, - деп айт. Өйткені, «егер» сөзі шайтанның кірісуіне жол ашады»,[6] - деген.

Үшінші: жүректегі иман бекі түседі

Мұсылман өзінің басына келген қиыншылық оның қателігі себепті емес екенін түсінбейінше шынайы иманның рақатын сезіне алмайды. Убада бин Сомит (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Абдулла бин Аббасқа (р.а.) мына сөздерді айтып тұрғанын естиді: «...Мынаны біл, егер халық саған бір пайда берейік деп жұмыла кіріссе, Алла Тағала тағдырға жазғанынан артық ешнәрсе бере алмайды. Ал, егер де жұрт саған бір зиян тигізбек болып қол біріктірсе Алла тағдырға жазғаннан артық ешнәрсе қолынан келмейді. Тағдырды жазған қалам көтеріліп, сия кеуіп кеткен»,[7] - деген.

Төртінші. Қам-қарекет жасау

Тағдырға иман жалқаулық пен әрекетсіздікке үндеу емес екенін естен шығармаңыз. Жақсылық пен жамандық Алладан екеніне сену қол қусырып отыруды білдірмейді. Керісінше, әрбір істің оңалуына және ниет еткен мұратқа жету үшін аянбай әрекет ету тағдырға сенудің ажырамас бөлігі.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла тарапынан қорғалған бірақ соғыс майданына сауыт киіп, ауырғанда дәрі-дәрмек қабылдап және де әр уақытта себеп-салдарын жасап жүрді. Оба дерті жайлаған ауылға кірмеген халифа Омар (р.а.) да себеп-салдарын жасады.

Бесінші: ішкі жасырын күштің пайда болуы

Тағдырға иманның арқасында мұсылмандар жер бетіне имандылық нұрын түгел дерлік жая бастады. Шығыстанушылардың бірі: «Рум империясы 800 жыл жаулаған аймақты мұсылмандар 80 жылда имандылықпен абаттандырды. Олар қиыншылыққа мойымай, әлсіздік танытпай батырлық пен қайсарлық таныта білді», - деген екен.

 


[1] «Анғам» сүресі, 148-аят
[2] «Ағраф» сүресі, 28-аят
[3] «Маида» сүресі, 67-аят
[4] «Ләйл» сүресі, 5-10 аяттар
[5] «Хадид» сүресі, 23-аят.
[6] Муслим
[7] Ахмад, Тирмизи

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру