Сіз қандай күйеусіз ? (Еркектерге 10 кеңес)

28 ақпан 2019 29258 0
Оқу режимі

Ерлі-зайыптылардың арақатынасы сөз бола қалған ортада ә дегеннен әйелге қойылатын талаптар көп айтылады. Алайда, күйеу қандай болу керек? Күйеудің міндеттері не? деген мәселе қозғалмайды. Бұл сауал көбіне-көп жауапсыз қалады.

Неге ер кісі әйелге қойылатын талаптарға аса мән береді? Оның бір-ақ сыры бар. Еркек өзінің жағдайын және жан рақатын көп ойлайды. Алайда, «екі жарты бір бүтін» дегендей, ерлі-зайыптылар құқықтары мен міндеттері тең. Құран Кәрімдегі: «Сендерге оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның (Алла Тағаланың) белгілерінен...»[1], – деген аят отбасының ұйытқысы жұбайлардың өзара сүйіспеншілігі мен мейірімділігі екенін аңғартуда. Егер пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисіне сай жақсы күйеу болғыңыз келсе, мына кеңестерге құлақ салыңыз:

1.Екі жарты бір бүтін. Әйел ер кісінің қабырғасынан жаралған бөлшегі. Еркек өзіне қаншалықты мән берсе, өз қалауын қаншалықты жоғары қойса, әйеліне де сол дәрежеде көңіл бөлуі керек.

2.Әйел – шаңырақ жылуы мен тыныштығының қорғаушысы. Еркек бір мезгіл арнайы әйеліне уақыт бөлгені жөн. Ер-азамат үйде болған кезде қабағын тұнжыратпай, жарқын жүзді болуы керек. Ал, қаталдық көрсетіп, үйді астаң-кестең етіп, үй шаруасына араласып әйелінің мазасын қашырмаған дұрыс. Өйткені, мұның барлығы екі араны суытып жібереді.

3.Махаббат пен мейірімділік. Әйел мен күйеуінің арасындағы байланыс сүйіспеншілік және бірін-бірін түсінуге негізделеді. Жаман мінез, оғаш қылықпен осы байланысты кесудің қажеті қанша?!  Құранда «Әйелдерің егіндіктерің. Егіндіктеріңе қалай қаласаңдар келіңдер...»[2] деген аят бар. Кісі егіндігіне тікен тұқымын тастап, жұпар иісті гүлдің өсіп шығуын күтуі қисынсыз.

4.Ер кісі әйеліне бар махаббаты мен сүйіспеншілігін көрсетуге міндетті. Өйткені, әйел бұл сезімді тек күйеуінен ғана алады. Махаббат сезімін тек сіз ғана бере аласыз. Ал, егер махаббатыңызды сіз көрсетпесеңіз не болатынын ойлап көріңіз?

5.Бақыт кілтін жоғалтып алмаңыз. Сіз ауыз ашпай, жақсы сөзге сараңдық етіп, жүрегіңізге барар жолды жарыңызға тарс жауып қойсаңыз, өз қолыңызбен бақыт кілтін көлге лақтырғаныңыз. Ер кісі әйеліне деген пәк сезімін бір мезгіл сөзімен білдіруде жалқауланбағаны жақсы. Кісі бір-екі ауыз сөзімен әйелінің жүрегін жаулайды. Осымен оның сауабы көбейеді. Өйткені, хадисте: «Жақсы сөз – садақа»,[3] – делінген.

6.Әйел көркі – шүберек. Әйелдің жанына көңіл бөлген сияқты оның материалдық мұқтаждықтарына да мән беру қажет. Алла Тағала ер азаматтың несібесін кең еткен сайын әйеліне де сол шамада мән бергені жақсы. Өйткені, әйелі үшін күйеуі әкесі мен аға бауырларынан да жақын адамға айналады. Ал, хадисте: «Кісі өзіне қарап отырған отбасын қараусыз қалдыруының өзі күнә ретінде жеткілікті»[4], – деп айтылған.

7. Жақсылық жасауға құштарлық. Кісі өзінің жақсылық өлшеміндегі орнын білгісі келсе, мына хадиске мән бергені абзал: «Сіздердің жақсыларыңыз әйеліне жақсы болғаны, мен әйеліне жақсылық жасаудан сендерден жақсымын»[5].

8.Әйел күйеуінің қас-қабағына және көңіл-күйіне тәуелді жан. Сондықтан еркек әйеліне жақсы қарауға міндетті.

9.Үй босағасын аттағанда сәлем беріп кіру. Ал, сәлемсіз кіру бірге шайтан алып келгенмен пара-пар. Хадисте: «Кісі үйіне кірген кезде, тамаққа отырған кезде Алла Тағаланы  ауызға алса шайтан: «Үйде қонатын жер де, кешкі ас та жоқ екен», – дейді. Ал, үйге кіргенде және асқа отырғанда Алланы еске алмаса шайтан: «Қонатын үй де, кешкі ас та табылды»,[6] – дейді екен

10.Күйеу әйелінің ұсақ-түйек қателеріне көз жұма қарағаны абзал. Жанын сөзбен жаралап, оның әйелдік болмысына тіл тигізуі қателік. Махабатыңызды аямаңыз, жүректен шыққан жақсы сөздеріңізбен жанын жадыратыңыз.

Мұхаммед Ибрагим


[1] «Рұм» сүресі, 21-аят.
[2] «Бақара» сүресі, 223-аят.
[3] Бұхари, Әбу Һурайра.
[4] Мустадрак.
[5] Тирмизи.
[6] Муслим, Әбу Дәуід, Тирмизи

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру