Шəкерім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ: ТАЛАП ПЕН АҚЫЛ

23 ақпан 2024 1905 0
Оқу режимі

Талап деген бір жүйрік тұлпар сынды,

Бабын таппай мінгенді қылар жынды.

Тауға ұра ма басыңды, тасқа ұра ма,

Ал енді оған кісі қайтіп мінді?

Талап шапса ақылға мініп алып,

Жақсы, жаман бәріне бірдей салып,

Анық ақыл адымын аштырмайды,

Еш нәрсе одан құтылмас жетпей қалып.

Талап деген ындынмен ентелемек,

Ойға алып, қызыққанын қылсам демек

Ол ісі орайлы ма, орайсыз ба,

Ойланып оны ақылға салса керек.

Тапқыш ой ғой ақылдың мағынасы,

Түбі — жүрек, болады мида басы.

Орынсызға ұмтылтпай тоқтатуға

Талаптың алты түрлі бар ноқтасы.

Ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, сақтық -

Талапқа алты түрлі ноқта тақтық.

Алтауының ішінде ынсап әділ,

Өзгесінің тізгінін соған ұстаттық.

Ынсап деген аспайды, кем қалмайды,

Орнын таппай ол, сірә, қозғалмайды.

Рахым жақсы көреді аяғанды,

Адамға қаттылықты ойға алмайды.

Ар демек — адамшылық, намыс деген,

Арық, кетпес жағыңа қарыс деген.

Теріс ұғып жүрмесін мұны біреу,

Сөз емес күншіл болып, алыс деген.

Намыс сол — өзің қорлан кемдігіңе,

Құрбыңмен ұмтылып бақ теңдігіңе.

Алмай ас алдыңғының аяғынан,

Соқтықпай өзің іздеп еңбегіңе.

Ұят сол — аулақта ұял көргендей-ақ

Ұрлаған малың шығып, бергендей-ақ.

Орынсызды істеуге өлгенше ұял,

«Ұят күшті өлімнен»—дегендей ақ.

Сабыр деген — әр іске шыдамдылық,

Қатты керек адамға бұл бір қылық.

Қолы жетпей талай жан ізденеді,

Осыдан кеп шығады адамшылық.

Сақтық деген — әр қашан байқап жүрмек,

Пайда ма, не залал ма, ескерілмек.

Көргенін, естігенін есепке алса,

Сонда оған әрбір істі ойлап білмек.

Ойменен, талаппенен болды сегіз,

Айтылмай енді қалды неменеміз?

Өзге жақсы мінездің бәрі-дағы

Шығады осылардан түгел деңіз.

Сабыр, салтық, ой, талап болмаған жан

Анық төмен болмай ма хайуаннан?

Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғағаннан.

Өлімнің хақ екенін көрсең де,

Өлместей омыраулап шатасың.

Дозақтың барын біліп жүрсең де,

Күнəға əлің келсе батасың.

Сауал көп ғибадатқа десең де,

Жалығып,жалқауланып жатасың.

Алланың адал ризығын жесең де,

Арамды əдейі іздеп татасың.

Сыртыңды сыланасың өң беріп,

Ішіңнің түзетпейсің қатасын.

Айламен алдағанды жөн көріп,

Адамды аң орнына атасың.

Жалғанның бір пайдасын көргенде,

Арланбай арыңды да сатасың.

Алланың ақ өлімі келгенде

Амалсыз қара тастай қатасың

 

 

Пікірлер Кіру