ШЫНАЙЫ ТӘУБА

28 маусым 2024 1658 0
Оқу режимі

Пайғамбарымызға (с.ғ.у.) қызмет ететін,  ансарлардан болған  Сәләбә бин Абдуррахман деген бір жас жігіт бар еді. Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны бір қажеттілігі үшін бір жерге жібереді. Сәләбә (р.а.) жол бойындағы бір үйдің жанынан өтіп бара жатып ішінен  ыңғайсыз бір халде отырған әйелді көріп қалады және оған бірнеше рет қарайды. Бірақ сол сәтте қатты өкініп, Алла Елшісіне (с.ғ.у.) осы жағдай туралы уахи түседі деп қорқып, артына қарамай қашып кетеді. Мекке мен Мәдина арасындағы тауға барып, сонда жасырынып қалады.

Солайша Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) оны қырық күндей көре алмайды. Сонда Жәбірейіл (а.с.) келіп: «Уа, Мұхаммед! Раббың Әзза уә Жәллә саған сәлем айтты: «Үмметтіңнен біреу тауға тығылып, тозақ отынан менен пана сұрайды» - дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) Омар мен Салманы Фарисиге (р. анһума) барып, Сәләбәні алып келуді тапсырады.

Олар жолға шығып, оны Мәдина мунәууәраның өткелдерінің бірінен көзінен жас ағып, тәубе етіп отырған жерінен табады. Сәләбә (р.а.) Омардан (р.а.) «Алланың елшісі (с.ғ.с.) менің күнәларымды біле ме?»- деп сұрайды. Омар (р.а.): «Ол жағын анық білмеймін, бірақ кеше Алла Елшісі (с.ғ.с.) сені есіне алып, жылап жіберді. Ол мені мен Салманды сені тауып кел жіберді» – дейді. Сәләбә: «Олай болса, Ей, Омар, мені Расулалланың құзырына Біләл қамат оқып, намазға тұрайын деп жатқан кезде шығар" - дейді. 

Омар (р.а.) оның бұл ұсынысын  қабылдап, оны Мәдинаға алып келеді. Олар келгенде Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) таң намазын оқып жатыр екен. Омар мен Салман  (р. анһума) бірден сапқа тұрып, бірге намаздарын қылады. Сәләбә (р.а.) Пайғамбардың (с.ғ.у.) мүбәрәк дауысын естігенде есінен танып, құлап қалады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) намаздан кейін сәлем беріп, Сәләбәні жанына шақырады. Сәләбә (р.а): «Уа, Алланың елшісі, сені тыңдап тұрмын!» – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) Сәләбәға қарап: «Сенің кетіп қалуыңның себебі не?» деп сұрайды.  Ол: «Кетуімнің себебі - менің күнәм, уа, Алланың елшісі!» – дейді. 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Сәләбәға: «Саған күнәларың мен қателіктеріңе кәффәрат болатын бір аяттан хабар берейін бе? «Раббанәә әәтина фид-дунйа хасанәтән уә фил-ахирати хасанәтән уә қина ғазабән-нәәр» ("Аллаһым, бізге дүние де жақсылық бер, ақыретте де жақсылық бер және бізді тозақ азабынан сақтай гөр" «Бақара» сүресі,201-аят) деп дұға қыларсың! -дейді.

Сонда Сәләбә (р.а.): «Менің күнәм өте үлкен, уа, Алланың елшісі!» - дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Керісінше, Алла тағаланың сөзі болған осы дұғамен Алладан кешірім сұрауыңның беретін сауабы сенің кемшілігіңтеріңнен де артық» – дейді.  Осылайша Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған үйіне қайтуын бұйырады.

Сәләбә (р.а.) үйіне барған соң ауырып, сегіз күндей үйінде болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Салманмен (р.а.) Сәләбәға барады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) отырып, Сәләбәнің басын мүбәрәк тізесіне қояды, бірақ Сәләбә (р.а.) бірден басын тартып алады. Алла Елшісі (с.а.у.): «Ей, Сәләбә, тіземнен басыңды неге алдың?» – деп сұрайды. Ол: «Менің басым күнәға толы, уа, Расулаллаһ» - дейді. Содан кейін «Сен не сезінесің?» - деп сұрауына: «Сүйектерім мен терімнің арасында құмырсқалар жүріп бара жатқандай сезінемін» - деп жауап береді.  «Қандай қалауың бар?» - деп сұрағанда Сәләбә (р.а.): «Раббымның мені кешіргенін қалаймын» - дейді. Осы кезде Жәбірейіл (а.с.) келіп:

«Азза уә Жәллә болған Ұлы Раббың саған сәлем айтты және: «Егер менің мына құлым бүкіл дүниенің көлеміндей күнәмен келсе де, мен оны дүние көлеміндей  кешіріміммен қарсы аламын» – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Сәләбәға (р.а.) бұл хабар жеткізгенде, ол сол сәтте жан тапсырады.

Алла Елшісі (с.а.у.) оның денесін жууды бұйырады және оны өз қолымен кебіндеп, өзі жаназа намазын оқиды. Осы кезде Алла Елшісі (с.а.у.) аяғының ұшымен жүріп келе жатты.  Сахабалар себебін сұрағанда, ол: «Мені хақ пайғамбар етіп жіберген Аллаға ант етемін, жаназаға қатысуға келген періштелердің  көптігінен, аяғымды қоярға жер таба алмай келе жатырмын» – деп жауап береді.

 

 

Пікірлер Кіру