Шын ұят пен өтірік ұят

10 ақпан 2021 8943 0
Оқу режимі

Мұса (ғ.с.) үмбеті қаталдық мінезімен, Иса (ғ.с.) үмбеті кешірімшілдік сипатымен, ал Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбеті ұят мінез-құлқымен ерекшеленеді. Қадірлі пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылманды жақсылыққа жетелейтін және жамандықтан жирендіретін бір негіздің болуын мұрат етті. Ұят – жақсылықтың ұрығы. Жамандықтың тамырын түбегейлі жоятын да осы қасиет.

Әнас (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Расында, әрбір діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі ұяңдық (ұят)[1]», – деп айтылған. Ұяттың болуы яки болмауы – адамның шынайы табиғатын көрсететін белгі. Ұят – адамның иманын құнды етіп, жүріс-тұрысына өң беретін қасиет. Адам бір іс-әрекеттен тұла бойы қысылып, орынсыз істен жүзі қызғылт түске боялып жатса, демек тегі таза һәм болмысы пәк.

Ал, сөзі мен іс әрекетіне мән бермейтін арсыз біреуде жақсылықтың жұрнағы да болмас. Ондай адамнан ізгілік күтудің үміті аз. Өйткені оны күнә жасаудан және арсыз іс-әрекеттен қорғап қалатын мінез-құлық жоқтың қасы.

Иман – пенде мен Жаратушының арасындағы ұлы байланыс. Иман арқылы пенденің жан дүниесі тазарып, мінез-құлқы түзеліп әрі іс-қимылы дұрысталады. Алайда, мұның барлығы адам өзегінде ұяты болса ғана жүзеге асады. Демек, иманды адам ұятын көзінің қарашығындай қорғаштауы қажет.

ИМАН МЕН ҰЯТ – ЕГІЗ

Үнемі ешбір қысылып-қымтырылмай арсыз амалдарды істеу, жайбарақат күнәні жасай беру ұяты жоғалған адамға тән тірлік. Ұят тұрмаған жерде иман да тұрлаусыз. Абдулла бин Омар (р.а.): «Ұят пен иман екеуі (ажырамас) егіз. Егер біреуі (кісі бойынан) кетсе, екіншісі де кетеді[2]», – деген хадис жеткізген.

Мұның себебі, ұят кеткен уақыттан бастап адам жаман ісін жамандықпен жамап, арсыздығын одан да сорақы әрекетпен өрбітіп төменге қарай құлдырайды. Ұят – жүректегі кіршіксіз сенімнің көрінісі. Адам баласын абыройлы ететін асыл қасиет те осы мінез.

ҰЯТ – ИМАННЫҢ БІР ТАРМАҒЫ

Ұят – мұсылманның барлық ісі мен сөзінің бақылаушы. Оның тілі арсыз да мәнсіз сөздерден таза болғаны жөн. Не айтып, не қойып жатқанына мән бермеу мұсылманға жараспайды. Әбу Һурайра (р.а.) мына бір хадисте: «Иман жетпістен астам тармақтан тұрады. Ең абзалы «лә иләһә иллә Алла» (Алладан басқа құдай жоқ). Ең төмені жолда жатқан кедергіні алып тастау. Ұят – иманның бір тармағы[3]»,-деген екен.

Ұят жетімсіреген қоғамның қарты қадірсіз, жастары әдептен үмітсіз. Еркегі бұғаусыз, әйелі тұрлаусыз келеді. Ибн Масуд (р.а.) риуаят еткендей: «Адамдарға алғашқы пайғамбарлықтан жеткен сөздердің бірі – «Ұятың болмаса, білгеніңді істе[4]», – деген сөздің кері болып келеді.

Бүгінгі күннің ұяты басқа. Ер азамат бай болмаса ұят. Әйел басына ақ орамалын салып, етек-жеңі ұзын көйлек кисе ұят. Кедей-кепшікпен дастарқан басында бірге отыру абыройға дақ. Ұят түсінігі түп-тамырымен ауысып кетті. Той-томалақта тост айтып «алып қоймасаң» масқара ұят. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды.

Ибн Хажар әл-Асқаланидің еңбегінде: «Төрт нәрсе – жақсы, алайда одан жақсы төрт нәрсе бар. Ер кісінің бойында ұятының болуы – жақсы, ал ұяттың әйелде болуы – одан да жақсы. Әр адамның әділ болуы – жақсы, ал әділдіктің басшыларда болуы – одан да жақсы. Қарттың тәубе еткені – жақсы, ал жастар тәубе етсе, бұл – одан да жақсы, байлардың жомарт болуы жақсы, жомарттықтың кедейдің бойынан табылуы – одан да жақсы[5]», – деген екен.

ӨТІРІК ҰЯТ

Бұл қасиет жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, Айша! Егер ұят адам болса, әлбетте ізгі адам болар еді. Ал, егер арсыздық адам бейнесіне енсе, әлбетте жаман адам болар еді[6]», – деген екен.

Кейде ұятты ынжықтық және өзіне сенімсіздік секілді кері мінездермен шатастырып жатамыз. Мәселен, намазхан: «Бір кісінің үйінде қонақ болдым. Таңертең намаз оқып, үй иелерін мазалауға ұялдым. Осындай жағдайда таң намазын қаза етіп оқысам бола ма?», – дейді. Бұл – жөнсіз ұялу. Тағы бір бауырымыз: «Жаңадан үйленген едім. Ертеңгісін ғұсыл құйынуға үйдегілерден ұяламын. Ғұсылсыз намаз оқи салсам бола ма?» – дейді. Неге біз құлшылық жасауға және таза жүруге ұяламыз. Неге біздің намаз оқығанымызды көріп, бейнамаздар ұйықтап жата беруден ұялмайды?!

ШЫН ҰЯТ

Хәкім Абай: «Шын ұят сондай нәрсе – шариғатқа теріс я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі – ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі, сол ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады...[7]»,-дейді.

Және де: «... Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?» дейді. Я болмаса «жә, жә, оған мен-ақ ұялатын болайын, сен өзің де сүйтпеп пе едің?» дейді. Немесе «пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен қылған, түгел қылған, менікі оның қасында несі сөз, пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе еді?» – деп, ұялтамын десең, жап-жай отырып дауын сабап отырады. Осыны ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе?![8]», – деген.

ДІНІМІЗДІҢ РӘМІЗІ

Иманымыздың нышаны, мұсылмандығымыздың белгісі – осы мінез. Көне көз ғұламалар: «Иманның төрт рәмізі бар, олар: тақуалық, ұят, шүкіршілік және сабыр», деген. Саңлақ сахаба Осман (р.а.) осы мінезбен ерекшеленген тұлға болды. Хазірет Османнан (р.а.) тіпті періштелердің ұялатындығы жайлы пайғамбарымыз айтқан-ды.

Айша (р.а.) анамыз риуаят етеді: Алла елшісі (с.ғ.с.) менің үйімде екі балтыры ашық күйде жастанып жатқан еді. Әбу Бәкір келіп, кіруге рұқсат сұрады. Пайғамбар рұқсат берді. Өзі сол күйінше әңгімесін жалғастыра берді. Бір уақытта Омар кіруге рұқсат сұрады. Пайғамбар рұқсат берді де, сол күйде әңгімесін айтып отыра берді. Сосын Осман кірді. Пайғамбар киімін түзетіп, (жастанып отырған жерінен тұрып) киімін қымтап отырды. Ол шығып кеткен соң пайғамбардан: «Уа, Алла елшісі! Әбу Бәкір кіргенде түрегеп отырмадыңыз, сосын Омар кірді. Сіз оған да түрегеп отырмадыңыз. Кейін Осман келгенде неге түрегеп, киіміңізді түзетіп отырдыңыз? – деп сұрадым. Сонда пайғамбар: «Періштелер ұялатын кісіден мен қалайша ұялмайын?[9]», – деп жауап берген екен. Мұндай мінез иесінің алдында адам баласы артық сөйлеуге не оқыс әрекет етуге ұялады. Себебі, ұят мінезі хош иісті гүл тәрізді. Бойындағы жұпар иісті маңайына таратып тұрады. Сондықтан бұл асыл қасиетті иемденген адамның берекетін басқалар да сезінеді. Аталмыш мінезді бойға сіңіру өте ауыр. Ал, оны жоғалту әп-сәтте.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласының тәнінде төрт асыл қасиет бар: ақыл, дін, ұят және ізгі амал. Бұл қасиеттерді төрт кесір мінез жойып жібереді. Ашу – ақылды, көреалмаушылық – дінді, дәмету – ұятты, ал ғайбат – ізгі амалды», – дейді.

Адам ең әуелі өз арының алдында және Жаратушысының алдында ұятты сезіне білуі тиіс. Абдулла ибн Аббас (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағаладан лайықты түрде ұялыңдар,- деді. Біз: Уа, Алла елшісі! Расында, Аллаға шүкір, біз ұяламыз, -дедік. Ол кісі (с.ғ.с.): Олай емес, Алладан лайықты түрде ұялу: басты және ондағы мүшелерді (ауыз, көз және құлақ) сақтау, іш және ондағыға (жыныс мүшесіне және асқазандағы тамаққа) сақ болу, өлімді және (тәніміздің) пәнилігін естен шығармау, кім ақыретті жақсы көрсе, дүниені тәрк етеді. Кім осылай етсе Алладан лайықты түрде ұялғаны», - деп жауап берді[10]»,-делінген.

Әнас (р.а.) риуаят еткен хадисте «Арсыздық не нәрсеге жабысса, әлбетте оны қор етеді. Ал, ұят не нәрседен табылса, оны көркем ете түседі[11]» деп айтылғандай, қазіргі таңда, адамдарда біраз ұят болса, көптеген жамандық атауынан арылған болар едік.

Руслан Қамбаров


[1] Имам Малик
[2] Мирқат Мафатих
[3] Бұхари, Муслим
[4] Ибн Хиббан
[5] Мунаббихат
[6] Табарани
[7] А.Құнанбаев, Алматы «Жазушы», 1986ж., Екі томдық шығармалар жинағы, 2-том, 36-қара сөз, 133-бет
[8] А.Құнанбаев, Алматы «Жазушы», 1986ж., Екі томдық шығармалар жинағы, 2-том, 36-қара сөз, 134-бет
[9] Муслим
[10] Термизи, Ахмад, Хаким
[11] Тирмизи

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру