ШӘКӘРІМНІҢ "ҚҰДАЙ ТАЗА ЖАРАТТЫ, СЕН ТАЗА БОЛ" ДЕГЕН СӨЗІ ТӨҢІРЕГІНДЕ

14 маусым 2024 1589 0
Оқу режимі

Ислам – тазалыққа, пәктікке, адалдыққа шақыратын дін. Қасиетті Құран кәрімде:

«Сөзсіз, Алла тәубеге келгендер мен тазаланғандарды жақсы көреді» - делінген. («Бақара» сүресі, 222-аят).

Байқасаңыз, аятта тәубеге келу мен тазалану мәселесі қатар аталған. Себебі бұл екі ұғым нағыз тазалықтың негіздері саналады. Бірі тәніміздің, екіншісі рухымыздың тазалығы. Тәубеге келудің өзі күнәдан арылудың, тазарудың жолы. Демек, мәңгілік бақытқа қол жеткізушілердің алғашқы сипаты – тазалық. Тазалық жүрекпен, ішкі жан дүниемен байланысты болғандықтан, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріптерінің бірінде:

«Тазалық – иманның жартысы» - деп түйіндеген. Таза болмасаң, иманың кәмілемес деген сөз. 

Асыл дінімізде тазалыққа соншалықты мол мән берілуінің тағы бір себебі мұсылманның күніне бес уақыт ұлы Раббымыз Алла тағаланың құзырына шығып намаз оқуында. Алла тағаланың алдына кір-қожалақ болып шығудың қаншалықты дұрыс емес екендігі айтпай-ақ түсінікті. Намаз деген ұлы ғибадатты орындау үшін мұсылман денесінің, киімінің және намаз оқитын жерінің, сондай-ақ жүрегінің тазалығына мән беруі керек. Намаздың сыртқы алты парызының бірі тазалық екендігі сондықтан. 

Алла тағала әрбір адамның жанын да, тәнін де әу баста пәк етіп жаратқан. Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Әрбір адам анадан пәк болып туылады» - деген хадисі сөзіміздің дәлелі.

Шәкәрім атамыз да «Құдай таза жаратты, сен таза бол!» - дейді. Адам әу баста таза жаратылғанымен, өзіне дұрыс қарамаса, бірте-бірте жанын да, тәнін де кірлетіп алуы ықтимал. Мәселен, ғұсыл, дәрет дегенді білмейтін немесе оған дұрыс мән бермеген адамның әрбір күні қашан тазаланғанға дейін жүніп (былғаныш) күйде өте бермек. Сондай иман негіздерін бойына сіңдірмесе, өтірік, өсек, ғайбат, күпірлік секілді кез келген күнәға салынып кетуі мүмкін.

Сондықтан мұсылмандыққа бет бұрған жан ең алдымен, жақсылап ғұсыл құйынып, яғни толық шомылып, тәнін тазартуы, содан соң «Лә иләһа иллаллаһ, Мухаммадур расулуллаһ» - деп мұсылмандықтың куәлігін айтуы керек. Содан әрі сыртқы денесін, киген киімдерін, жүрегін таза ұстайды. Бұл жоғарыда айтқанымыздай, мұсылмандықтың да, имандылықтың да белгісі. Сондай-ақ жейтін асымыздың адал болуы да тазалық шеңберіне енеді. Ал астың адал болуы оны табу жолына да байланысты. 

Жалпы, мұсылман ғалымдары Құран мен хадистерге қарап, тазалықты төртке бөледі: 

1. Дене, киім мен намаз оқитын жердің тазалығы. 

2. Күнәдан тазалық. 

3. Жүректің қызғаныш, өркөкіректік, рияшылдық, дұшпандық секілді жаман аурулардан тазалануы. Олардың орнын кішіпейілділік, тәубе, сабыр, үміт, сүйіспеншілік секілді көркем сипаттармен толықтыру. Бұл – тақуа жандарға тән иман мәртебесі.

4. Жүректің Алладан өзге барлық нәрседен тазалануы. «Ләә иләһә иллаллаһ» (Алладан басқа құдай жоқ) деген тәухид сөзінің жүректен толық орын алуы. 

Қысқасын айтқанда, мұсылман адамның тазалыққа қатысты бірқатар міндеттері бар. Аллаға бойұсынған жандар соларды ізденіп, үйреніп-біліп өмірінде жүзеге асыруы керек. Алла тағала баршамызға жанымыз бен тәніміздің таза болуын жазсын!

"Даналық ойдан дән ізде". 

 

 Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру