ШӘКӘРІМ: ДЕДIМ МЕН: «АСТАПЫРАЛДА!»

29 қазан 2024 697 0
Оқу режимі

Қырық жылдан өтiп жасым,

Ақылым болды сырласым,

Отыз жылдық замандасым,

Иманым – басшы жолдасым.

 

Оқи алмай ғылым тiлiн,

Тұман болып жарық күнiм,

Қасықпен аршыдым жылым,

Не көрмедi ғарып басым.

 

Әлемдi ойменен кездiм,

Перевод малтасын ездiм,

Жарымның сәулесiн сездiм,

Моланың ақтарып тасын.

 

Моладан шықты көп нұрлар,

Нұры өлшеусiз сұлу бiр жар:

«Деме,– дедi,– ғылымым тар,

Ерiнбесең, менi аласың».

 

Есiм шығып қуанғаннан,

Адастым мен ар, иманнан,

Күдер үзiп шыбын жаннан,

Болып тұр иманым қасым.

 

Жарымның нұрына жанып,

Тәнiм көмiр бола қалып,

Жүрегiмдi жарып алып,

Ағызды арамын, насын.

 

Берiп жарым тiлегiмдi,

Тазартқан соң жүрегiмдi,

Дедi: «Ұстат бiлегiңдi».

Дедiм: «Қайда апарасың?»

 

«Адамзаттың қылар iсiн,

Иманын, ары, нәпсiсiн,

Жарамын, көрсетем iшiн,

Ниетi мен iшер асын».

 

Әуелi сопыны сойды,

Жүрегiн алдыма қойды,

Көрiп едiм талай тойды,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Қылыпты тасбиығын тұзақ,

Iлiнген көп момын қазақ,

Буынып тартқан ол азап,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Попы мен молдасын жарып,

Көрсеттi алдыма салып,

Кереметiн көрiп қалып,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Құран, Iнжiл қылып қақпан,

Адам аулап сойып жатқан,

Шапанымен қанын жапқан,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Бiреудi сойды: «Бұл – пiр»,– деп,

«Қиянатты қылып жүр»,– деп,

«Жүрегiне қара бiр»,– деп,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Айуанша лықылықтап,

Мүритiн жүр бұғалықтап,

Таңып сәлдесiмен мықтап,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Алып келiп ақ патсаны,

Бауыздалған шығып жаны,

«Жарып көршi,– дедi,– кәнi»,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Iшi толған адам тәнi,

Бaлaсы әм зорайғаны,

Кейiнiң шықпаған жаны,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Ұлық болған талай мықты,

Қылып жүрген жуандықты,

Iшiнен көп бәле шықты,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Нашардың еңбегiн жеген,

Жылатқан ол талай неген,

Iсiнен сескенiп денем,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Және сойды би-екемдi,

«Жедiң ғой,– деп,– талай жемдi»,

«Анықтап қара,– деп,– ендi»,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Жылан, шаян жеген жемi,

Көңiлге аян пара екенi,

Сасыпты жемiнiң денi,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Бiр сәудегер өсiмшiл бай,

Оны сойды аналардай,

Сасығынан шыдай алмай,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Паралап ол ұлықты алған,

Сомына сом өсiм салған,

Қиянатпен қосып жалған,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Қиянатшыл арам досты,

Басын кесiп, iшiн осты,

Ол аузынан боғын құсты,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Досын алдап малын жептi,

Әйелiмен тамыр бопты,

Тамақ қылған талай боқты,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Әсет алғыш өнершiлдi,

«Мiнi, көр»,– деп iшiн тiлдi,

Арамдығын аян қылды,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Қазiр iстеп беремiн деп,

Талайды алдап задатке жеп,

Қылып жүрген осындай еп,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Әкелдi бiр келiншектi,

Салақтатып екi емшектi,

«Бұ не?» – деп қарнына тептi,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Болса да өз байы жап-жас,

Талаймен болған ол ойнас,

Сол ойнастан буаз ол нас,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Бiр еркектi және сойған,

Қарнын алдыма қойған,

Әйелдiң астына тойған,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Мiсе қылмай таза жарын,

Ойнасқа салған ол барын,

Бұзып елдiң қатындарын,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Мен ақ жүрек дегендердi,

Терiсiн сойды да бердi,

Етi – қасқыр, көзiм көрдi,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Әдiлеттiң атын сатқан,

Жала жауып момынды атқан,

Қой терiсiн киiп жатқан,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Алып келiп ұрыларды,

«Мiнi, көр»,– деп iшiн жарды,

Жеген талай момындарды,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

 

Көбi мен iстеген iсiм,

Бұрын көрген бұл бiр түсiм,

Тазарған соң сонан iшiм,

Дедiм мен: «Астапыралда!»

Шәкәрім қажы әулие ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ

Пікірлер Кіру