Сабыр – иманның жемісі

26 ақпан 2021 10948 0
Оқу режимі

Сабыр – адамзатты кемелдік шыңына жетелейтін ең асыл қасиеттердің бірі. Әлсіз жаратылған пенде өмірдің сындарлы сәттерінен сабыр сақтау арқылы ғана өте алады. Себебі Алла Тағала адам баласын бұл дүниеге уақытша сынақ үшін жіберген. Қасиетті Құранда: «Сөзсіз, біз сендерді қорқынышпен, аштықпен, мал-мүліктеріңді және өздеріңді әрі өнімдеріңді кем қылу арқылы сынаймыз», – деген. Демек, адамның басына әртүрлі сынақ келуі мүмкін. Сондай сын сағаттарда сабыр сақтай білген адам екі дүниеде жетістікке жететіні анық. Себебі Алла Тағала Құран кітабында: «Анығында Алла сабырлылармен бірге», - деп сабырлы құлдарын сүйіншілеген. Егер де сіз қиналған кезде Алла үшін сабыр етсеңіз, Алла да сізге сынақтан сүрінбей өтуге көмек береді. Асылында шын сабыр соққының алғаш тиген сәтінде болады. Ал егер адам «Құдай саған не жаздым» деген сөз айтып, артынша сабыр сақтайын дейтін болса, ол сабыр емес, керісінше сол қиыншылыққа жай ғана көндігу  болып қалады.

Бірде Алла елшісі (с.ғ.с.) қабірді зиярат етуге барғанда қайтыс болған баласының қабірі үстінде шашын жұлып, бетін тырнап, тағдырын қарғап айқайлап жылап жатқан бір әйелді кездестірді. Алла елшісі әлгі әйелді сабырға шақырмақ болғанда, ол кісі: «Ары жүр,  менің басыма келген қайғы саған келмеген соң сен менің жағдайымды түсінбейсің», - деп маңына жуытпады.  Ол әйел келген кісінің Пайғамбар екенін білмей қалды. Оған ол адам Алла елшісі еді ғой деген кезде дереу Расулалланың үйіне қарай жүгірді. Пайғамбарымыздың құзырына келіп жасаған қателігіне өкініш білдіріп кешірім сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Нағыз сабырсоққының алғаш тиген сәтіндегі сабыр», –  деген екен.

Яғни, саналы адам баласы басына қандай да бір сынақ келген сәтте ашуға берілмей және шарасыздық танытып қателікке бой алдырып қоюдан сақтанып ұстамды болуы қажет.

Көркем мінездің үлгісі болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның қай ісі болмасын қайырлы. Алайда, бұл нығмет нағыз мұсылманның ғана маңдайына бұйырған. Ол жақсылыққа тап болса, бірден шүкіршілік етеді – бұл оған қайырлы. Егер ол қандай да бір қиындыққа тап болса, дереу сабырлылық танытады – бұл да оған қайырлы», – деп, үмметін шүкіршіл және сабырлы болуға үндейді.

Сондай-ақ, қазақ халқында: «Сабыр түбі сары алтын», «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген өте мағыналы сөздер бар.

Анығында Алла Тағала адам баласына көтере алмайтын сынақ бермейді. Құранда: «Алла ешбір жан иесіне ол көтере алмайтын жүкті жүктемейді», – деген. Себебі Алла Тағала әділ және мейірімді. Құлдарына зәрредей зұлымдық қылмайды. Көбінесе өзіміз уақытша қиындыққа шыдамай, сабырсыздық танытып зиянға ұшырап жатамыз. Өмірде қалың қара бұлт басып жаңбыр жауғаннан кейін жарқырап күн шығатыны секілді бір қиындықтан кейін міндетті түрде жеңілдік келеді.

Оған дәлел Алла Тағала бір аятта екі рет қатарынан: «Ақиқатында, қиындық пен жеңілдік бірге жүреді. Расында қиындық пен жеңілдік бірге келеді», – деп сүйіншілеген.

Қорыта айтқанда, Алла Тағала саналы адам баласын уақытша сынақ өмірде шамасына қарай сынақ беріп, пендесі сабыр сақтап сол сынақтан сүрінбей өтетін болса бұл дүние мен ақыретте сансыз нығметтеріне бөлемек. Соңында мұсылманның асыл мекені болған жұмаққа кіруге лайық болмақ!

Әлімқұлов Нұржан Ескендірұлы
Нұр-Сұлтан қаласы «AQ MESHIT» мешітінің наиб имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру