Қызды тәрбиелеудегі әкенің рөлі

24 қыркүйек 2018 12364 0
Оқу режимі

Әке тәрбиесі баланы материалдық тұрғыда қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Қыз баланың дамуында, толыққанды азамат болып өсуінде анасының бере алмайтынын әкесі бере алады. Жақсы тәрбие әке мен ананың бірдей атсалысуынан қалыптасады.

3 жасқа жеткенде қыз ер адам мен әйелдің айырмашылығын біле бастайды. Осы уақытта қыз балада әйел затына тән қылықтар мен әдеттер дамиды. Анасынан гөрі, әкесінің жанында өзін еркін, «ханшайымдай» сезінеді, тек әке ғана қызының нәзіктігі мен сүйкімділігін қалыптастыра алады. 

Ана баласының жынысына мән бермейді дейді психологтар. Ал әкелер алғашқы күннен-ақ сәбиін бала немесе қыз ретінде қабылдайды. Сондықтан толыққанды отбасыларда қыздарға тән нәзіктік, биязылық пен ұяңдық ертерек дамиды.

Әкенің қыз тәрбиесінде алар орны өте маңызды. Қыздың дамуы, болашақ жарымен қарым-қатынасы, отбасылық өмірдегі жетістігі мен өзін-өзі танытуы дәл осы әкенің қызына деген қарым-қатынасына байланысты. Қыздар болашақ жарын әкесіне ұқсағанын қалайды.

Қызына жылы сөйлеп, үнемі мақтап отыратын әке қыздың өзін-өзі бағалап, үлкен жетістіктерге жетуіне, дұрыс жолды таңдауына себеп болады.

Ал, «Қызды қырық үйден тый» деп  жөнсіз дөрекілік танытып, кемсітіп, ұрсу қыздың жігерін жасытып, адам болып, әйел болып қалыптасуына кедергі келтіреді.

Ескерту жасағанда да «қызым, оның дұрыс болмайды», «қыз балаға ол қылық жараспайды» деп сыпайы түрде айтқан жөн, балиғат жасқа толғанда тым еркелетіп, айтқанын екі етпей орындай беру де дұрыс емес.

Анасы қызын үй шаруасына баулып, ертеңгі күні бір үйдің келіні болатынын, ана болатынын айтып отырса, әкесі өмірдің басқа да жалпы түсініктерін қалыптастыра отырып болашақ өмірге дайындайды.

Қызымен бірлесіп ойындар ойнау, логикалық есептер шешу, сабағын бірлесіп оқу – қыздың дамуындағы маңызды сәттер.

Мейірімділік таныту, көмек сұраған сәттерінде қол ұшын беріп, ақылын айту – әкенің міндеті.Қыз отбасында не көрсе соны болашақ ұясында жасайтынын естен шығармаңыз.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру