ҚЫЗ БАЛАНЫ ТҰРМЫСҚА ШЫҒАРУ ЖАСЫ

20 қаңтар 2025 219 0
Оқу режимі

Қазір дінді/исламды, діни мәтінді (Құран-хадис) буквалды түсінетіндер, дінді өзінің қалау-құмарлығы бойынша түсінетіндер, арабтың немесе т.б. салт-дәстүрін, тарихи кейбір оқиғаларды дін ретінде тықпалайтындар, осылайша дінді кірлетушілер көбейіп барады. Бұл – ешқашан жақсы нәтижеге  апармайды. Бұл жерде бір мәселені айтар болсам, ол қыз баланы тұрмысқа беру жасы. Кейбіреулер қыз баланы 9 жаста тұрмысқа беруге болатынын айтып жүр, тек бізде емес таяу шығыстық кейбір елдерде де бұл туралы айтылады. Бұл – дұрыс емес, дүмшелік, надандық, қараңғылық, басқа ештеңе емес. Өйткені 9 жас деген әлі кішкентай сәби.

-Ислам ешқашан болмысқа, адамшылыққа, адами құндылықтарға, мәдениетке, сау ақылға, білім-ғылымға қайшы нәрсе айтпайды.

-Исламда қыз баланы тұрмысқа беру үшін мына шарттар болу керек:

  а) Ақыл-ойы толыққан, жақсы-жаман, пайда-зиянды ажырататын, өзін өзі басқаратын жасқа келу.

б). Биологиялық жетілген болу, яғни ана болуға дайын болу. Бұл бізде 15-16 жастан басталады. Бұл – ең төменгі  мөлшері. Үйлену осы жастан жоғары болуы тиіс. Бұған қатысты Құранда аяттар бар (Ниса сүресі, 6-аят; Талақ сүресі, 4-аят).

- Ислам діні қыздың өзінің қалауы, таңдауы және рұқсатынсыз/келісімінсіз ұзатуды, біреуге күшпен беруді, қалың малға сатуды да мақұлдамайды, одан тыйған Пайғамбардың хадистері бар.

-Егер мемлекет заңы үйлену жасының төменгі шегін 18 ретінде бекіткен болса, сол заңға бағыну керек. Басқа анау, мынау, дінде былай деген секілді артық әңгіме айтып қажет емес.

-Ақылы мен ағзасы әлі жетілмеген, отбасы болуға, отбасын басқаруға қабілеті толмаған кішкентай қыздың немесе ұлдың үйленуін ислам ешқашан насихаттамайды. Сондай-ақ үйленуге қатысты әртүрлі теңсіздікті де насихаттамайды.

- Ислам үйленетін ер мен әйелдің мүмкіндігінше өз теңімен болуын ұсыныс етеді. Бұл теңдік мәселесі шариғатта «әл-Кәфаәт» (الكفاءة) деген тақырыпта талқыланады. Теңдік:

. Дін,

 . Тек,

. Азаттық,

. Мамандық-Білім,

. Байлық,

. Жас,

. Дене,

. Сұлулық... қатарлы ерекшеліктерге байланысты қарастырылады.

-Егер үйленетін ер мен әйелдің арасында аталған ерекшеліктерге байланысты теңдік, жақындық болмаса, тым алшақтың болса ол некенің баянды болмауы, кейін мәселелер туындауы әбден мүмкін. Мысалы, үйленген ер мен әйелдің бірі діндар, бірі діндар емес; бірі текті/элита, бірі қарапайым шаруа, бірі аса бай, бірі кедей болса... т.б.

Жоламан БҰЛАНҰЛЫ

Пікірлер Кіру