ҚҰДА ТҮСУ МЕ? СЫРҒА САЛУ МА?

15 ақпан 2024 4653 0
Оқу режимі

Қазағымыздың ежелден келе жатқан салтының бірі-құда түсу салты. Соңғы кездері осы құда түсуіміз де сырға салу дегеннің көлеңкесінде қалып бара жатыр. Неге десеңіз, қазір құда түсеміз деп емес, сырға салуға бара жатырмыз дейтіндер көбейді. Тіпті құда түсу деген сөздің өзі айтылудан қалды. Бұрындары құда түсеміз, қыз айттырайын деп жатырмыз демеуші ме еді, халқымыз. Сырға салу деген жалпыға бірдей міндетті де емес. Ертеде де сырғаны бай, ауқатты адамдар салатын болған. Бірақ оның бәрі құда түсіп, құданың ырзашылығын алғаннан кейінгі әңгіме.

Бастысы - құда түсу, сырға салу емес. Қазір сол сырға саламыз деп 15-20 адам, кейде тіпті 35-40 адам болып шұбырып баратын болып жүрміз құданың үйіне. Құда мал сойды екен деп анаған да, мынаған да жүр деп тайлы- таяғымызбен бәріміз қалмай бару, әлі құда болып бата жасаспаған үйге тіпті ұят нәрсе, шындығында. Осындайда ұят болады, әдептен озбайық деп ақыл айтып отыратын үлкендеріміз, ақсақалдарымыз қайда?

Өткенде бір сырға саламыз деп көп адам барып, ауылдың адамдары кірейін десе отыратын орын қалмапты. Сонда бір үлкен кісі: - Сірә ауылдарыңда адам қалды ма? - деген екен кейіп. Құдалар жағы күлді дейді сасқандарынан. Масқара, түсінген адамға құда болмай жатып, бұндай сөз есту күлкі емес күмірә емес пе?

Қой ағайындар, өйтіп қадірімізді кетірмейік, ойланайық құда түсуге алғаш барғанда азғантай ғана адаммен барайық. Сосын той өткесін құдалыққа барғанда жақын-жуығыңды, тумаластарыңды ертіп баруға болады. Сондықтан құда түсіп барғанда баса көктемей, әдеппен барынша сыпайылық танытқан дұрыс. Сыйластық осыдан басталады. Қыз алатын жақ барынша сабырлы, ұстамды болуы керек.

Бұрындары құда түскенде келін алайын деп жатқан адамның тумаластары, ағалары бас-аяғы үш-төрт адам барып, қыздың ата-анасының алдынан өтетін еді. Онда да тек ер адамдар ғана баратын, құда түсуге. Қазіргідей жаулықтары желпілдеп әйелдер жүрмейтін. Ол уақытта әлі бата жасаспаған адамдарға мал сойып та әлек болмайтын еді жұрт. Етін асып қойып, дастарханын жайып күтетін. Өздерін таныстырып, келген шаруаларын айтып, бір шәй ішіп, еттерін жегеннен кейін қош айтысып, енді құданың ауылынан хабар күтетін. Содан құда жағының келісімін алғасын салтымыз бойынша барлық жөн-жоралғысымен, бір-екі жеңгесімен күйеу құда атандыратын. Сөйтіп барып қызды алып қайтатын. Міне шалдардың жолы осылай еді, бұрынғы.

Қазір сол тәртіп кетті елден. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ деген заманның өзі болды. Сырға саламыз деп бір келеді, сосын той өткесін тойдан сарқыт әкелдік деп мал сойдырып тағы келеді. Содан құдалықты ресторанда өткізіп алады да, есік көрсетем тәтті шәй деп, ел жинап тағы жүреді. Қойшы әйтеуір, бір қыз ұзатудың жыры бір жылға кететін болды қазір.

Күлтөбенің басында күнде жиын дегендей жиын көбейіп кетті. Ерсілі-қарсылы бір жүріс. Қызы бардың назы бар дегендей, қазағым қыз баланы жат жұрттық деп ерекше қадірлеп, еркелетіп өсірген. Тіпті қандай қонақ келсе де қыз балаға қолға су да құйдырмаған аталарымыз. Сөйтіп мәпелеп қыз өсіріп отырған үйді қайта-қайта барып тапалап, қадірін кетірмейік ағайын. Келгенше қонақ ұялады, келгесін үй иесі ұялады деген. Барамыз деп отырғасын қалай келме десін. Барған сайын мал сойып шабылады, дастарханы өз алдына. Білмеймін, сырға салдырмай-ақ та талай апаларымыз, жеңгелеріміз үй болып кетіп еді ғой осы.

Бұның бір жаман жері, әркім сырғаны жағдайына қарап салады. Содан, сенің әке-шешең маған қымбатын салмады, арзанын салды деп жастардың арасында араздық та тууы мүмкін. Сонда махаббат қайда, өмірді енді бастағалы тұрған балаларымыздың бір-біріне деген аппақ, адал сезімдері қайда қалады?

Барлығын дүниямен өлшемейік ағайын. Қазіргі тойдан кейінгі үлкен шаруа ол - құдалық болып отыр. Қыздың жасауын жасау үлкен бір проблемаға айналды. Тіпті салмайтындары жоқ, бәсеке бірінен-бірі асырып кетіп жатыр. Жүкті түсіріп жатқанда қарап тұрсаң бір үй көшіп келіп жатыр ма деп қаласың.

Мейлі дейсің ғой, бар болса сала берсін, бірақ барлығы бірдей НГДУ-да істеп отырған жоқ қой. Көпшілігі бір-бірінен қалмайын деп банктерден несие алып қарызға белшесінен батып жатыр. Қаншама бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтіндер бар, мүжәлсіз отбасылар, тіпті жұмыссыздар көп. Сондықтан ағайындар, қанша бар болғанда да бір шама болуы керек сияқты. Бір жоба дүниясы берілсе ары қарай өздері талпынып, басқа керек жарақтарын өздері бірігіп алып кете бермей ме жастар?

Өз еңбектерімен тапқан заттары қымбат, ыстық болады адамға. Ағайындар, менің айтайын дегенім ата салтымызды келешек ұрпаққа жеткізу үшін шалдардың жолынан айнымайық. Сырға салу деп емес, құда түсейін деп жатырмыз, қыз айттырайын деп жатырмыз деп, дұрысын айтайық. Балаларыңыз бақытты болсын, келін алып, қыз ұзатыңыздар! Рахмет!

 

Жантеке Жаримбетов

 

 

 

 

Пікірлер Кіру