«ҚОҢЫР ӘУЛИЕ» ҮҢГІРІН БІЛЕСІЗ БЕ?

05 тамыз 2024 1854 0
Оқу режимі

«Қоңыр әулие» атауымен дүние жүзінде белгілі болған  8 жерде үңгір бар екен. Бір қызығы «Қоңыр әулие» деп аталатын үңгірлердің бәрінің аузы күнбатысқа қараған.

Сол сегіз  үңгірдің бесеуі Ұлы Тұран даласында үшеуі Европа тауларында деседі. «Қоңыр әулие» үңгірлерінің ішіндегі ең ірісі Абай облысындағы Ұлы Абай, Шәкерім қажы, Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауиндер дүниеге келген қасиетті топырақта. Екінші  –  Баянауыл-Жасыбайдағы үңгір. Келесі екі Қоңыр әулие оңтүстік өңірде. Бірі – Қазғұрт тауында. Оған көп адам бара қоймайды, иендеу жер. Екіншісі – бұрынғы Леңгір ауданы, қазіргі Төле би  ауданында. Бадам сарқырамасы жағында, оны кейбіреулер «Сулы үңгір» деп те атайды. Ал Қазақ даласындағы бесінші «Қоңыр әулие» үңгірі еліміздің батысында, Жайықтың жағасында. Дүние жүзіндегі сегіз Қоңыр әулиенің қалған үшеуі Еуропада, Батыс Карпат тауларында. Қоңыр әулиенің бір ғажабы – тауы да, орналасуы да, үңгірі де бір-біріне өте ұқсас келеді. Баянауылдағы «Қоңыр әулие» үңгірі шырақшысының айтуы бойынша қасиетті мекендердің  аңызы тереңде жатыр.

Израиль мен Иорданияның шекарасында тұрған Қоңыр әулиені «Ескендір Зұлқарнайдың тәу ететін орны» деп атайды екен. Аңыз бойынша, Ескендір жорыққа аттанарда сол үңгірге кіріп екі-үш күн жатып, үңгір иесі рұқсат берсе, аттанып, жауын жеңіп, жеңіспен оралады дейді. «Сұлтан Сүлеймен» деген телесериалдағы Сүлеймен сұлтанның бас уәзірі Ибрагим паша жараланғанда сүйреп әкеп, бір үңгірдегі суға салатын эпизотты байқасаңыздар сол үңгірдің аты да «Қоңыр әулие».

Әлемнің сегіз жерінде орналасқан «Қоңыр әулие» кім? Бұл туралы  Әлкей Марғұлан, әлемге танымал антрополог Михаил Герасимов, жиһанкез поляк Адольф Янушкевич, Петр Рычковтар:  «Қоңыр әулие – пайғамбар» дегенді айтады. Жер бетінде ғұмыр кешкен 124 мың пайғамбардың біреуі түркі нәсілінен болған екен. Оны орыстар «пророк Илия» дейді, бізде – «Қызыр Ілияс» немесе «Қыдыр ата» дейді. Сол Қызыр Ілиясқа 18 мың ғаламның иесі Алла тағала қиямет қайымға дейін мәңгілік өмір сыйлаған екен. Елге батасы тиіп, тілегімізді Аллаға жеткізу үшін ол мәңгі жасайды деген ұғым бар. Үңгірге бір ұзын бойлы қоңыр адамның кіріп-шығып жүргенін ғұлама ғалымдар, көріпкел бақсылар, шырақшылар, ұзақ уақыт қарына құрық іліп жүрген жылқышылар көреді екен – дейді Баянауыл шырақшысы Алтынбек Құрманов мырза.

Қоңыр әулие жеріне қадам басқан сайын – әпсана, адым басқан сайын – аңыз. Баянауылдағы сол қоңыр үңгір 4 бөліктен тұрады. Қысы-жазы есігі ашық. Кірген бойда «Күмбез» - мешіт бөлігі. Құдай үйі – құтхана. Одан кейінгі хан да, қара да басын иіп кіретін – босаға. Қазақ босағаң берік, шаңырағың биік болсын дейді. Бұл жерде бәрі де басын иіп кіреді. Әйгілі бабаларымыз да, ғұлама ғалымдарымыз да, қарапайым халыққа да Алла тағала бәрінің басын игізіп қойған. Келесі – ұзын дәліз, «қоналқы». Ешқандай күн сәулесі түспейді. Тек есіктен түскен сәулемен ғана жарықтанып тұр. Қоңыр әулие үңгіріне келетін  мұқтаж жандардың ешкімге айта бермейтін бір құпия тілегі бар. Жан дүниесін, іштегі шерін тарату үшін осында келеді. Үңгірдің ең түкпірінде баспалдақпен көтерілсең, тас қазан бар. Бір кереметі қазандағы су – қасиетті. Оның құрамында 9 пайыздан жоғары күміс бар. Медицинада таза күміс денсаулыққа аса пайдалы. Күзгі салқында, қыста үңгірге ешкім бармай қалғанда, қазанның суы толады. Сырылдап ағып, өзімен-өзі тазарады. Бір жұмадай тоқтаусыз ағады. Сосын басылады. Осы судың емдік қасиеті өте жоғары. Қазан айында адам аяғы басылып, бұл төңіректе аңдар келе бастайды. Сілеусін, арқар, құлжа, бұлан жүреді. Қазан  айында толған су сол қалпы келесі жылдың сәуіріне дейін тұрады. Қыста күмбезде 2-3 градус жылы болса, босағадан аттаған соң 4-5 градусқа дейін жылылық болады. Ал «қоналқада» 8-12 градус аралығында ұядай жылылық сақталады. Далада қақаған аяз болғанда да үңгірдің ішінде өрмекші өрмегін өріп жүреді. Қыста аса мұқтаж жандар болмаса, бұл жерге жан баласы аяқ баспайды. Қандай аязда қазанның суы қатқан емес. Далада қарлы боран соғып тұрғанда үңгірдің ішінде жылы самал үрлеп тұрады.

Қоңыр Әулие үңгіріне көтерілетін баспалдақтардың ұзындығы 110 метрді құрайды. Әр 10-15 метр сайын демалуға арналған алаң жасақталған. Екі камерадан тұратын үңгірдің жалпы ұзындығы 30 метрді құрайды.

Ұлы Тұран даласына ислам діні келгенше күнге табынып, тәңір құты – Ұмай ана дестік. Қазақтар «Бай ана» дейді. Өзі сондай бай ана -  жомарт, мырза, сұрасаң байлық, алдыңа мал, шаңырағыңа жан салып береді. Сол заманда осы өлкені Алтай түркілері мекендеп, Қағандар күнде таңмен таласа тұрып, шығыстан шығар Күнді күтіп алып, «анамыз оянды»  деп елді оятады екен. Дүниенің барлығы анадан туады, анадан тарайды. Сол Анасына деген махаббаты зор Қаған «Қоңыр әулиенің» маңында жанында айдаһары бар  шығысқа – Алтайға қарап тұр. Жыланды қасына қарауыл еткен Қағанның бейнесін әулие басындағы шырақшы қалшиып шығысқа көз тіккен адам бейнелі тасты көрсетті. Жер ана, табиғат ана деген секілді қазақы түсінікте де Ана алғашқы орында тұрады. Қаған да өз құрметін, махаббатын әуелі Анасына көрсетеді. Міне, сол Қағанның заманында осы қасиетті Қоңыр әулие үңгірін «Бай ана үңгірі» деп атаған екен. Сол Бай ана осы үңгірді мекен етеді. «Қоңыр әулие» бір жартас үстіне жүк артылып, шөгіп жатқан түйеге ұқсайды. Аңызға сенсек, түйеге жүк артып жетелеп бара жатқан  әйел адам секілді. «Тәңір құты Бай ана (Ұмай ана) төрт түліктің әулиесі желмаяға қасиетті Қоңыр әулие үңгірінен ырыздық пен несібені, жақсылық пен берекені артып алып, мынау Ұлы даладағы халыққа таратуға кетіп барады» - дейді көне аңыз.

Осы үңгірді зерттеген ғалымдар  Әлкей Марғұлан мен Герасимов үңгір ішінде руна жазуымен жазылған тақтайша болғанын анықтапты. Онда «Қаған ұлы Тұғырыл» деген жазу болған деседі. Әлкей Марғұлан қалдырған аңыз бойынша ежелгі түркілер өздерінен кейінгі мұрагерлерін осы үңгірде сайлайтын болған. Сонда тұғырға көтерілген жас қаған төмендегі халық пен үңгір ішінде отырған ру басылар, тайпа көсемдеріне ант береді. "Мен екі дүниенің босағасында тұрмын. Әне – мәңгіліктің мекені, міне – Жаратқанның күмбезі, әне – жарық дүние! Ант етемін! Жетім менен жесірге пана болам, ғаріп пенен міскінге қорған болам! Аш-арыққа тамақ болам! Халқымды батысқа алып жүрем!» - дейді екен.

Баянауыл тауларының әсем бейнесі күн ұясына батар шақта тас бейнелер анық айқындалып, әдемі көрінеді. Жасыбай көлін жастанып  шалқадан жатқан әйелбейнелі жартасты осы өңірде мәңгілік тыныс тапқан Бай ана анамыз екен дейді аңызшылар.

Өзім арнайы барып куә болған, арасын мыңдаған шақырым бөліп жатқан  екі «Қоңыр әулие» үңгірінің ұқсастығы мені таң қалдырды.

Абай облысындағы  тылсым қасиетімен, терең тарихымен, аса көркем көріністерімен Абай Құнанбайұлының өмірімен тікелей байланысты бірден-бір белгілі  табиғи нысан да «Қоңыр әулие» деп аталады. Бұл үңгір Баянауылдағы тас үңгірмен салыстырғанда әлдеқайда үлкен. Ішіне кірген адам тік жүре алатын, ұзындығы 150 метр үңгірдің тереңінде 3 көл жасырылған. Соңғысы әлі күнге дейін ғылымға да, адамға да жұмбақ, жеті қат жердің бізге белгісіз құпиясы.

Ақтас тауы бордан түзілгендіктен аты да, заты да ақ түспен байланысты.  Мұндағы ауа температурасы +10 градус шамасында, ал адам аяғы жетер көлдегі су температурасы +4 градус. Үңгірдегі көл суының температурасы қысы-жазы өзгермейді.  Зияратшылар түсетін жерасты айдынның ені 25 метрді, тереңдігі 5 метрді құрайды. Мұндағы су мөп-мөлдір әрі сергітерліктей суық. Үңгір әлі де толық зерттеліп болмағандықтан, еліміздегі ғана емес, жер жаһандағы ең тылсым орындардың бірі ретінде танымал.  Су көлемі әр жылы бір түсіп, бір көтеріліп тұратыны анықталған.

Қарауыл ауылынан 80 шақырым, Тоқтамыс ауылынан 20 шақырым қашықта,  Ақтас тауында орналасқан үңгірдің ауызғы қуысы сырттан қарағанда елеусіз көрінеді. Шыңғыстаудың батыс жағындағы Шаған өзенінің оң жағалауына орналасқан.  Тас үңгірдің ауызы Шаған өзенінен 500 метр жерден басталады. Адам жаратылатын ананың құрсағына ұқсас табиғаттың  шебер, бірегей туындысы. Сын-сипаты тым ерекше болғандықтан халық Қоңыр әулие үңгірінің тегін жер емес екендігін әу бастан білген. Халық арасында үңгірге келген адамның айы оңынан, жұлдызы солынан туып, денсаулығы жақсара түседі деген сенім бар. Негізсіз сенім емес. Кремний сияқты минералдарға бай  үңгір суының емдік қасиетін ғалымдардың зерттеулері де талай мәрте дәлелдеп берді.

Үңгірдің «Қоңыр әулие» атымен аталғандығының да өз тарихы бар. Ол Қоңыр, Қыран, Құлан атты үш ағайындыға қатысты аңыздың желісімен өріліп жатыр. Аңызға сенсек, жер жаһанды топан су басқан кезде, үш ағайынды өздерін кемеге жалғанған бөренеге байлап, аман қалған тірі жаратылыстың барлығын Нұх пайғамбардың кемесіне мінгізіп, тиеумен болған. Алып толқын тұрып, үш бөренені үш жаққа лақтырғанды, Қоңырдың бөренесі дәл осы үңгірдің алдына түскен-мыс. Осылайша үңгір өзгені құтқармақ болып, өзі қайтыс болған Қоңырдың есімімен аталып кетті.

Ерте заманнан көлдің емдік қасиетін білген бабаларымыз  жоңғарлармен шайқастан соң жараларын емдеу үшін көл суына түскен. Шыңғысхан әскері де осы көлге тоқтап, жараларын емдеген. Аңыз-әфсаналарға құлақ түрсек 15 метрлік су астындағы құпия есік арқылы үлкен қуыс – үңгір - жұмбақ Шыңғыс ханның соңғы мекені болуы да мүмкін.

Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының «Өкініште» атты тарауында Абайдың Петербордан келген Әбішті сергіп, серпіліп қайтсын деп Қоңыр әулиеге жіберетіні баяндалады. Сонда үңгірдің маңындағы қорымдарға таңдана қараған Әбішке Абайдың шәкірті, әрі інісі Көкбай ақын Қаракерей Қабанбай батырдың Абылай ханның тапсырмасын орындап, қалай «Дарабоз» атанғаны туралы әңгімені айтып береді.

1892 жылы «Витебские губернские ведомости» газетінің №63 санында Қоңыр әулие үңгірі жайында мақала жарық көріпті. Онда бұл үңгір жайында: «Қоңыр әулие – қазақтардың Семей маңындағы әулие үңгірі, онда адам бойындай әйелдің мүсініне тәу етуге көптеген адамдар келіп жатады. Оның айналасында тастан жасалған ұсақ заттар, моншақ және қола мүсіншелер шашылып жатады. Әулие маңында құрбандық шалынады, індет болған жағдайда ауырған мал да осы жерге әкелінеді» деп жазылған екен. Кейіннен «Семипалатинские вести» басылымында Семей өлкесін зерттеуші Виктор Брюхановтың Қоңыр әулиеге жасаған сапары туралы жазбасы жарияланады. В. Брюханов - 1897 жылдан Семей қаласында тұрған. 1900-1904 жылдары Семей облыстық статистика комитетінде қызмет істеген. Сол жылдары Абаймен бірнеше рет жүздесіп, ақынның балалары, туған-туыстарымен, Тұрағұл, Шәкеріммен араласып тұрған көрінеді. Қоңыр әулие үңгіріне қатысты деректерде, осы үңгір қабырғаларының бірінде Ұлы Абайдың арабша жазылған қолтаңбасы бар екендігі де айтылады.

Көнекөз қариялар бұрын осы үңгірде шалқалай жатқан әйелдің тастан қашалған мүсіндері мен 15 шақты балбал тастардың, кіреберісте «лотос» тұрпатында тұғырда отырған адамның тас мүсіні болғанын да айтады. Бірақ уақыт өте келе ол мүсіндер қолды болғанға ұқсайды. Немесе ол мүсіндердің осы маңда қырық жыл бойы болған ядролық сынақтың нәтижесінде үңгірдің төбесінен опырылып жерге құлаған алып тастардың астында қалып қоюы да мүмкін.

Үңгірдің өзі және ішіндегі көлшіктің суы елдің тәу етіп, құрбан шалатын жеріне айналған. Үңгірінің түп жағында жылап аққан бұлақ көзі бар.

Қоңыр әулие үңгірі жайында ел арасында аңызға бергісіз әңгімелердің ішінде ауыз әдебиетінде сақтал­ған деректердің дені жоңғар шап­қын­шы­лығымен байланысты. Қоңыр әулие үңгірі атауы «Қабанбай батыр» мен Шәкір Әбеновтің «Тоқтамыс батыр» дастан­дарында да кездеседі. Сонау 1750 жылдардың ортасында болған Шаған шайқасы кезіндегі бір айқаста жау жағы қалың шаңнан қазақ қолының аздығын білмей дүркірей қашады. Сол қашқаннан Шаған тауының бір тас үңгіріне барып тығылса керек. Үңгірге кіріп бекініп алған қалмақтар бұларға алғызбай қойған екен. Сол кезде Абылайдың қойған шарттарына сай жаудан айласын асырып, жеңіске жеткен қолбасшы Қаракерей Қабанбай батыр дәл осы жерде «Дарабоз» атанады.

Сол үңгір Қоңыр әулие үңгірі екен. Ал бұл шайқас кейіннен «Шаңды жорық» немесе «Қалмаққырған» деген атпен тарихта қалыпты. Үңгір маңында жоңғарлармен қаншама кес­кі­лес­кен қанды шайқастардың өткенін сол төңіректегі тас қорымдардың өзі әйгі­лейді.

Үңгірдің қай заманнан бері «Қоңыр әулие» атанғанын нақты ешкім білмейді. Жергілікті жұрт арасында тылсым мекенге қатысты түрлі әңгіме айтылады. «Бала кезімде әкеммен бірге Қоңыр әулиенің үстінен өтетінбіз. Сол кезде үңгір алды қаптаған белгілер болатын. Әр қойылған таста әр рудың таңбалары білінетін. Мысалы, көз, шошақ найза деген секілді. Әкем «Бұл – қазақ руларының таңбалары» деп айтатын. Сол кездегі қалың қорымның қазір бірде-біреуі жоқ. Қазақтың үлкен ақыны Несіпбек Айтұлы сонау елордадан қазақ батырларының есімдері қашалып жазылған тас жасатып әкеліп, Қоңыр әулиенің басына қойды. Сонда ақын «Бұл жерді «қазақтың Бородиносы» деп атауға болады» дейді. Өйткені жоңғар шапқыншылығы кезінде Абылай хан бастаған, Қабанбай, Бөгенбай, Тоқтамыс, Баймұрат секілді қазақтың атақты батырлары осында атақты Шаған шайқасына қатысып, қалмақтарға алғаш соққы берген. Аңыздарда қазақ батырлары жоңғарларды үңгір ішіне тығылған жерінен қуып шыққаны жайында айтылады. Беріректе естіген әңгімем, Қоңыр әулиеге Абай атамыздың өзі де қызығушылық танытып, арнайы келіп көріп, «Бұл не деген су?» деп үңгір ішіне кіріп, орыс достарының бірімен көлдің біраз жеріне дейін қайықпен барған секілді. Бірақ әрірек бара алмаған дейді. Орыс досы, менің ойымша, Долгополов болуы мүмкін. Өйткені ол осы жақты көп зерттеген ғой. Бала кезімізде үңгірге арқанмен түсіп жүргенімізде үңгір ішінде әулие деген тас болатын. Тастан жасалған мүсін. Қыз ба, ұл ма, белгісіз. Келген жұрт әлгі мүсінді әулие тұтып, әртүрлі заттар, ақша, тиын-тебен қалдырып кететін. Сол әулие тас қазір жоқ. Ол тас мүсін өзенге тура кеткенде сол жақ қапталдағы үңгірде жататын. Сол тас мүсін сол жердегі тастардың бірінің астында қалды ма, біреу алып кетті ме, түсініксіз. Елдің айтуынша, үңгір ішіндегі су әрі қарай Қоңыршәулі, Ақшәулі, Аягөзге қарай кетіп, солардың үлкен суларына қосылады», дейді ел-жер тарихына қанық, абайлық белгілі ақын Төлеген Жанғалиев. Үңгірге қатысты ел арасында әңгімеде «көл суының дәмі Күшікбай асуындағы бұлақ суының дәмімен бірдей» деген ұғым бар.

Келушілер түсіп жү­ретін бергі көлден өзге оның әр жағындағы көл туралы да аңызға бергісіз әңгіме көп. Кейбір басылымдарда үңгір түбінде көлемі 35х5 метр болатын тағы бір көлдің бар екендігі де айтылып жүр. Тіпті, осыдан жеті-сегіз жыл бұрын еліміздің еңбек сіңірген туризм қызметкері С.Кистанов, Туризм және спорт ғылыми-зерттеу лабораториясының меңгерушісі К.Миляев және «Тұран» университетінің доценті В.Волошин бастаған топ Қоңыр әулие үңгіріндегі көлдің түбіне сүңгіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіпті. Нәтижесінде, көл суының астында көлемі 10х10 м болатын қара қуыстың бар екені, оның арғы жағының тұңғиық теңіз екені анықталыпты. Ел арасында осы Қоңыр әулие үңгірінде әйгілі Шыңғыс хан жерленген деген де бір болжам бар. Осыдан біраз жыл бұрын Сергей Афанасьев деген тарихшы да осындай тоқтамға келіп, онысын «Экспресс К» басылымы арқылы көптің талқысына ұсынғаны белгілі.

Үңгір кереметі сонау ерте заманнан басталғанымен, ғылыми тұрғыда ХХ ғасырдың басында зерттелді. Әйел-ана құрсағы тектес үңгірдің ауызы тар, адам тек қырымен кіре алады. Биіктігі – 2 метрден сәл асады. Бірақ бір жарым метрден кейін кірген адам кең алаңға тап болады. Үңгірдің оң қанатынан қуыстар ерекшеленіп көрінеді. Бұрын осы қуыстарда  шалқалай жатқан әйел затының тастан қашалған мүсіні болыпты. Қариялардан жеткен аңыздарда, осы қуыстарда ертеде 15-ке таяу балбал тастардың болғанын айтады.Үңгірмен әрі жүрсеңіз үңгірдің төбесі көтеріле береді де, дәлізден кейінгі бөлме төбесі шаңырақ кейпін келтіріп тұрады. Аспан көрінердей кең шаңырақ орынын қалың қатпар тас жауып тұр. Үңгір ішімен бойлай бергенде тас жолдар күрт төмендеп, кесек тастар тіктеп, үңгір көліне бастайды. Кейінгі ғалымдардың зерттеу нәтижесі бойынша  Қоңырәулие түбіндегі көл жерасты теңізімен байланысып жатыр дейді.

Үңгір түбі түсуі қиын үшкір тастармен көмкерілген. Үңгірге кіргенде үстіңдегі тастарды көріп денеңді қорқыныш билейді. Олардың кейбіреулерін қолмен ұстап көруге болады, ал қалғандары биікте орналасқан. Кіреберістен бастап көлбеу бұрышы 50 градусқа созылады. Ары қарай үңгірдің түбінде үлкен тастар жатыр.Үңгір ішіндегі тастардан әртүрлі түсініксіз жазуларды, қашалған әртүрлі бейнелерді да аңғаруға болады. Абай атамыз қалдырған қолтаңба соның арасында сан жылғы ыстан көрінбей көзге түспей қалуы да мүмкін.  Алайда бұған мұқият үңіліп, үңгір ішіндегі тастардағы таңбаларды зерттеп-зерделегендер жоқ.

Тарихшы Ардақ Беркімбайдың айтуынша үңгірдің "Қоңыр әулие" аталуы Шыңғыс ханның жерленуімен байланысты-мыс. Ел ішіндегі әңгімелерге қарағанда, Шыңғыс Хорезм жорығына аттанарда үңгірдің ішіне өзі ғана кіріп, үш күн бойы шықпаған екен. Кейін өмірден өткенге дейін талай мәрте үлкен жорықтар алдында осылай жасап отырған. Өзі өлгеннен кейін осында жерлеуді мұрагерлеріне өсиет етіп тапсырған деседі.

 

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ

 

 

Пікірлер Кіру