ҚАЗАҚТЫҢ “БІР ШӘУГІМ ШАЙ” ДӘСТҮРІ

06 қараша 2024 695 0
Оқу режимі

“Бір шәугім шай” дәстүрі қазақ халқының қонақжайлылық салтын паш ететін, терең мәнге ие әдет-ғұрыптардың бірі. Бұл дәстүр тек шай құю ғана емес, адамдар арасындағы жылы шырайлылықты, сыйластықты және достықты ұлықтаудың белгісі.

Шайдың қасиеті мен маңызы

Қазақтар үшін шай ішудің өзіндік мәдениеті бағзаманда қалыптасқан. Шай тек сусын емес, адамдарды біріктіретін көпір ретінде қарастырылған. “Шай ішсең шайқап іш. жан-жағыңды байқап іш”, “Шай ішсең, жайлап іш – қасыңа достарды жинап іш.” деген нақыл сөз, бұл сусынды асықпай, рахаттанып, әңгімемен бөлісіп ішу керектігін білдіреді.

Қонақжайлылықтың символы

“Бір шәугім шай” дәстүрі үй иесінің шын ықыласын көрсетеді. Қазақ халқы қай уақытта болмасын қонағын күлімсіреп қарсы алып, шай ұсынады. Шайдың алғашқы құйылған кесесі үйге келген адамның мәртебесін танытады. Бұл - қазақтың бауырмалдық пен ашық жүректілігінің айнасы. Бағы ата-аналармыз “Қонақ келсе, құт келеді” деп түсінген.

Әңгіме-дүкеннің өрбуі

Шай ішу тек сусындау емес, әңгіме-дүкен құрудың, жаңалық бөлісудің жолы болып табылады. Әңгіме барысында үлкендер бата айтып, ақыл-кеңестерін береді, жастар тәрбие алады. Шай үстінде айтылған сөздерге ерекше мән беріледі, ал әрбір айтылған әңгіме қонақтардың көңілін көтеріп, бір-біріне деген сыйластықты арттырады. “Шай ішсең, жайлап іш – сөз тыңда, ой айт ойланарлық.”

Кеселердің реті мен тәртібі

Қазақтың шай ішу дәстүрінде кеселердің реті мен тәртібі бар. Қонақтар бірінші кезекте үлкендерге шай ұсынылуын күтеді, содан кейін барып жастарға беріледі. Бұл – қазақтың үлкенге деген құрметін, кішіге деген ізетін білдіреді. Шай құйып беруші адамның да орны ерекше – ол үнемі шайдың құйылу, ұсыну әдебін сақтауы тиіс.

“Жасы үлкенді сыйла, жолын бер, орныңан тұр орын бер.”

Бір шәугім шай – ортақ береке

“Бір шәугім шай” дәстүрінде адамдардың бір-біріне деген шынайы ықыласы айқын көрінеді. Бір шәугім шай әркімге жеткілікті болу үшін ортақ бөлісуге, құрмет көрсетуге үйретеді. Бұл – бір үйдің дастарқанындағы ауызбіршіліктің белгісі. “Бірлік бар жерде – тірлік бар”, “Дәм -дәнекр”.

Дәстүрдің мәдени мәні

Қазақтардың дәстүрлі өмірінде шай ішу табиғи құндылыққа айналған. Ол атадан балаға жалғасып, ұрпаққа өсиет болып келеді. Қазақ халқы “бір шәугім шайдың” айналасында бақытты өмірдің мәнін түсінгендей болады. Қарапайым шайдың өзі қазақ үшін үлкен дәстүр, өмірлік философияның бір бөлшегі. “Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар”, “Таспен ұрғанды, аспен ұр”.

“Бір шәугім шай” дәстүрі – қазақ халқының кең пейілі мен бай мәдениетінің тамаша бір көрінісі. Шай ішу арқылы адамдар арасындағы жылылық сақталып, ата-баба салты ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді.

 

 Болат БОПАЙҰЛЫ

 

 

 

Пікірлер Кіру