Қайғы келсе, қарсы тұр!

01 ақпан 2020 11926 0
Оқу режимі

Басыңызға түскен қиындықтардың да сіз үшін үлкен пайдасы бар екенін білесіз бе?

Хазіреті  Омар былай дейді: «Бірде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құзырына хауазин тайпасынан қолға түскен тұтқындар әкелінді. Тұтқындар арасында емізулі бір әйел бар еді. Ол әйел баласын жоғалтып алған екен. Әйел омырауына толған сүтін тұтқындар арасындағы емізулі балаларға беріп жатады. Кенет әйел тұтқындар арасынан өз баласын тауып алғанда, баласын бауырына қысып, құшақтап, аймалап, емізе бастайды. Әйелдің  баласына деген махаббатын көрген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге: «Анау әйел баласын отқа тастайды деп ойлайсыңдар ма?» - деп сұрады. Біз:  «Жоқ, оңайлықпен баласын отқа тастамайды», - деп жауап бергенімізде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағала да құлдарына мына әйелдің баласына деген махаббат пен мейірімінен де артық мейірімді әрі жұмсақ», - деп жауап қатты.[1]

Алланың өз құлдарына деген мейірімі мен рақымы шексіз.  Және ол мейірім мен рақым тек біздерге берілген жақсылықтар, игіліктер, ризықтар мен нәсібімізбен ғана өлшеніп қоймайды. Құлдарына жіберілген сынақтар мен қиындықтарда да Жаратушымыздың біздерге деген шексіз махаббаты мен мейірімі жатыр. Әйтпесе: «Алла Тағала бір құлына жақсылық қаласа, күнәларының жазасын осы дүниеде береді. Жамандық қаласа, күнәларының жазасын қияметке қалдырады»[2], - деген сөзін Алла Елшісі (с.ғ.с.) бекер айтпаса керек.   Және Алла Тағала Құранда: «Біз сендерді аздаған қауіп-қатермен, аштықпен және мал-мүліктеріңнен, (жақын) жандарыңнан, өнімдеріңнен айыру арқылы сынаймыз. Сабыр етушілерді сүйіншіле, солар бір қайғы жеткенде: «Ақиқатында, біз Алланыкіміз әрі әлбетте, біз Оған қайтушымыз» дейді. Міне, соларға олардың Раббысынан игілік пен мейірім бар. Әрі олар – тура жолмен жүрушілер»[3], - деген.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мүміннің жағдайы қандай ғажап! Шын мәнінде оның әрбір жай-күйі өзі үшін қайырлы болмақ, бұл – одан өзгеге бұйырмаған бақыт. Ол қандай да бір қуанышқа бөленсе, бірден шүкір етеді. Мұнысы өзі үшін қайырлы болады. Ал басына бір қиындық келсе, сабырлылық танытады. Түбінде мұнысы да, өзі үшін қайырлы болады», - деген[4].

«Егер Алла Тағала қайсыбір құлын сүйетін болса, Ол оған сынақ жібереді.  Және кім оған (сынаққа) сабыр етсе, Алланың разылығына кенеледі, ал кімде-кім шағымданар болса, Алланың қаһарына ұшырайды»[5].  Өзге бір хадисте былай деп келеді: «Расында, сауаптың өлшемі сынақтың ауырлығына сәйкес болады, және ақиқатында, егер Алла қандай да бір қауымды сүйсе, оларға сынақ (қайғы, қиындық) жібереді. Кім оған (сынаққа) сабыр етсе, Алланың разылығына кенеледі, ал кімде-кім шағымданар болса, Алланың қаһарына ұшырайды»[6].

Кейде, адам баласының өз қателіктерін түзеуіне, ойланып, тәубесіне келуі үшін, анағұрлым сезінерліктей, нәтижелі шаралар қолдануға тура келеді. Алла Тағала Құранның «Зухруф» сүресінің 48-аятында: «...Бәлкім райдан қайтар деп азапқа ұшыраттық», - дейді. Көбінесе, сол қиындықтар мен ауыртпалықтар өмірдің мәнін түсіну, барды бағалап, шүкір ету үшін жіберіледі. Жандүниеңізді, өміріңізді телегей теңіздей үлкен өзгеріске алып келетін де осы сынақтар. Осылайша Алла  біздерге үлкен және кіші сынақтар жібере отырып түрлі күнәлардан және оның қатерлі зардаптарынан сақтайды. Алланың мейірімі де осы! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай: «Алла кімге жақсылық қаласа, оған сынақтар (қиындықтар) жібереді»[7].

Алла Тағаланың білімі  шексіз және барлық нәрсені қамтиды. «Бақара» сүресінің  216-аятында: «...Бір жек көрген нәрселеріңнің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселеріңнің сендерге жаман болуы да мүмкін. Алла (Т.) біледі, сендер білмейсіңдер» деген.  Басымызға түскен сынақтар біздер үшін жоғалту әрі  қасірет болса да, уақыты келгенде осы сынақтардың біздің бұрынғыдан да жақсы нәрселерге қол жеткізуімізге жол ашатын жаңа мүмкіндік екенін түсініп жатамыз. Осыдан келіп, сабырлы болмасаң жеңіске жете алмайсың, жоғалтпасаң бардың қадірін білмейсің, басыңа қиындық түспесе бақытты күндеріңе шүкір ете алмайсың деген қорытынды шығады.   

Ата-анаңыздан айырылып қалдыңыз ба? Пайғамбарымыз Мұхаммед те (с.ғ.с.) бала кезінде ата-анасынан айырылған. Бауыр етіңіз балаңыз қайтыс болды ма? Пайғамбарымыз Мұхаммедтің де (с.ғ.с.) балалары көз алдында қайтыс болған. Айналаңыздағы адамдардан қиындық көрдіңіз бе? Пайғамбарымыз Мұхаммедті де (с.ғ.с.) туысы мен дінсіз адамдар  қорлаған. Осыған қарамастан Ол (с.ғ.с.) үмітсіздікке салынған жоқ. Алла Тағала Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) абыройы мен даңқын екі дүниеде де ардақты етіп қойды. Сіз де ешқашан жасымаңыз, үмітсіздікке салынбаңыз, себебі: «Алла Тағала сабыр етушілерді жақсы көреді»[8]  және «Алла кімге жақсылық қаласа, оған сынақтар (қиындықтар) жібереді»[9].

Қайғы келсе, қарсы тұрып, сабыр қылыңыз! Бұл сынақ мәңгі емес, өтер де кетер. Өйткені біз де мәңгі емеспіз!

Лаура Қанатқызы


[1] Муслим, Бухари.
[2] Тирмизи, Ибн Мәжә.
[3] «Бақара» сүресі, 155-157-аяттар.
[4] Муслим.
[5] Муслим.
[6] Тирмизи, Ибн Мәжә.
[7] Бухари.
[8] «Әли Имран» сүресі, 146-аят
[9] Бухари.

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру