ӨЗ-ӨЗІҢЕ ЕСЕП БЕР!

14 мамыр 2024 1867 0
Оқу режимі

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Адам баласына ең көркем бейне нәсіп еткен Алла, бізді Өзіне құлшылық қылу үшін жаратты. Алла Тағала Зәрият сүресінің 56- аятында:

﴿ وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنْسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ ﴾

«Жындар мен адамдарды мен тек Өзіме ғибадат қылу үшін ғана жараттым» делінген. Сонымен қатар Мүлік сүресінің 2- аятында:

الَّذِي خَلَقَ الْمَوْتَ وَالْحَيَاةَ لِيَبْلُوَكُمْ أَيُّكُمْ أَحْسَنُ عَمَلًا ۚ وَهُوَ الْعَزِيزُ الْغَفُورُ ﴾         

«Ол қайсыбірің анағұрлым игі һәм сауапты іс істер екен деп, бәріңді сынап көру үшін өлім мен өмірді жаратты. Ол – Азиз, әрі Ғафур» деп келтірлген.

Адам баласы өзі өмірге келгені сияқты, бұл өмірден өтуі де хақ.  Жоғарыдағы аятта бұл өмір сынақ, әрі емтихан екені баяндалып тұр. Ақпалы-төкпелі, уақыттың берекеті аз бұл заманда не істеп, не қойғанымызды аңғарудың өзі қиын.  Сол себепті қамшының сабындай қысқа ғұмырда өз-өзімізді есепке алмасақ, онда ақыреттегі жағдайымыз мүшкіл болмақ.  Бұл мәселенің шешімі әлбетте – өз-өзімізге есеп беру. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

یَـٰۤأَیُّهَا ٱلَّذِینَ ءَامَنُوا۟ ٱتَّقُوا۟ ٱللَّهَ وَلۡتَنظُرۡ نَفۡسࣱ مَّا قَدَّمَتۡ لِغَدࣲۖ وَٱتَّقُوا۟ ٱللَّهَۚ إِنَّ ٱللَّهَ خَبِیرُۢ بِمَا تَعۡمَلُونَ ﴾   ﴿

 «Ей, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және әркім ертеңі үшін (ақыретке) не дайындағанына қарасын, есеп берсін. Алладан қорқыңдар, шындығында Алла не істеп жатқандарыңнан хабардар»  (Хашр сүресі, 18- аят.)

Бұл аятта Алла Тағала өз-өзімізге есеп беру арқылы ақыретке дайындалуымызды бұйыруда. Хазіреті Омар (оған Алла разы болсын):  «Есеп алынбай тұрып, өзіңе-өзің есеп бер» деген сөзінде әр мұсылман өзімен есептесіп, дұрыс және бұрыс амалдарын саралап, ой қозғауы тиіс екені  меңзеледі. Хакім Абай: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір рет өзіңнен өзің есеп ал!» деген. Халқымызда «Судың да сұрауы бар демекші» әр нәрсенің қарымы міндетті түрде болады.  Кімде-кім күн сайын өзіне есеп берсе, қияметте есеп беру жеңілірек болары сөзсіз.

Ақыретте адам баласы әр амалы үшін сұралады. Өзіңе үнемі есеп берудің ең үлкен пайдасы адам өз амалдарын бақылауға алуы және өлім хақ екенің ойлап, Жаратушымызды үнемі еске алуы. Себебі амал бар жерде оның сұрауы бар, ал сұрау бар жерде Сұраушысы да бар. Бұл амал Алла мен оның құлының байланысын жақсартатыны анық.

Бір күнде үздіксіз қозғалыстың арқасында түрлі амал жасалады. Оның дүниеге немесе ақыретке пайдалысы болуы мүмкін. Ал кей амалдар екі дүниеде де пайдасыз, мақсатсыз жасалады. Күніне жасаған болмашы нәрселердің өзі қияметте үлкен сұрауларға алып келу мүмкін. Ал өз амалыңды қадағалап, өзіңе-өзін есеп беретін болсаң, бейберкетсіз амалдан ауылың алыс болмақ. Алла тағалы қасиетті Құранда:

«Сендер қайда болсаңдар да, Ол сендермен бірге. Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңді толық көріп тұрады» (Хадид сүресі, 4- аят.)

Уа, Раббым! Ең ұлық есіміңнің құрметіне Өзіңнен сұраймын. Мені түнгі һәм күндізгі уақыттарымды Өзіңді еске алумен күшейте гөр. Әрі мені Өзіңнің қызметінде ұста”. (Хазірет Әли (оған Алла разы болсын))

Мусин Сайлау Жұмағұлұлы

Пікірлер Кіру