Ойнап болса да «ажырасам» дегенді айтпа

09 қаңтар 2021 6792 0
Оқу режимі

Кейде талақ етуді ниеттеніп емес, жай ғана талақ ету сөздерін пайдаланып әзілдеп айтуы мүмкін. Мысалы, бір ер әйеліне әзілдеп немесе мазақтап, «мен сені талақ еттім» десе, не болмаса әйелі оған әзілдеп «мені талақ етсейші» десе оған күйеуі де ойнап «иә, талақ еттім» дейтін болса, Әбу Ханифа мен Имам Шафиғи бойынша, талақ іске асып, екеуі сол сәтте ажырасып кетеді.

Өйткені әзілдеп айтса да талақ ету сөзін біле тұра айтып тұр[1]. Бұған мына: «Алланың аяттарымен ойнамаңдар»[2] аяты дәлел. Имам Мұхаммед бізге Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Үш нәрсенің қалжыңы да, расы да жүзеге асады (яғни шындыққа есептеледі): талақ, азат ету және неке»[3], – дегені жеткен дейді.

Абдулла ибн Масғуд (р.а.) жеткізген риуаятта пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шын мәнінде, талақ етудің ойыны мен шындығы бірдей болғанындай, неке қиюдың да қалжыңы мен расы пара-пар (есептеледі)», – дейді. Әл-Хасан риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім ойнап, не қалжыңдап талақ қылса немесе ойнап неке қиса, ол оған рұқсат етіледі (яғни жүзеге асады)», – дейді.

Ибн Масғуд (р.а.): «Кімде-кім ойнап талақ қылса, неке қиса немесе (құлды) азат етсе, ол оған рұқсат етіледі (ол шынайы жүзеге асқаны)»[4], - деп айтқан. Әбу Дарда (р.а.): «Үш нәрседе: некеде, талақта және құл азат етуде қалжыңдаушы рас айтушы (есептеледі)»[5], - деп айтқан.

Сондықтан, ойнап болса да «ажырасам» деген сөзді айтпауымыз керек екен.

 


[1] Сабуни, а.а.е., 1 том. 310.
[2] «Бақара» сүресі, 231-аят.
[3] Әл-Хужжәту лишШайбани, 3-том,177-бет.
[4] Әл-Мусаннаф Абдурраззақ, 4-том,133-бет, әл-Әсәр-10244.
[5] Әл-Мусаннаф Абдурраззақ, 4-том,133-бет, әл-Әсәр-10245

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру