ОТБАСЫ МЕКТЕБІНІҢ ҰЛАҒАТЫ

17 қазан 2024 903 0
Оқу режимі

Осы бір көрініс әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Ауылдың қым-қуыт тірлігі таусылған ба? Әкеміз далада бір шаруамен айналысып үйге кіре қоймады. Қарт әжей үйге қонаққа келген болатын. Мәре-сәре болып, сыбағалы ас ортамызға келген соң, анамыз қонақты ас ішуге шақырып, дастарханның айналасына шүпірлеп бәріміз жиыла қалдық. Әжей қипақтап тамақ ішуге келе қоймады.  Үйдің кішісі болғасын мен жүгіріп барып, «әже тамақ дайын. Сізді күтіп отырмыз» дегенім сол еді, ол кісі жымиып қана «Үйдегі отағасы келмей, дастарханға отыру дұрыс емес. Қазір әкең келсін, бірге отырып ішеміз. Қызым, адамдардың әдебі, ар-намысы болатынындай, үйлердің де әдеп-тәртібі  болады. Біз кішкентай кезімізде үйде әкеміз, анамыз бар кезде аяғымызды созып отыруға да ұялатын едік. Жасы  үлкендер сөйлеп жатқанда сөзге араласпайтын едік. Ешқашан әкемізден бұрын дастархан басына отырмайтын едік. Ол кісі келіп, тамақтан дәм татып,  «Қане тамақтан алыңдар» деген кезде ғана бастайтынбыз. Астан кейін дастархан дұғасын кезектесіп оқитын едік. Осы дәстүр дастарханның әдебі болып саналады, қызым!» дегенде ұяттан бетім алаулап кеткені есімде.

Шынында біз барлық әдеп-ибадан шеттеп бара жатқандаймыз. Қазір кеш батқанда ешкім үйінің пердесін жаппайды. Ал біз бала күнімізде қараңғы түспей тұрып-ақ пердені жауып, үйдің жарығын қосатынбыз. Анамыз киім ауыстырғанда перденің жабық болуын, сырттан біреудің көзі түспеуін қадағалап, ескертіп отыратын.  Ал аталарымыз болса, үйдің әдебі пердесінің жабылып, жабылмағанынан деп жиі айтатын. Жуылған киімді аулаға ілгенде үстінен жұқа матамен жауып қой деген ескертпесі де әлі жадымызда сақталған. Әдебімізден, ар-намысымыздан айрылсақ, иманымыздан да айрыламыз дегенді ол жиі айтатын.

 «Көз ақысы» деген нәрсенің не екенін де ананың ұлағатынан ұқтым. Ол кісі дүкеннен алған тағамын ешқашан көрінетін пакетке салдырмайтын.  Ол кезде қолдан қалта тігетін.  «Көз ақысы өтеді. Әркімнің көзі түскен мұндай тағамда шипа болмайды» дейтін. Пайғамбарымыздың хадисінде де бұл жайлы айтылғанын көріп, таң-тамаша болдым. Діннен хабары болмаса да, ол кісілер осындай даналықпен қалайша сусындаған?  «Жасаған тағамдарыңның иісімен көршілеріңді мазаламаңдар» дейді Пайғамбарымыз. Ойлы адамға бұл өте түсінікті әрекет.

Әсіресе ораза тұтып отырған адамның жанында иісін мүңкітіп ас ішу, одан қалды тағамның түрлі дәмді қасиетін айтып сөз қозғаған да әдепке жатпайды. Қазір әлеуметтік желіге әсіресе жұлдызды әншілер жеген тағамын, қыдырған жерін, ішкен сусынын, сатып алған киім-кешегін суретке түсіріп, мыңдаған адаммен бөліседі. Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Дәл осы сәтте бәзбіреу ішерге ас, киерге киім таппай қиналып жүрген болар. Бұл ақпараттық кеңістіктің дамығанынан хабар бергенмен, әдеби қалыптың бұзылғанының да көрінісі.

Қазір ерлі-зайыптылардың арасындағы сыйластыққа да көлеңке түскендей. Берік одақ құру үшін белгілі бір әдепке бағынған да жөн-ау. Анамның тағы бір қаперде қалған әдебі әкемізбен қатар жүрмейтін. Шегіншектеп кейін жүретін. «Апа, әкеміздің қолтығынан ұстап жүрмедіңіз бе?» десек, «қой балам ұят болады, қаншама тұрмыс құрмаған, жесір қалған әйелдер бар ғой.   Әрине құпиялық қалмаған соң, адалдық та қалмайды»  дейтін.

Анамның тағы бір қасиеті әкемнің есімін ешқашан айтпайтын. Мерейін үстем қылып көрсету үшін жан аямайтын жарықтық. Әкем мейлінше сабырлы, әдепті, биязы кісі болатын. Анамыз оның айбынын асырып, ардақтап отырғаны да отбасындағы мызғымас ынтымақтың тал бесігі екен ғой.

Жоғарыда айтқан өнегелі әңгімеден туындайтын даналық – үйдің берекесі үлкендерге құрметте, үйдің әдебі жабылған пердеде, махаббаттың әдебі жасырын болуда, көздің әдебі оның қабағында, дененің әдебі құпия болмысында.  Сондықтан көзді қорғап, әрі көзге түсетін нәрсені де бақылауда ұстау керек  екенін ұғынғандаймыз. Әрине, бұл кейбіреулерге ұсақ-түйек нәрсе секілді көрінуі мүмкін. Мұның астарында ұлттық тектіліктің нышаны бар.

Иә, иірімі мол, тәлімі терең, өнеге мен тәрбиенің қайнар көзі ол – отбасы мектебінің ұлағаты.

                                                                                       Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 

 

 

Пікірлер Кіру