Өрмекші туралы не білеміз?

12 шілде 2019 24263 0
Оқу режимі

Бүгінгі әңгімеміз біз күнделікті көріп жүрген өрмекші туралы болмақ. Тарихқа көз жүгіртсек, Пайғамбарымыз (c.ғ.с.) Мәдина қаласына һижрет етіп бара жатып, Хира үңгіріне жасырынған кезде, Алла Тағала қысқа уақытта өрмекшіге әмір-пәрмен етіп тор тоқытқызады. Мүшріктердің із кесушісі іздеп келіп сол үңгірдің аузына тоқылған өрмекшінің торын көріп, ішіне кірмей кетеді. Оның артынан қарулы әскерлер де ат басын бұрып, мұнда ешкім жоқ деп ойлап өтіп кетеді.

Қазіргі заман ғалымдары өрмекші жібінің беріктігі мен сапалылығы жөнінде айтады. Темірмен салыстырғанда өрмекші жібі 6 есе мықты көрінеді. Дүниеде өрмекшінің 3000-ға жуық түрі бар. Олардың ішінде адамның алақанындай үлкені де, көзге әрең шалынатын кішкентайы да, тор тоқымайтыны да кездеседі. Мысалы, Оңтүстік Америкада тышқан, торғайды ұстап жейтін түрлері, сондай-ақ, шақса, адам өлтіретіндері де бар екен. Өрмекшілердің жақын туыстарының бірі – Тарантул. Оны қазақша «бүйі» дейді. Ол да өрмекші тәріздес алты аяқты, сегіз көзді және жергілікті табиғатқа бейімделген.

Алла Тағала Құран Кәрімнің «Ғанкабут» (яғни «Өрмекші») сүресі, 41-аятында: «Алладан өзгені ие етіп алғандар; ұя жасап алған өрмекшінің мысалы сияқты: Егер олар білетін болса, шын мәнінде үйлердің ең осалы – өрмекшінің ұясы», – деген.

Осы аятқа қатысты бір жайтты айта кетсек. Жануарлар мен жәндіктерді зерттеу барысында белгілі болғандай, өрмекшінің торын тоқитыны ері емес, ұрғашысы екен. Аяттағы «ғанкабут» сөзі де ұрғашы өрмекшіге айтылады. Міне, жаңалықтың көкесі, өрмекшіге жасалған зерттеу жұмыстарының нәтижесі Құран Кәрімдегі мәліметке сәйкес келіп тұр. Құран өрмекшінің ұясын ұрғашысы салатындығын айтқан. Ғылым да мұның растығын қабылдап тұр.

Аяттағы екінші бір мәселе – мынау өрмекшіге жасалған зерттеу нәтижесінің қорытындысы таңқаларлықтай. Жалпы жан-жануарлардың басым көпшілігінде аталықтары аналықтарына қарағанда ірі әрі күшті болып келеді. Ал, өрмекшілерде керісінше, аналықтары аталықтарынан екі есе үлкен. Көптеген жануарлар үйлерін ыстықтан, суықтан, дұшпаннан, әртүрлі зиян келтіретін нәрселерден қорғану үшін салады. Ал, өрмекшілер болса, зиян тигізу, қақпан құру, үйлеріне қателесіп кіріп кеткендерді өлтіру үшін салады. Сондықтан да, үйлердің ең сенімсізі – өрмекшінің үйі. Тіпті, өрмекшінің ұясы өзгелер үшін ғана емес, еркек өрмекші үшін де сенімсіз. Егер аталық өрмекші жұптасқаннан кейін қашып құтылмаса, аналық өрмекші оны ұстап жеп қояды екен. Құран өрмекшінің үйінің осалдығын айту арқылы осы бір шындықты білдірмек болған. Бұл біздің дамыған заманымыздың зерттеп тапқаны ғана, ал зерттелмеген қырлары қаншама. Оны Алла Тағала ғана біледі.

Адамзат не нәрсе ойлап тапса да, осы жануарлар, жәндіктерге қарап үлгі алып жатады. Мысалы, өрмекшіге қарап тоқуды үйренсе, инелікке қарап тікұшақ жасауды үйренді. Алдымызда әлі неше түрлі қызық-қызық оқиғалар күтуде. Олардың құпиясы ғылым-білімде жатыр.

Азат Фазылжанов

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру