Нығмет атаулының ең абзалы – салиқалы әйел

28 мамыр 2020 10424 0
Оқу режимі

Асыл дініміз Исламда әйелге айрықша мәртебе берілген. Имандылық, ізеттілік, қайырымдылық, жанашырлық жолын ұстанған халқымыз қыз-келіншекті құрметтеудің үлгісін көрсеткен. Қызды құрметтеуге келгенде оны тіпті төрге шығарған, ал тәрбиесіне келгенде қызды қырық үйден тыйған. Осы тыйымның бәрі әйелдің иманы мен құрметін, ары мен ұятын қорғайды.

Қасиетті Құранда әйелдерге арналған арнайы сүрелер бар. Олар «Ниса», «Мәриям» деп аталады. Бұдан бөлек, Алла Тағала «Талақ», «Тахрим», «Ахзаб», «Нұр», «Мұмтахина» сүрелерінде де әйелдің мәртебесін, оның құқықтары мен міндеттерін ашық баяндаған. Біз бұл сүрелер мен аяттардан Ислам дінінің әйел баласына қаншалықты көңіл бөлетінін анық аңғарамыз.

Жаратушы Иеміз «Ниса» сүресінің 19-аятында: «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар», – деп бұйырған. Ал, соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.): «Иман тұрғысынан мүміндердің ең кәмілі – мінез-құлқы ең жақсы болғандар. Сендердің ең ардақтыларың − жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтын менмін»,  – деп, сөзімен де, ісімен де үлгі-өнеге көрсетіп кеткен.

Өкінішке қарай, біздің қоғамда әйеліне қол көтеру, оны шеттей бала-шағасымен тастап кете салу, қыз-келіншектердің құқықтарына мән бермеу секілді әрекеттер көрініс тауып жатыр. Тіпті, осындай оқиғалар күн сайын орын алып, үйреншікті жағдайға айналып бара жатқандай. Әйеліне ауыр соққы берген кейбір ер азаматтардың еркекке жараспайтын әлсіз әрекеттері біздің де жүрегімізді ауыртады. Шіркін-ай, солар «әйел – ер-азаматқа аманат» деген ұғымды жүрегімен ұғынса дейсің...

Адам баласы жамандық атаулыны өзіне әсте қаламайды. Мойындайықшы, өз қызымыздың тұрмыста қорлық көргенін қаламаймыз ғой? Олай болса, қалайша біреудің аялап өсірген қызына зиян тигізуге арымыз бен ұятымыз тосқауыл болмайды? Әділдік қайда? Хәкім Абай Құнанбайұлы: «Әділдік – ізгіліктің іргетасы. Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ», – деген екен. Демек, халқымыз: «Ұяты жоқтың – иманы жоқ», – деп босқа айтпаған...

Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мүмін ер адам еш уақытта мүмін әйелді жек көруші болмасын. Егер де қандай да бір мүмін әйелдің әлдебір мінезі көңіліне жақпаса, басқа бір қасиетін ұнатар», – дейді.

Расымен де, адамнан кемшілік іздеу оңай. Ал оның жақсы жағын көре білу – адамгершіліктен. Бейнелеп айтқанда, әйеліміздің болмысынан нені көргіміз келеді, соны әрқашан байқап қоя береді екенбіз. Ал пайғамбарымыз айтқандай, оның мінезінде көңілге ұнамсыз нәрсе болса, оның басқа сипатын, қабілетін, ұстамдылығын жақсы көріп қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан әйелдің жақсы мінезін көре біліп, әлсіз тұсын емдеуге, тәрбиелеуге тырысуымыз тиіс.

Тағы бір айта кетер жағдай, Құдай қосқан қосағымыздың кемшілігін бетіне баса беру де – үлкен қателік. Кемшілік айтумен кетпейді екен. Оны кетіретін нәрсе – тәрбиелеу, жақсы мінезін көбірек айту. Итің жаман десе, ренжіп қалатын қазақ емеспіз бе? Біреуге мінезің жаман десең, керісінше, мәселені одан сайын ушықтырып аламыз.

Амр ибн әл-Ахуас әл-Жушами (р.а.) былай деген екен: «Пайғамбарымыз қоштасу қажылығында Алла Тағалаға мақтау айтып, шүкіршілік білдірген соң жамағатқа былай деп насихат айтқанын естідім: «Әйелдеріңе жақсы қараңдар, өйткені сендер шын мәнінде оларға жауаптысыңдар. Анық арсыздық жасамайынша (күйеуіне опасыздық жасамайынша немесе бойсұнудан бас тартпайынша), олармен тек жақсы қарым-қатынаста болуға тиіссіңдер. Сендер үшін бұдан басқа жол жоқ...». Бұл хадисті әрі қарай тәптіштеп түсіндіріп жатудың қажеті жоқ шығар.

Ел арасында қалжың ретінде айтылып жүрген: «Жаман әйел жаман еркектен шығады», – деген сөз бар. Расында, әйелді жақсылыққа да, жамандыққа да үйрететін – өзіміз. Өзіміз қандай болсақ, жарымыз да солай болмақ. Ғалымдардың айтқан даналық сөзі бар: «Бала-шағаны түзеуден бұрын әуелі өзіңді түзе». Сол секілді, әйелді тәрбиелеуден бұрын әуелі өзімізді тәрбиелеп алғанымыз абзал. Өзгеден бір нәрсені талап етуден бұрын оған бірінші сол нәрсені беру қажет деген қағида бар. Демек, тәрбие беруші адамның өзі тәрбиелі болу қажет, сол іске бірінші өзі үлгі болуы шарт.

Біздер, ер кісілер әйеліміздің моралдық һәм материалдық хақыларын бермесек, оның құқықтарын қызғыштай қорғамасақ, өзіне жараса мәртебесін ардақтамасақ, онда қалайша олардан өз міндеттерін талап етеміз?! Әйелдің табысына ортақтасудың өзі – дені сау ер-азаматтарға үлкен сын емес пе? Өйткені, хадисте: «...жұбайларыңның сендердің алдарыңда белгілі міндеттері болғаны секілді, сендердің де олардың алдында атқарар міндеттеріңнің бар екенін ұмытпаңдар. Олардың міндеті – жарына адал болуы және сендер қаламаған адамды босағадан аттатпауы. Ал сендердің міндеттерің – оларды киім-кешек және ас-ауқатпен қамтамасыз ету», – деп айтылған.

«Сендердің әйелдерің сендер үшін киім сияқты, ал сендер оларға киім сияқтысыңдар…» («Бақара» сүресі, 187-аят) деген Алланың сөзі адам үшін қандай ғанибет десеңші?! Киім адам үшін қандай маңызды рөл атқаруы мүмкін? Біріншіден, кісінің әуретін жабады, екіншіден, жайлылық сыйлайды, үшіншіден, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, төртіншіден, суықтан, ыстықтан қорғайды, бесінші, бөтен көздің сұқтануынан сақтайды... Киім туралы айта берсе әңгіме көп. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің ары мен ұяты, қамқоршысы, жанашыры, қорғаны, тәрбиешісі, т.б.

Халқымыз: «Отан – отбасыдан басталады» деген. Кез келген қоғамның маңызды институттарының бірі – отбасы. Ал отбасы мен қоғамның тұрағы ол – әйел. Баланың иманды, ер-жігіттің ұстамды болуына әйелдің әсері өте көп. Ертең елді басқаратын, халықты жақсылыққа бастап, имандылыққа ұйытатын тұлғалардың өмірге келуіне әйелдер үлкен себепкер болады.   

Ал Абдуллаһ ибн Амр әл-Ас (р.а.) жеткізген хадисте былай делінген: «Бұл дүние (мен оның ішіндегі нығметтердің бәрі де) уақытша берілген. Ондағы нығмет атаулының ең абзалы – салиқалы әйел».

Әйел салиқалы болса, отбасы түзеледі. Отбасы түзелсе, ел түзеледі. Ел түзелсе, имандылық, ізгілік, қайырымдылық, жанашырлық, адамгершілік секілді құндылықтар салтанат құрады. Имандылық салтанат құрған қоғамның берекесі мен бірлігі, жақсылығы артады. Жақсылығы артқан ел бақытты өмір сүреді.

Алла Тағала баршамызға бақытты өмір сүруді нәсіп еткей! Әмин!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру