Найзағай жарқылдап, көктің күркіреуі ненің белгісі?

02 қараша 2018 22104 0
Оқу режимі

Жыл сайын әлемде 3 миллиардқа жуық найзағай ойнап, күн күркірейді екен. Сіз әлемдегі ең жарқын атмосфералық құбылыстардың бірі Алла Тағаланың қалауымен әрі қалыптастырумен болатындығын ойладыңыз ба? Бұлтта электр заряды жинақталып, нәтижесінде алып электр ұшқынынан найзағай пайда болады. Оның орнына ауа қызып әрі кеңейіп, осының негізінде біз аспаннан қатты, күркіреген қорқынышты дыбысты естиміз. Найзағайлар электростанциядан да мың есе күшті электр жарқылын шығарады. Бұл ғажайып құбылыстардың барлығы Ұлы Жаратушының ұлылығын дәлелдей түседі. Аталмыш құбылыстар қас пен көздің арасында, бірнеше секундттың ішінде болып өтеді. 

Найзағай сағатына 96 км жылдамдықпен қозғалатын және 30 мың градус жылу бөлетін энергияның қайнар көзі болып саналады. Бір найзағайдың энергиясы 3 ай бойы 100 ваттық шамды жағу үшін жеткілікті. Сондай-ақ, бір ғана найзағайдың жарқылы 10 млн. 100 ваттық шамнан да күштірек. Найзағайдың жылдамдығы секундына 150 000 км және оның қалыңдығы шамамен 2,5-5 см болып табылады. Жер найзағай жарқылына толғанда әуе 25 000 С дейін қызады.

Уақыт өте келе найзағайдың пайда болу сыры жақында ашылды. Б.э. дейін 1600 ж. метеорология саласында әдетте Аристотельдің ұсынысы басты мәселе ретінде қарастырылды. Алайда, қасиетті Құран Кәрім 1400 жыл бұрын осы мәселенің құпиясын әлдеқашан ашып қойған еді. Табиғатта болып жатқан әрбір құбылыстың белгілері ақылға кемел саналы адам баласын ортақ ойлану мен пікірлесуге шақыратыны шындық. Күннің күркіреуі адамзатқа ажал кемесінің әр уақытта жақын екендігін мәлімдеп, өлшеулі өмір-керуенінің көшпелі екендігін ұғындырады. Аталмыш құбылыстардың баршасы да Ұлы Жаратушының алдында адам баласының түкке тұрғысыз тұлғасы мен дәрменсіз құлдық қасиетін еске салады. Есті алар қорқыныш пен үрейге толы найзағай жарқылы кез-келген бейқам пендені тәубесіне түсіріп, Алланы еске салып,  оған бойұсынуды, ғибадат етуді насихат етеді. Бұл өз кезегінде тағы бір рет пенденің бейшаралығы мен әлсіздігін ескерте отырып, Алланы  тануға, оның  шексіз құдіретіне  таңдай қағып, бас июге шақыратын тағылым қайнары болмақ. 

Бұлттар мен періштелердің арасында байланыс бар ма? Ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадисте дәл солай яһудилердің қойған сұрақтарына Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деп жауап берген:

«Рағыд – бұл бұлттарды бақылап отыратын (Алланың бұйрығын орындайтын, бұлттарда болатын физикалық құбылыстарды бақылап тұратын) періштенің аты. Оның қолында оттан жасалған қамшы болады. Ол онымен бұлттарды ары-бері Алланың қалауымен көшіріп отырады. Ал, сіздерге естілетін дыбыс болса, бұлттар көшкен кезде шығады»[1].

Алла Тағала Құрандағы «Рағыд» сүресінің 12 мен 13-аятында найзағай жайында былайша баяндайды: «Ол сендерге найзағайды һәм үрей салатын, һәм үміт отын жағатындай етіп көрсетеді, әрі қорғасындай ауыр сауын бұлттарды жаратады. Күннің күркірі Оны мінсіз, кемшілік атаулыдан ада һәм ұлы екенін айтып мадақтайды. Періштелер де Оны ерекше құрметпен әрі қорқа отырып, ұлықтайды. Сондай-ақ, Ол қалағанының төбесіне жай түсіреді. Сонда да (кәпірлер) Аллаға қатысты мәселелерде сөз таластыруда. Анығында, Оның жазасы тым қатты».

«Көрмеймісің? Расында, Алла бұлттарды (қалаған жағына) көшіреді де кейін біріне-бірін тоғыстырады. Содан соң, қат-қабат қылып, бірінің үстіне бірін үйеді. Нәтижеде олардың арасынан жауын-шашынның шыққанын көресің. Сондай-ақ Ол көктен таудай-таудай бұлттардан бұршақ жаудырып, оны (ң кесапатын) қалағанына тигізеді де қалағанынан аулақ әкетеді. Ал, бұлттардан шыққан найзағайдың жарқылы болса, көз нұрын тайдыра жаздайды»[2].

«Немесе олар түнек қаптап, күн күркіреп, найзағай ойнаған аспаннан құйған дауылды нөсерге тап болған адамдарға ұқсайды. Олар жай отының үрейімен өлімнен қорқып, саусақтарын құлақтарына тығып алады. Міне, Алла Тағала (шексіз құдіретімен) кәпірлерді осылай құрсаулап, қыспаққа алушы. Жарқ-жұрқ еткен найзағай көздерін көр ете жаздайды. Олар найзағай жарқ етіп, жарығын түсірген сайын жүреді де, жарық сөнгенде тоқтай қалады. Егер Алла қаласа, (күннің күркіреуі мен найзағайдың жарқылын одан сайын күшейтіп) олардың құлағын керең, көзін көр етер еді. Шүбәсіз, Алланың құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді. (Міне, мүміндердің, кәпірлердің және екіжүзділердің жағдайы осындай)»[3].

Иә, ұйқыдағы көңілдерді бір селт еткізіп, жүректерді оятатын және көздерді жұлып әкете жаздайтын найзағай жарқылы әлем иесі Хақ Тағаланың ұлы белгілерінің бірегейі екен. Найзағай жарқылы – ғапыл көңілдерді үрей мен қорқынышқа толтырып, ажалдың ақиқаттығын еске салып, жанын қоярға жер таппай қалатындай қауқарсыз халге түсірген Ұлы Алланың хикметі. Ендеше, ғұмыр тіршілігінде шұғылалы бағдаршамдай болған иләһи белгілерден ой түйіп, ғибрат алғандығымыз абзал болмақ.

Меруерт Бақдәулетқызы


[1] Тирмизи, Тафсиру Суратир-Ра’д,
[2] «Нұр» сүресі, 43-аят.
[3] «Бақара» сүресі, 19,20-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру