Мұсылманның жан-жануарларға қатысты міндеттері

29 наурыз 2019 11623 0
Оқу режимі

Мүминнің тек адамдарға ғана емес, жан-жануар, жәндік атаулыға қатысты міндеттері де бар. Мұсылман адамдардың құқығын ғана аяққа таптамауға дағдыланып қоймай, табиғатқа, жан-жануарларға қамқорлық таныту да – мейірімділіктің бір парасы. Бұған жарқын мысалды Расулалланың (с.ғ.с.) өмірінен таба аламыз. Мәселен, шөл далада кезіккен құстың ұясын бұзбас үшін әскерді басқа жақпен жүргізген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бірде көзінен жас сорғалаған түйенің иесіне «Алладан қорық, бұған шамасы келмейтін жүк артпа» деп ескерткен. Керек десеңіз, ағаш жапырақтарын ешкілер жесін деп аяусыз қаққыштаған қойшыны көрген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұның да жаны бар, абайласаңшы» деп жасаған ескертуінің өзі адамзат пен табиғат арасындағы ұлы үйлесімнен хабар бермей ме? Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанды-жансыз табиғатқа мейірмен қарағанындай, мүмин де әрбір тіршілік иесіне жанашырлық таныта білуі тиіс.

Дінімізде мысықты қамап ұстап, аштан қатырған әйелдің қылығы оны тозаққа жетелегенін, хайуандарды тірідей нысана қылып, қарақшыға тіккендерге, малдың маңдайына таңба басқандарға қарғыс айтылатынын ескертіп, тілсіз хайуандарға жақсы қарауды міндеттейді. Қорғансыз хайуандарға аяусыз қарағандардың жазасыз қалмайтынын мына хадистен білеміз: «Бір әйел мысықты аштан өлгенше қамап ұстағаны үшін азапқа душар болды және сол себепті тозаққа кірді. Ол мысыққа ештеңе ішкізіп-жегізбеді, тіпті жердегі жәндіктерді жеуіне мұрша бермеді»[1].

Абдулла ибн Омар (р.а.) бірде құс атқан құрайыштық жасөспірімдерді кездестіреді. Олар дөп тимеген әрбір оқ үшін құстың иесіне ақша төлеп жатады. Абдулла ибн Омарды (р.а.) көрген жастар бытырай қаша жөнеледі. Ибн Омар (р.а.) оларға: «Мұны істеуге кімнің дәті барды? Алла оны қарғысқа ұшыратсын! Расында, Алла елшісі (с.ғ.с.) хайуанды тірідей нысанаға тігіп оқ атқандарды лағынеттеген болатын», – деген екен[2].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде тұмсығында ен-таңбасы бар қашырдың қасынан өтіп бара жатып: «Мына хайуанның тұмсығына күйдіріп таңба басқанға Алланың лағынеті жаусын»[3], – дегені анық бар.

Абдулла ибн Мәсғудтан (р.а.) жеткен риуаятта былай делінген: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) басшылығымен жүргізілген бір жорықта едік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәрет сындыру үшін әудем жерге кетті. Осы арада біз құс ұясына тап болдық та, әлі қанаттанбаған екі балапанды қызық көріп қолымызға алдық. Байғұс анасы балапандарын айнала ұшып шыр-пыр болып жатқанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үстімізден түсті де: «Мына безек қаққан құстың балапандарын қайсың алдың? Ұясына қайта қойыңдар», – деп бұйырды. Тағы бірде құмырсқаның илеуін бұзып отқа жаққанымызды көргенде: «Құмырсқаларды кім өртеді?» деп сұрады.  Сосын: «Расында Жаратқаннан басқаның отпен азап бергені жөнсіз әрі дұрыс емес», – деген-ді[4].

Қолмен істегенді мойнымен көтерудің қажеттігін ешқандай құқық саласы жоққа шығармайды. Бірақ, құқық бұзушылық әрекетке, қылмысқа тағайындалатын жаза әділеттікті қалпына келтіруге жеткілікті шамада және айыпты адамды қылмысқа қайта беттеуден тыятындай сабақты дәрежеде болуы тиіс. Ислам әрбір күнәға, қылмысқа тиісінше ең әділ жаза белгілеп, қылмыстың алдын алу шараларын қамдаған. Қылмыс үшін берілген жазаның әділ болуын қалаған дініміз жазықсыз хайуандарды отпен, тоқпен азаптауды құптамайды. Керек десеңіз, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) малды өтпейтін пышақпен бауыздап қинамауды әрі пышақты оның көзінше қайрамауды тапсырған. Малды сою азық үшін амалсыздан жасалған іс екенін, хайуанға аяушылық таныту керектігін осыдан аңғарамыз.

Дініміз адамдарға ғана емес, хайуандарға да қарғыс айтуды, қарғап-сілеуді мақұлдамайды. Байқағанымыздай, Ислам тек адам баласының ғана емес, жан-жануарлардың да ақысын аяқасты еткізбей, қамқорлығына алған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Таң намазына шақырған әтешті сөкпеңдер, тілдемеңдер»[5], – деп, намазға себепкер әрбір нәрсені қымбатқа бағалайтынын білдірген.

Осы тақырып бойынша көз жүгірткен аяттардан, хадистерден түйген ойымыз төмендегідей:

1. Хайуандарға аяушылық таныту, оларға жанашыр болу мүминнің айқын ұстанымы болуға тиіс. Өйткені, хадисте былай делінген: «Көктегілер (Алла Тағала мен оның періштелері) сендерге мейірімді болсын десеңдер, жер жүзіндегілерге мейірімді болыңдар»[6].

2. Мүмин ешбір тіршілік иесін озбырлықпен жәбірлемеуге, малдың басынан, тұмсығынан қағып, соққыға жықпауы тиіс.

3. Мініс көліктеріне шамадан тыс жүк артпағаны, ешқандай жан-жануар, жәндікті тірідей отқа өртемегені, дене мүшелерін кескілемегені, күйдіріп таңба баспағаны жөн.

4. Малды аш қатырмай, уақытылы жем-суын беруге, қора-қопсысын таза ұстауға, ауырғанда ем-домын жасауға міндетті.

5. Хайуандарға қару кезеп қорқытпағаны, құстардың ұясын бұзбағаны, қораз, ит және басқа да жануарларды төбелестірмегені абзал.

6. Кез келген зияны жоқ жәндіктің көзін жоюға, өлтіруге, табанмен жаныштауға тыйым салынған. Бірқатар улы жәндіктер мен қауіпті жануарларды, соның ішінде жыланды, шаянды, тышқанды, араны, сонаны, құтырған итті және басқа жәндіктерді тек зияны тиген жағдайда өлтіруге рұқсат етілген.

7. Мүмин ешқандай хайуанды қарғап, сілемейді, лағынеттемейді.

8. Мүмин барша адам баласына, жан-жануарлар мен жәндіктерге жанашырлық танытады, оларға қамқор болады. Басқалардың да қатыгездікке баруына қарсы тұрады, жазықсыз жануарларды қорғайды.

 

Құдайберді БАҒАШАР


[1] Бұхари. Әнбия 54; Мүслим. Сәлем 151,152, Бирр 133, 134.
[2] Бұхари. Зәбаин 25; Мүслим. Сайд 58,60; Тирмизи. Сайд 9; Нәсаи. Дахая 41; Ибн Мәжә. Зәбаин 10.
[3] Мүслим. Либас 107; Әбу Дәуіт. Либас 52.
[4] Әбу Дәуіт. Жиһад 112, Әдеп 164.
[5] Әбу Дәуіт. Әдеп 115.
[6] Тирмизи. Бирр уә сыла 16; Бәйхаки. әс-Сунәну күбра 9/41.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру