Мисуак – табиғилығымен тартымды

12 шілде 2018 24969 0
Оқу режимі

Ислам діні рухани тазалықпен қатар дене тазалығына да ерекше көңіл бөледі. Өз кезегінде тіс тазалығы да мұсылмандық гигиена талабына жатады. Тіс тазалығын күтуде мисуактың орны ерекше. Өйткені Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) мисуакты ауыз тазалығында тіс щеткасы ретінде қолданған. Сондықтан мұсылмандар үшін мисуак қолдану – сауапқа бастар сүннет.

Мисуак деген не?

Мисуак – Әрак (Salvadora persica) атты ағаштың майда бұтақтары не тамыры. Хош иісті бұл ағаштың түрі негізінен Араб түбегі, Батыс және Оңтүстік Азия, Африка аймағында өседі.

Ерекшелігі

Басты ерекшелігі – 100 ℅ табиғи өнімдігі. Химиялық құрамы таза болғандықтан, тіс, тістің қызыл етімен қатар ағзаның басқа да жақтарына пайдасы мол. Атап айтқанда, құрамына көптеген биоактивті және минералды заттар топтастырылған: танин, флавоноидтар, алкалоидтар, сапонин, С витамині, фтор, кремдік заттар т.б. Бұлар тістің аппақ болып жарқырап, қызыл еттің мықты болуына көмектеседі.+

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1986 жылғы зерттеуінде таза өнім тұрғысынан мисуак қолдануға кеңес берген.

Қолдану тәсілі

15 см-дей етіп кесілген мисуактың бір ұшын (шамамен 1 см) бір тәулік бойы суға салып қоясыз. Жібігенде, ұш жағының қабығын аршисыз. Содан кейін оны шашақтап ашасыз. Оң қолға ұстағанда бас бармақты асты жаққа, сұқ саусақты үстіге келтіресіз. Мисуакпен тісті ғана емес, тістің еттерін, тілді, тіпті тамақты да ысқылауға болады. Қолданып болғаннан кейін оны жуып, пакетіне қайта салып қоясыз. Басындағы шашағы таусыларда, басын бірдей етіп кесіп, ұшын қайта жаңартып ашасыз. Осы негізде қолданар болсаңыз, бір мисуактың өзі біршама уақытқа жетеді.

Жүргізілген зерттеулер

2003 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеу жұмысы нәтижесінде синтетикалық материалдан жасалған жай тіс щеткасымен салыстырғанда, мисуактың анағұрлым әсерлі екені тағы да анықталған. Ал, Сауд Арабиялық зерттеуші Құтайыбтың айтуынша, мисуактың құрамындағы белсенді биологиялық заттар адамның тісі мен тіс жегісіне ғана емес, бүкіл иммундық жүйесіне пайдалы болып шыққан.

Иллиной университетінің (АҚШ) ғалымдары жеті жыл мисуакка зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оның құрамындағы жеті химиялық затты анықтаған. Бұл химиялық заттар тіс бактериясы мен кариеске қарсы тұратындығы дәлелденген.

«Біз бұл зерттеуімізді жалғастыра береміз», – дейді Иллиной университетінің периодонтология профессоры Кристин Ву, – «Өйткені қазірдің өзінде қаншама компаниялар біздің жұмысымызға қызығушылық танытып, өз өнімдерінің табиғи құрамына көңіл бөлуде».

Мисуак жайлы хадистер

Ардақты Айша анамыздың айтуынша, үйге келе салғандағы және ұйқыдан оянғандағы (мейлі күндіз, мейлі түнде болсын) Пайғамбарымыздың алғашқы қолға алар ісі ауызды мисуакпен шаю болған (Шауқани М. Нәйлүл-аутар, 121.).

Расулаллаһ (с.а.с.) кейбір хадистерінде мисуак жайлы былай деген:
«Мына төрт нәрсе пайғамбарлардың сүннеті: қарапайымдылық, әтір себіну, мисуак қолдану және некелесу» (Тирмизи, Неке, 1);

«Үмбетіме ауыр соғады-ау демегенімде әр намаздың алдында мисуакпен тіс тазалап тұруды бұйырар едім» (Бұхари, Жұма, 8);

«Мисуак қолданыңыздар, ол ауыз тазалығына әрі Жаратушының разылығына себеп» (Суюти. әл-Жамиғ әс-сағир, 4832);

«Мисуак қолдану жайлы Жәбірейіл періштенің жиі кеңес беретіні сонша, мен өз тістерімнен (түбін ойын жіберем бе деп) қорқа бастадым» (Кутубу ситта, 6043);

«Түсімде мисуакпен тісімді тазалап тұр екенмін. Бір уақытта жаныма екі кісі келді. Мен мисукты жасы кішісіне бермекші болғанымда, ересегіне беру керектігі ескертілді. Мен ересегіне бердім» (Мүслим, Руя, 19) т.б.

Медициналық пайдалары:

Мисуактың медициналық пайдасы көп. Атап айтқанда:

  • Тістің кіреукесін кетіреді;
  • Тісті ағартады;
  • Тістің сыртқы эмальді қабатын сақтайды;
  • Ысқылағаннан кейін тісті екі күнге дейін бактериялардан таза ұстайды;
  • Ауызға хош иіс сыйлайды;
  • Тісті бір рет тазалағанның өзінде ауыз қуысындағы бактерияларды 75%-ға азайтады;
  • Құрамындағы фтор арқылы ересектердің де, балалардың да тіс ауруларына емдік қызмет атқарады;
  • Мисуактағы танин заты тіс иектерінің қанауы мен қабынуын азайтады;
  • Тіс ауруын басады;
  • Көздің көруін өткірлейді (өйткені тістің түбінен бастау алатын жүйке тамырлары бетпен, көздің маңайындағы ұсақ қан тамырлармен тығыз байланысты);
  • Дауыстың жағымды шығуына әсер етеді;
  • Асқазандағы астың дұрыс қорытылуына көмектеседі;
  • Дененің сергектігін сақтайды т.б.

«Аузыңдағы мисуак...»

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.с.) істерін өнеге тұтқан қазақ халқы сүннетке құрметпен қараған. Ерте уақытта қажылыққа барып қайтқандары я діндарлары мисуакпен тіс тазалығын күтуге мән берген. Әйгілі Қашаған жыраудың бір сөзінде «Аузыңа салған мисуак ағаш емей немене?!» дегеніне қарағанда, мисуакты сол кездегі қазақ қоғамы жатсынбаған. Осы бір ауыз сөзден-ақ ел ішінде мисуак қолданатындардың кездескенін әрі ол туралы халықтың жақсы білгенін байқаймыз.

Жалпы алғанда, тіс тазалығын күту – әр адам үшін өте маңызды. Ал зерттеушілер жан-жақты дәлелдеген мисуак – ең табиғи әрі пайдасы мол тіс щеткасы деуге болады. Сүннеті орындаймын деген ниетпен қолға алған адамға жазылатын сауабы өз алдына...

Құдайберді Бағашар

Пікірлер Кіру