МЕНСІНБЕУШІЛІК
Бала күнімізде кез келген қазақ баласына тән әдетпен ата-әженің ізінен бір елі ажырамай, той-томалақтан қалмайтын думаншыл боп өстік. Үйде әжеміз жиын-тойға баратын күні қатар өскен бауырларымызбен таласып, ертіп кетпесе бір бұрышта жылап қалатын едік.
Бір күні әжемізбен қыдыратын кезек маған да келіп, мәз-мейрам болып қуанып, әжеммен ауызашарға баратын болдым. Үй иесі сауап болады деп ақ дастархан толы бауырсақ, миіз-өрік, неше түрлі тәтті-дәмдінің бәрін жасапты. Бір қарасам жанымда киімі жұпыны, түр-әлпеті жүдеу келген, алдындағы асты қомағайлана асап отырған кедей кісі отырды. Мен біраз уақыттан кейін шыдамай орнымнан тұрып кеттім. Әжеме барып:
-Басқа жерге отырайыншы. Жанымдағы апаны көрдіңіз бе, ескі-құсқы киініп алыпты, ұяламын бірге отыруға, - деп шағымдандым.
Әжем жиіркеніп әрі менсінбей тұрғанымды көрді. Сол кезде біраз сөккені бар. Әңгімеміздің төркіні осы менсінбеушілік мінез жайлы болмақ.
Қарапайымдылыққа кері ұғым менсінбеушілік, тәкәппарлық. Өзің бәрінен артық, жоғары ұстап, кердеңдеп жүру адамды ешқашан алға бастырған емес. Пайғамбар өміріне көз жүгіртсек Алла елшісі(с.ғ.с) кедей мен кембағалдың досы болып, әрдайым жанынан табылып отырған. Адамды көркі мен дене бітіміне, киіміне, тегіне, мансабына қарап алаламаған. Өзің көрсетуді қалап, өзгеден жоғары екенін білдіріп қалғысы келетін сипаттан ада еді. Бірде бір бәдәуи Алла елшісінің (с.ғ.с) алдында тұрғанда дірілдеп, тыпыршиды. Сонда пайғамбар (с.ғ.с) :
- Достым, дірілдеме! Мен патша емеспін. Қатып қалған нан жеген құрайыштық бір әйелдің ұлымын, - дейді.
Бір күні бір адам Пайғамбарға:
- Мырзамыз! Ең қайырлымыз! Қайырлымыздың ұлы! – деген сөзіне ардақты пайғамбар:
- Ей, адамдар! Алладан қорқыңдар, шайтанға ермеңдер! Мен тек Абдулаһтың ұлы Мұхаммедпін, Алланың құлымын. Және Алла Тағала менің мәртебемді пайғамбарлықпен үстем етті. Маған бұдан артық құрмет көрсетулеріңді қаламаймын , - деп кеудемсоқтық пен паңдыққа салынбайды.
Пайғамбар өнегесінен нәр алған сахабалар да кішіпейіл, қарапайым болды. Әділ халифаның бірі Омар ибн Абдулазиз бірде үйінде қонақпен отырады, сол кезде мұсылман халифасы тұрып, шамды ауыстырып келеді. Халифаның бұл ісіне таң қалған қонақ;
- Мұсылмандардың патшасы бола тұра шамды өзің ауыстырасың ба? Неге қызметшіге айтпадыңыз - дейді.
Оған халифа:
- Қызметші күндіз қызмет етеді, түнде демалуға хақысы бар емес пе? Ал мен тұрып шамды ауыстырған кезде Омар едім, қайта орныма отырған кездеде Омар болып қалдым. Еш нәрсем өзгермеді және еш нәрсем кемімеді де , - деген болатын.
Кішіпейіл әрі ержүрек пайғамбар
Біз кейде қазір кішіпейілдікті түсінетін адам аз, бұға берсең сұға береді деп ойлаймыз. Десе де діннің көркем міңез болып табылатындығын, қоғамда жақсы әдепті таныту әрбір мұсылманның міндеті екенін ойлап көрдік пе?... Әрі кішірею деген басты салбыратып, қажет жерде сөзден тосылып, басқаның сөзіне қосыла беру, жасқану, яки міңезсіздікті білдіркмейді. Пайғамбарымыз кішіпейілдігімен қатар ержүрек, қайсар болған, Алла елшісі соғыста жауға ең жақын жүретін, сахабалар оның жанында тұрғанда батылданып, жігері таситын еді.
Әзіреті Әли (р.а):
- Бәдірде ойран-асыр соғыс жүріп жатқан кезде, біз кейде пайғамбарымыздың артына тығылып, соғысатын едік. Ол бәрімізден батыл еді, жауға ең жақын жүретін де сол еді , - дейді.
Құранда:
Алла Тағала өркөкірек, мақтаншақ адамды жақсы көрмейтіні туралы аятта: «Адамдардан жүзіңді кері бұрма әрі жер бетінде кердеңдеп жүрме. Ақиқатында, Алла әрбір өркөкіректі әрі мақтаншақты жақсы көрмейді» («Лұқман» сүресі, 18- аят).
«Рахманның құлдары жер бетінде кішіпейілдікпен жүреді» ( «Фурқан» 63-аят).
«Дау жоқ! Алла, олардың жасырғандарын көрнеу істегендерін біледі. Расында Алла өзін жоғары санағандарды жақсы көрмейді» («Нәһл» сүресі, 23-аят).
«Раббыларың: «Маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында Маған құлшылық қылудан паңсыңғандар, олар қор болып, тозаққа кіреді» («Ғафир» сүресі, 60-аят).
Тәкаппарлық жолдан жабысатын дерт. Адам дүниеге келгенде тәкаппар болып тумайды. Жүре бара адамның азды-көпті арман-мақсатына қолы жетіп, бір-екі белесті бағындырған кезде бәріне өзім жеттім деген көкірегін керіп, дандайсу пайда болады. Немесе біреу ажарымен, біреу мансап-атағымен, енді біреу қымбат киімімен өзің жоғары санап, өзгені төмен көргенде Алланы ұмытады. Пендеге берілген әрбір игілік Алланың ісі екенін естен шығармай, ең көркем міңезге ие пайғамбар жолынан жаңылмаған жөн.Қазыналы қарияларымыз да “Ұлық болсаң, кішік бол”, “Кішіпейіл болғаннан кішірейіп қалмайсың» деп қарапайымдықтың жуас, сылбырлық емес астарында кемелдік жатқанын жеткізіп тәрбиелеп отыратын сөздері көп. Алла Тағала менсінбеушілік пен тәкәппарлықтан, кедейді қор көріп, өзің зор көретін міңезден сақтағай! Әәмин!
Тұмар ҚАЙРАТҚЫЗЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті