Мән беруге тиісті кейбір отбасылық мәселелер

12 желтоқсан 2019 9425 0
Оқу режимі

Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен діни қызмет аясында «Ислам және отбасы жылы» деп жарияланды. «Отан – отбасынан басталады», – демекші, мемлекет мерейінің үстем болуы біліммен қатар тектілікке тәрбиеленген ұлағатты ұрпаққа тікелей байланысты деп есептейміз.

Өйткені, отбасы – «шағын мемлекет». Іргесі берік, бірлігі бекем елдің болашағы «шағым мемлекеттен» басталады емес пе? Осы ретте отбасы берекесі мен шаңырақтың шаттығын арттыратын кейбір жайттарға тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.

Біріншіден, өзгені емес, өзімізді тәрбиелеу. Бұл – маңызды мәселе. Өйткені, қоғамды жақсылыққа өзгертуді уайымдаған адам ең әуелі өзін өзгертуі қажет. Демек, өзгенің бойынан жақсы қасиеттерді көргісі келген пенде сол асыл құндылықтар өзінің тұла бойынан көрініс табуы тиіс. «Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Рағыд» сүресінің 11-аятында: «Қайбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді», – деп баяндаған. Адам түзелсе, оның отбасынан жақсылықтың нышаны байқалады. Отбасы түзелсе, қоғам, қауым ізгілікке қадам басады.

Екіншіден, Құдай қосқан қосағымызға жақсы қарау, яки оның бойына көркем мінез құндылықтарын қалыптастырып, адами қасиеттің алтын дәнін егу. Әйел – Алланың аманаты. Оның әдебі мен тәрбиесіне жолдасы жауапты. Қыз-келіншекке тән нәзіктік оның табиғи жаратылысына қатысты құбылыс. Оның сезімталдығы мен жалпы болмысын қалыпты жағдай ретінде қабылдаған абзал.

Жаратушы Жаббар Иеміз «Ниса» сүресінің 19-аятында күллі адамзат баласына: «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар», – деп әмір еткен. Алланың нәсіп еткен сыйын разылықпен қабылдап, оған жақсы қарап, көркем қарым-қатынас жасау – мұсылманның міндеті.   

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Иман тұрғысынан мүміндердің ең кәмілі – мінез-құлқы ең жақсы болғандар. Сендердің ең ардақтыларың − жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтын менмін», – деген. Пайғамбар сүннетіне адалдық оның амалдарын орындаудан басталады емес пе?

Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір сөзінде айтқандай, мүмін ер адам еш уақытта мүмін әйелді жек көруіне болмайды. Егер де қандай да бір мүмін әйелдің әлдебір мінезі көңіліне жақпаса, басқа бір қасиетін ұнатып қалатыны хақ.

Амр ибн әл-Ахуас әл-Жушами (р.а.) былай деген екен: «Пайғамбарымыз қоштасу қажылығында Алла Тағалаға мақтау айтып, шүкіршілік білдірген соң жамағатқа былай деп насихат айтқанын естідім: «Әйелдеріңе жақсы қараңдар, өйткені сендер шын мәнінде оларға жауаптысыңдар. Анық арсыздық жасамайынша (күйеуіне опасыздық жасамайынша немесе бойсұнудан бас тартпайынша), олармен тек жақсы қарым-қатынаста болуға тиіссіңдер. Сендер үшін бұдан басқа жол жоқ...».

Демек, әйелдің әлдебір сөзі немесе оғаш қылығы ажырасуға басты себеп болмауы керек.

Үшіншіден, бала тәрбиесіне көңіл бөлу. Халқымызда: «Ел болам десең, бесігіңді түзе», – деген нақыл бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір өсиетінде: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – ол тәрбие», – деген екен.

Жақслығы мен жамандығын алма-кезек арпалысып жатқан алмағайып мына заманда балаға білім беруден бұрын оның тәрбиесі басты орынға шықты. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы», – деп мәні терең тұжырым айтып кеткен Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың сөзі бүгінгі күнге дейін өзінің өміршеңдігін жоғалтпай келеді. Білім мен тәрбие – құстың қос қанаты іспетті. Бірінсіз-бірі дамудың даңғыл жолында еркін самғай алмайды.

Бала тәрбиесіне қатысты мәселе тағы да сол әкенің тұлғалық рөліне келіп тіреледі. Есті сөз айтып кеткен байырғы бабаларымыз: «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», – деген. Бала көргенін істейді. Көркем тәрбие көрген бала тексіздікке бармайды, ары мен намысын сақтайды. Өйткені, «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі».    

Асыл дініміз Ислам бала тәрбиесіне ерекше мән береді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Балаға бір рет көңіл көліп, тәрбие беру – бір сағ (бір сағ – 2120 граммға тең) көлемінде садақа бергеннен де жақсы», – делінген.

Бұл ретте балаға сөзбен емес, іспен үлгі болу, оған жұмсақтық таныту, онымен пікірлесу, сөйлесу, оның қолымен сауапты істерді жасау, оларға сыйлық үлестіріп, жүйелі түрде жігерлендіріп тұру, бәріне бірдей қарап, ұдайы дұға жасау – өте маңызды амалдардың бірі.

Төртіншіден, туысқандармен көркем мәміледе болу. Халық даналығында: «Ай араласпасаң ағайын жат», – деген қанатты сөз бар. Дініміздегі сауапты амалдардың бірі – туысқандарға қарайласу, олармен байланысты үзбеу. Біз «өле жегенше, ағайынмен бөле же», «бауыр шырын, бас тәтті, ағайынмен ішкен ас тәтті», «туысы бірдің қонысы бір, туысы бірдің уысы бір», – деп туыстық қарым-қатынасты ту еткен жоралы жұртпыз. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде адамзат баласына былай әмір еткен:  

«Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады». Ал, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туған-туысқандарымен қарым-қатынасын үзбесін», – деген. Байқап қарасақ, Алла Тағала адамның тіпті ризығы мен өмірін оның туысқандарымен қалай қарым-қатынас жасайтынына байланыстырып қойған.

Бесінші, көрші хақысын беру. Алла Тағала Құранның «Ниса» сүресінің 36-аятында былай дейді:

«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке­шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей­кепшіктерге, жақын көршіге, алыс көршіге, жаныңдағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыларға, қолдарыңа қарағандарға (қызметшілерге) жақсылық жасаңдар. Алла дандайсыған тәкаппарларды жақсы көрмейді».

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Көрші туралы Жәбірейіл періштенің кеңесті үйіп-төккені сонша – мен еріксіз көршіні көршіге мұрагер етпес пе екен деген ойға қалдым», – деген.

«Үй алма, көрші ал», – деген мақалдың мәніне үңілсек, үйден бұрын жақсы көршінің қымбат екенін түсінеміз. Жақсы көрші бола білу немесе мазасыз көршінің сынақтарына сабыр ете білу – мұсылманның асыл міндеттерінің бірі.

Алла Тағала баршамыздың отбасымызға бақ-береке, шаңырағымызға шаттық, бала-шағамызға имани тәрбие нәсіп етіп, екі дүние бақытына бөлегей! Әмин!  

Қанат Қыдырмин

Пікірлер Кіру