Күнәміздің кесірінен айырылатын 8 нығмет

08 сәуір 2019 9071 0
Оқу режимі

Адам баласы нәпсіге жеңіліп, иманының күш-қуатын жоғалтқан кезде күнә істеуге бейім келеді. Сондай-ақ, өзін қолдап-қолпаштап тұратын көркем мінездер азайған сайын рухани кемелділіктен алыстай бастайды. Истиқамат, яғни әрқашан туралықта болуда әлсіздік танытады. Осының нәтижесінде күнәлі істер сиқырлы әуен секілді нәпсіні өзіне баурап алып, ақыреттегі жауапкершілікті ұмыттырады. Ардақты елші (с.ғ.с.): «Адам баласы бір күнә істегенде жүрегіне қара дақ түседі. Егер ол күнәні тәрк етіп, Алладан кешірім сұрап, тәубе етсе жүрегі тазарады. Ал, күнә істеуді одан ары жалғастыра беретін болса, қара дақтар көбейе түсіп, соңында бүкіл жүрегін қара дақ басып қалады» Алла Тағала: «Жоқ! Әсте, олай емес! Олардың өз қолдарымен істеген күнәлары жүректерін әбден қарайтып, тотықтырып тастаған (сондықтан олар ақиқатты көре алмауда)»,- дей отырып, осыны меңзеген», - деп айтқан.

Білімді жоқ етеді

Білім – Алла Тағала берген нығметтердің ең құндысы болып табылады, күнә іске аяқ басқан адам осы нығметтен мақрұм қалмақ. Бірде ілгерідегі ізгілердің бірі есте сақтау қабілетінің нашарлағанын айтып шағымданады. Сонда имам күнәлі істерді тастауына кеңес береді. Себебі білім – Алланың нұры, ал Оның  нұры күнәһарларға берілмейді.

Ризықты кемітеді

Тақуалық береке әкеледі әрі ризықты арттырады. Тақуалықты тәрк ету ризықтың кемуіне апарады. Кедейлікке апарар бірден бір жол – Алланың әміріне құлақ аспай, шалыс басу.

Жаратушыдан алыстатады

Адам баласының жасаған әрбір күнәсі жүрегіне қара дақ болып түседі. Қашан жүрегі толықтай қап-қара болған кезде ол адам тақуалық пен бойсұнғыштық қасиетінен ада болған күйе Жаратушыдан жырақта қалады. 

Денені әлсіретеді

Күнәлі істердің рухымызға беретін әсері белгілі, Жаратушыдан жырақтау адам баласының кез келген нығметінен мақрұм қалдырады екен, соның ішінде денсаулыққа да зиянын тигізбей қоймайды. Денсаулықты дені сау адамдардың үстіндегі атласқа теңесек, оның қадірін тек ауырғандар біледі...

Күнә көбейгенде береке қашады

Бірінің артынан бірі жасалған күнәлар Алланың мейірімін жоқ етіп, өмірімізден берекені алып қояды. Күнәға белшесінен батқан адамның өмірі сәтсіздіктер мен тауқыметтерге толып кетеді.

Бір күнә – мың күнәға есік ашады

Егер адам Алла тағала тиым салған күнәлі істі істеп, артынша тәубе етпейтін болса, онда ол күнәлі іс бұл адам үшін үйреншікті әрі болмашы ғана нәрсеге айналады. Осылайша, бірте-бірте ол адам Алланың салған тиымдарына да немқұрайлы қарайтын болады да амалдары әдетке айналып, тәубе ету деген түсінік санасынан мүлде өшіп кетеді.

Алланың рақымы

Күнә жасаған адамның айрылатын ең үлкен нығметі – Алланың рақымы. Алла Тағала адамзатты Өзіне ғана бойсұнып, Өзіне ғана құлшылық жасау үшін жаратқан. Күнә жасап, артынша тәубесіне келген адамды Алла қаласа, рақымымен кешіреді. Алайда, үнемі күнәлі іс жасап, оны ар санамайтын адам Жаратушының жақсылығынан, рақымынан мақрұм қалатыны анық.

Құлшылықтан алыстайды

Адам баласының таңдауында екі жол бар: бірі Хақ Тағалаға бойсұнып, құлшылық қылу әрі күнәлі іс істеп қойған жағдайда тәубеге келу болса, екіншісі нәпсіңнің жетегімен жүріп, қалағаныңды жүзеге асыру. Құлшылықтан алыстау – Алладан алыстау деген сөз. Ендеше, намазды қаза қылуды әдетке айналдырмаған жөн.

Алла адамдарға сансыз нығмет берген. Бұлардың ең үлкендерінің бірі –  нығметтің қадірін білу нығметі. Алланың адамға берген ең үлкен нығметі – иман нығметі. Мұның шүкіршілігі – Оған қарсы келмеу. Әр нығметке сол нығметтің түрімен шүкіршілік ету – нығмет қадірін білудің белгісі.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру