КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН КӨЛЕҢКЕ

08 қараша 2022 5014 0
Оқу режимі

«Адам көлеңкесінен қашып құтыла алмайды» деген сөзді айтқан адам қанша данышпан болса да, адам баласы жақсылықпен жалғас жүретін жамандығымен күресуіне ерік берілген. Хәкім Абай оған: «Адам мінезін түзеп болмайды деген адамның тілін кесер едім» деп емеурін танытады. Бірақ, бізге кемеңгер Абайдың емеуріні түсініксіз. Өйткені, біз дүниені тіршілігімізге қажетті немесе қажетсіз деп екіге бөліп қарайтын замана ұрпақтарымыз. Ең оңтайлы жолды осы деп бағамдаймыз. Сөйте тұра жан дүниемізде әлде бір беймаза күй тыным бермей тұрғанына ішіміз қазандай қайнайды, күйінеміз, өкінеміз. Бірақ, не шара.

Өмірде ізгілік пен мейірімділіктің мерейі үстем болуы үшін қандай қуат, қандай рухани өріс керек? Ол бар ма? Бар болса қайда? Жоқ болса, неге жоқ? Сонда адам бойындағы рақымшылдық, ойындағы парасат, мейірімділік сезімдерін тұншықтырып тұрған не нәрсе? Ол қандай зұлмат?

Парасат майданы

Эгоизм. Әлем осы тамырдың қан соғысының ырқында. Бұл өзіңнің қалауыңды ғана қанағаттандыру. Жоқ. Өзіңнің емес. Әсілі нәпсіңнің. Себебі Хәкім Абай: «Менімен менікінің айырылғанын, Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес»,- деп пайымдайды. Демек, «МЕН» рух, жан. Ал, «МЕНІКІ» нәпсі, тән.  Түсінікті. «Мені» мен «менікінің» мәнін ажыратып алуымыздың басты себебі жақсы мен жаманның санамызда мидай араласып кетпеуі үшін бағыт-бағдар болсын.

Ал, альтруизм деген не? Бұл ешқандай сый-сияпат пен құрмет күтпестен өзгелерге жақсылық жасау. Жақсылық жасай алудың өзі сый-сияпат. Бірақ, жақсылық жасаудың бір үлгісі болуы керек емес пе? Ол өзгеге деген мейірімділік, аяушылық, жақсы көрушілік, қайырымдылық, махаббат. Мейірімділік – ол жақсылықтың өзі. Екеуі бөліп алғысыз бір бүтін. Өзгелер көру үшін, «десін деу үшін» (Хәкім Абай) жасалатын жақсылықтар – мейірімділік емес. Ол кіршіксіз асыл қасиеттердің өзін «менікі» (эго) үшін пайдаланғысы келетін зұлымдық. Асыл дініміз Ислам оны «рия» дейді.

- Онда тұрған не бар екен? Ол тіршілік етудің бір заңдылығы емес пе?

Біз онсыз өмір сүре алмаймыз ғой.

- Жоқ. Ол қоғамды тығырыққа тірейді. Отбасында. Жеке адамды да. Түпкі нәтижесі сол. Өмірдің кез-келген көрнісін алып қарасақта. Эгоизмнің соңғы аялдамасы жалғыздық, жан азабы. Ол бізге ешқандай жақсылық әкелмеді. «Менікінің» жекешілдік мүддесін әлемнің бар ләззаты жиылсады қанағаттандыра алмайды. 

Бірінші көрініс

Бәрі жақсы. Басында. Содан кейін. Иә. Эгоизм ішкі сезіммен жымдасып, екі адамның қарым-қатынасына араласа бастағанда сүйіспеншілік сезіміне орын қалмайды.  Әйел заты ер адамның үнемі мән беріп, түрлі сыйлықтар тарту етіп, өзі үшін ғана өмір сүргенін қалайды. Дұрыс. Бірақ, осы эгоистік программа әйелді үнемі мазасыз күйге салады. Жайсыздық сыйлайды.Үнемі талап ету. Тағы да, тағы да...

Парадокс. Рухани көзқарас бойынша эгоистік қалауды қанағаттандыру мүмкін емес. Қалауымызды іздеп тапқан сәтте тыныштық тапқандай боламыз. Бірақ кеуде тұсымыз әліде қуыс болып тұрған сияқты. Тағы да әлде не жетіспей тұрғандай. Тағы да жанталаса іздейміз, тағы да азап...

Екінші көрініс

Күнделікті тұрмыста барлығы өз қалағанымызша болса дейміз. Бірнеше жыл бұрын сатып алған көлігім мен үйім бар (үлкен болмаса да). Аллаға шүкір. Бірақ, жолда келе жатып сәл жылтыраған көлікті көргенде неге ойым өзгеріп кете береді? Қызық. Ішіме саңырау құлақтар қаптап өсіп кеткендей.  

Үшінші көрініс

Жұмыста да солай. Қызмет өте қолайлы. Қызметтік дәрежемде жаман емес. Жалақыда. Бірақ, анау қызметкердің жалақысы неге менікінен көбірек. Оның үстіне басшылықпен де өте жақсы қарым-қатынас жасайды. Бұл әділдік емес қой. Иә. Әділдік емес. Әзірге менің ойымша. Менің емес. «Менікінің». Әр адам дәл осы сезімді іштей сезінген болар. Міндетті түрде. Өйткені, ол біздің табиғатымыз. Одан қашып құтыла алмаймыз. Жан-дүниеміздегі қайшылық резюмесінің қысқаша нұсқасы осындай.

Біз осылай өмір сүреміз. Үнемі жан күйзелісі. Ұйқысыз түндер. Күндер. Сағаттар. Минуттар. Басқаша өмір сүру жолын таппадық және осылай өмірден өтеміз. Өлшеулі ғұмыр. Өкінішті. Маңдайымызға жазылғаны осы ма? Әлде басқа жол бар ма?  

Төртінші көрініс

Бар. Басқа адамдар бақытты болса – бізде бақыттымыз. Бұл Алланың заңы. Жатарқанның әмірі. Өмірлік өшпес өлшем. Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл қағиданы: «Өзіне қалаған жақсылықты өзгеге де қаламайынша шын мұсылман бола алмайды»,-деп мұсылман баласы осы ұстанымды ең бірінші басшылыққа алу керектігін шегелеп айтады. Бұл утопия сияқты болып көрінеді. Бірақ, отбасылық жағдайға қарасақ мұның шындық екеніне көзіміз анық жетеді. Мына көрініске қарайықшы. Анасының құшағындағы бала ерке қылығымен, шексіз қуанышымен анасын баурап алған. Баласы қаншалықты қуанса  анасы да соншалықты қуанышты, әрі бақытты. Баласынан аянар мейірімі жоқ. Ол күлсе күледі, жыласа жылайды. Адамдар да, қоғамда, бүкіл әлем, ғалам да солай. Тұтас заңға бағынады. Ол бір-біріне деген мейірім, махаббат. Діннің мақсаты әрбір адамның жүрегіне осы мейірімділік дәнегін егу болатын.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдарға мейірімділік танытпағандарға Алла мейірімділік жасамайды», – дейді. Хәкім Абай: «Рақымдылық, мейірбандылық, уа әрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі еді, демек бұлар – жүрек ісі, асықтық та – жүрек ісі», – деп Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өсиетін ой елегінен өткізіп, мағынасын дәл сол қалпында жеткізеді.

Сонымен, күннің сәулесі түссе көлеңке кімнің басында болмайды, бірақ одан келетін зиян шамалы. Ең бастысы өмірдегі, қоғамдағы, жан-дүниеміздегі көлеңкелерден Жаратқан ием жар болып, аман сақтасын!

Өйткені оның қатері... Қаупі...

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру