КИМЕШЕК – ҚҰНДЫЛЫҚ

23 қаңтар 2024 2505 0
Оқу режимі

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі» атты бес томдық энцикло­педияның бірінші томында қазақ әйелдерінің ұлттық дәстүрлі бас киімі кимешекке: «Көшпелі ортада қалыптасқан, экологиялық талаптарға толықтай жауап беретін қазақ әйелдерінің бас киімі» деген анықтама беріліпті.

Ал мына суретте өзде­ріңіз көріп отырған бес түр­лі кимешектің иесі Сара Сабақ­байқызы (суретте) деген апамыз екен. Жасы жетпістің бесінде. Астана қаласында тұрады. Ши­рек ғасыр бұрын Қытай Халық Республикасы Гансу өлкесіне қа­расты Ақсай Қазақ автономия­лы ауданынан көшіп келіпті. Жарықтық 20 жасында келін болып түскен сәтінде енесі басына «келін кимешегін» кигізген екен. Содан бері бір күнде ки­мешексіз жүріп көрмепті.

Апамыздың айтуына қара­ғанда, кимешектің төменгі қа­рын­салдығына сырмалап ою салатын дәстүр ежелден бар, ал кимешекті жиектей бүр­ме­леген айналма белдікті «шы­тыра» дейді екен. Сонан кейін кимешектің алқымына өрнектелген бедерді «сырмаша ою» деп атап, оның сыртындағы кестелі жиекті «өрнек сағат» дейді екен. Осы сағат-сырманың сыртынан жиектеген жіңішке өзек-оюды «су» деп атаса, кимешектің алқым шыршысын безендіріп тұрған бөлшек-бөлшек тіркесті қызыл-жасыл таңбаларды «алақұрт» деп атайтын көрінеді.

«Аппақ шытырадай әйел адамның жамалына көрік беретін сәнді әрі көркем бітеу киім басқа жұрттың бірінде жоқ. Қазақ салты бойынша, жаңадан түскен келін әуелі кимешек киеді, уақыт өте келе жетім шы­лауыш тартып, желек жамы­лады. Одан кейін көкала кебіс киеді. Алғашқы көтерген баладан соң ауылдың дуалы бәйбішесі келіп, келіннің желе­гін алып, кимешегін ауыс­ты­ра­ды. Біздің жақта келін бо­лып түскенде киетін, одан кейін балалы болғанда киетін, ене бол­ғанда киетін, кемпір бол­ған­да киетін кимешектің түр-түрі бар. Қосағы дүниеден өткен әйел­дер қызылды-жасылды ою өрнегі жоқ тек шытыра салынып, су жүргізген аппақ кимешек киеді. Ол «жесір әйел» деген белгі. Жөн білетін кісілер жесір отырған жерде оның көңі­ліне келетін артық-ауыз сөз ай­ту­дан тиылады», дейді Сара апай.

Ал суреттегі бес кимешекке келер болсақ, сол жағындағы шытыра оюы солғын, сарыжағал кестелі кимешекті апамыз келін болып түскенде енесі сыйлапты. Екінші ретте тұрған шытырасы алтын түстес, қошқар мүйіз оюлы кимешекті жат жұртқа келін болып түскенде өзі тігіп киіпті. Қайын жұрты келген келін тегін адам емес, ісмер екенін білсін деген лебі іспетті. Үшінші кимешекті не­мерелі болғанда киіпті. Бұл кимешектің оюы біртекті сар­ғылт түстес болып келуі, адам өмірінің толысқан тұсы күздің бояуын елестетеді, дейді кейуа­на. Төртінші – қарт әжелерге арналған кимешек. Оның ал­қы­мынан шекелігіне қарай шап­тырған сары түсті оюлы өрне­гінің шеті қарақоңыр түстес бу­нақ кестемен сырылғаны және омырау тұсындағы қара жұл­­дызды дақтар әжелерге тән сипаттың белгісі екен. Ал су­реттегі бес кимешектің оң жақ­та тұрған бедерлі түрі сән-салтанатты тойларда киетін сән­дік кимешек екен. Апамыз дәл қазір осы сәнді кимешегін киіп жүр. «Бұл менің береке мен ырысы бай, жұрты тату өмір кешіп жатқан атажұртыма деген ішкі құрметім» дейді апамыз.

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

 

Дереккөз: Егемен Қазақстан газеті

Пікірлер Кіру