КИІЗ КІТАП

22 қаңтар 2025 97 0
Оқу режимі

"Кітап - оқығандікі,

Білім - тоқығандікі, - деген мақалды естіп өстік. Жалпы тілімізде кітап туралы, оқу-тоқу туралы мақал-мәтелдер баршылық. Солардың ішінде ерекше мәнге ие: "Қарияның сөзі - Киіз кітаптағыдай", - деген даналық. Бұл жердегі басты құндылық - Киіз кітап. Ал өмірінде бір кітаптың да бетін ашпаған қария сөзінің сол кітаппен үндесіп жатуы, шынында да ғажап. Сірә атам қазақ:

"Кітап - оқығандікі,

Білім - тоқығандікі, - дегенде әлгі қарияға тән "білімді" қаперге алса керек. Демек кітап оқығанның бәрін білімділер санатына қосудың қисыны келмейді. Рас, ол кітап оқығыш та өзі оқыған кітап саны мен сапасына орай өзіне лайық бағасын алады. Оның үстіне оқығанын тоқыса, нұр үстіне нұр. Алайда аталмыш мақалда оқыған мен тоқыған екі бөлек аталады. Оның үстіне білімнің оқығаннан емес, тоқығаннан келетіндігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Бұл ой

"Қарияның сөзі киіз кітаптағыдай", - деген алғашқы мақалда да аңғарылып тұр. Солай бола тұра біз көбіне:

"Кітап — алтын сандық,

Іші толған қазына, құт.

Оқы, оқы, ойыңа тұт", - деген даналықты басшылыққа аламыз. Сондай-ақ тоқу арқылы келетін білімнің де кітапта тұрғанын аңғартып:

"Кітапты сүйіп оқы,

Көңілге түйіп оқы, - деп те қоямыз. Оған: "Кітап - алтын қазына", - деген тағы бір тағлымды мақалды қоссақ, кім де болсын ешкімді кітап алдына шығарғысы келмейді. Енді қалай десек те: "Жақсы кітап - жан азығы", - екендігін кім де болсын жоққа шығара алмайды.

Басын ашып айтсақ: "Күш - білімде, білім - кітапта". Сірә, Шекспир: "Кітап маған тақтан да қымбат", - дегенді соған орай айтса керек.

Әйтсе де Лев Толстойдың:

Жақсы кітап — ақылды адамның әңгімесімен бірдей", - деген сөзі

"Қарияның сөзі киіз кітаптағыдай", - деген біздің бабаларымыз даналығына келеді. Сірә Лев ақсақал: "Көрінген кітапты оқи берген жарамайды, көңілде туған сауалдарға жауап бере алатын кітаптарды оқыған абзал", - дегенді де соған орай айтса керек. Осы тұрғыда Ф. Достоевский де: "Оқы және үйрен. Маңызды кітаптарды оқы. Қалғанын өмірдің өзі түсіндіріп береді", - дейді.

Біз Ф. Достоевскийдің: "Қалғанын өмірдің өзі түсіндіріп береді" деген сөзін "Киіз кітап" деп қабылдаймыз. Жоғарыдағы мақалдағы қария сөзінің Киіз кітаптағыдай болатындығы сондықтан. Демек білімді тоқу, өмірдің өзінен болады екен. Мән берсек, әр ұлттың өздеріне тән ұлттық құндылықтары - бір-бір Киіз кітап. Егер кім де болсын ұлттық негізін жоғалтып алмаса, оның ойы да, сөзі де сол кітаппен үндесіп кете береді.

Ал адами негіз - көктен түскен төрт кітапта тұр. Соңғысы - Құран. Киіз кітап - сол кітапқа негізделген ұлттық болмыс. Алайда оны оқитын адам аз. Себебі басқа мәндегі кітаптар алға шықты. Соған орай кейде: "Заман кітап шыққаннан кейін бұзыла бастады" деген де ойлар айтылып қалады. Себебі, басты кітап - адамның өзінде тұрады. Ол - Аллалық болмыс. Нақтыласақ, Алланың 99 есім, 8 субути сипаты. Аталарымыздың: "Қарияның сөзі киіз кітаптағыдай", - деуі сондықтан.

Солай бола тұра:

"Кітап ғылым — тілсіз мұғалім", - екенін біз де жоққа шығармаймыз. Соған орай сөз соңын Досболат Санат бауырымыздың "Кітаптың қадірі" атты өлеңімен түйіндегенді жөн көрдік:

"Байланып ғаламның торына,

Жығылдық желінің жолына.

Сайттың түр түрін оқимыз,

Кітапты оқудың орнына.

Кітаптың ашылмай парағы,

Сөреде сарғайып барады.

Кітапхана есігін көрсетпей,

Клубқа жұмсаймыз баланы.

Кітапқа құмартса баламыз,

Қияли болды деп қаламыз.

Сипатып сотканы сəбиге,

Уланып барады санамыз.

Окыған əдеби шығарма,

Қазақта көп болған ғұлама.

Соткаға сүйенген бүгінгі,

Ұрпақтан ұлылық шығама?

Жүзіндей еріген сынаптың,

Уақыт аз білімге бiр ақ күн.

Оқытайық баланы жас күнде,

Құндысын ұқтырып кітаптің".

Құдияр БІЛӘЛ

Пікірлер Кіру