Кемелдіктің алғашқы қадамы

12 шілде 2018 13547 0
Оқу режимі

Адам пенде. Кейде қызғанышы қысады, өзімшілдігі өршеленеді, ашуы алқымынан алады, кейде бәлсіне қалады, паңдана түседі, жалқаулығы жар бермейтін сәттері де болады. Қара басып ұмытып, жасаған қателігін тағы қайталап, тіпті түкке тұрмайтын нәрсені дүние көріп, дүниқоңыздыққа да салынып кететін кездері баршылық. Олай болмағанда адам пенде боп жер басып емес, періште боп пәк күйінде жүрмес пе еді? Осы пенденің бойындағы жағымсыз қылығын жоюы я болмаса оны жақсылыққа бұруы – мына сынақ дүниеге жіберілуіндегі түпкі мақсаты. Неге десеңіз, жаман пиғылдар мен қылықтардан арылған сайын адамның рухы тазарып, бір саты биіктеп, кемелдене түседі. Ал кемелденген рух – Жаратқанның ризалығына бөленіп, жұмаққа сай дәрежеге жетеді. Ал осы кемелденудің ең әуелгі баспалдағы – өз мініңді көре білу мен қатеңді мойындаудан басталады. Біле білгенге өз қатеңді мойындау – нағыз ерлік. Өкінішке орай, қазір осы кеселге тап болғандар көп. Өлсе де, өз қатесін мойындағысы келмейді. Қашанда өзінікі дұрыс. Шындап келгенде, қатесін мойындау адамды кемшілігін түзеуге жетелейді.

Қасиетті Құранда Аллаһ Тағала тек ұлы нәрселерге ғана ант еткен. Солардың қатарында өз-өзін кінәлаушы пендеге де ант етуі тегін емес. (Құранның талғап-талдап барып биіктегі шоқ жұлдыздарға, қасиетті мекен мен асқар тауларға, тіпті Құранның өзі мен пайғамбарға да т.б. ант етуі – ол нәрсенің мәні тереңде екенін көрсетсе керек). «Қиямет» сүресінде «Өз-өзін кінәлаған нәпсіге (кісіге) ант етемін!» делінген аят бар. Аятта неліктен тақуа адам емес, қателік жасап өз-өзін кінәлаған адам айтылған? Себебі, өз қатесін көре білу және оны мойындау – жақсылыққа беталыстың, іштегі ұлы төңкерістің нышаны. Мұндай қадамды жасай алған адам ғана ағаттықтары мен кемшіліктері үшін өзін кінәлай алады. Оның ақыры өкінуге ұласады. Сөйтіп, жасаған қателіктері үшін үнемі өзін кінәлі санап, өкініште жүрген адам ендігі жерде оны түзетудің, қайталамаудың қам-қарекетіне көшеді. Әрдайым «мен қандай адаммын, бойымда қандай жағымсыз қылықтар бар» деп өз-өзіне есеп берумен болады. Мұндай адам қашанда кінәні өзгеден емес, әуелі өзінен іздейді. Ендігі жерде ол – бұрын мүлде байқамаған олқылықтарын, тіпті, ізгілікке балаған істерінің астарынан небір кемшіліктерін көре біледі.

Бұл тұрғыда Құранның әмірі нық әрі өктем: «Өздеріңді ақтаушы болмаңдар!». Қателік жасай тұра өзін ақтап алуға әзір үмметіне ақиық Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.): «Адам баласының барлығы қатешіл, бірақ сол қатешілдердің ең ізгісі – қателерін түсініп, түзете білгендері» деуі үлкен сабақ.

Адам ата өз қатесін дереу мойындады. Хауа ана екеуі тыйым салынған жемісті жегенде, қателікке ұрынғандарын ұқты. Ағаттықтарын мойындап, кешірім тілей бастады.

Жаратушыға: «Раббымыз, біз мұны істеу арқылы тек өзімізге зұлымдық істедік, жаманшылық жасадық. Егер сен бізді кешіріп, рақымыңа бөлемесең, сөзсіз біз зиянға ұшыраушылардан боламыз» деп, зар жылап тәубеге келді. Демек, қателікті мойындау – Адам атаның бізге көрсеткен жарқын үлгісі, артындағы ұрпағына қалдырған ұлы мұрасы. Иә, адам баласына жаза басып, жаңылысу да мүлт кетіп сүріну де жарасады. Бірақ, оған сол қателіктерін мойындамай қасарысуы еш жараспайды.

Ал шайтан болса, Аллаһ Тағаланың «Адамның сенен артықтығын мойында, оған сәлем сал!» деген бұйрығын орындамады. Онысымен қоймай, өзінің оттан жаратылғанын, топырақтан жасалған мақұлықтан артық екенін, сол үшін де бас имейтінін айтып паңданды. Ал паңдық пен өркөкіректік оны адастыра түсті. Қатесін мүлдем мойындамай өтуге серт берген ол ақырында Құдай Тағаланың рақымынан біржолата қуылды.

Міне, сол шайтанның кебін киген тәкаппар пенделер де өздерін үнемі ақтап бағады. Кінәні ылғи да айналасындағылардан іздеп, өзін ақтаудың сан-қилы тәсілін меңгереді. Өзгені сынап-мінеудің кәсіби маманына айналады. Қандай жағдайда да, нендей үлкен қателік жасаса да өзін дереу ақтап алудың, ал өзгенің ісін ретін тауып қате ғып шығарудың майталман шеберлігіне қол жеткізеді. Бұндайлар бір сәт болсын өздеріне сын көзбен қарауды ұмытады. Көздері бола тұра көре алмайтын, құлақтары бола тұра ести алмайтын жағдайға ұшырайды. Мұндай жандардың жадынан «мен қателесіппін, мен кінәлімін» деген сөздер тамырымен өшіп, есесіне «анау кінәлі, мынау қате жасады» деген сөздер көкейінде сайрап тұрады.

Бұл бейшара жандар шаң жуытпай өздерін ақтаған сайын, рухани құлдырап бара жатқанын сезбейді. Өз пайымдауларынша кінәсіз, қатесіз болғандықтан түзету туралы да мүлдем ойламайды. Несін ойласын? Оның ойынша бәрі дұрыс, бәрі оң. Бәрі тегіс, бәрі жөн. Бойында анау айтарлықтай ешбір мін, түзетерліктей ешбір ақау, ешбір кемшілік жоқ. Өзін мақтап, өзгені даттайтындар бара-бара рухани дертке шалдығады. Ендігі жерде ондайлар кім көрінгенге кінә таққыш, біреудің түймедей кемшілігін түйедей етіп бетіне басуға даяр тұрады. Ол ол ма, айналасындағылар қай жерден мүлт кетіп, сүрінер екен деп, мысық тілеумен күн кешеді. Қате таба қалса, масаттанып шыға келеді. Иә, өз қатеңді мойындау – ерлік, ал өзіңді-өзің ақтау – рухани дерт.

Абай өзінің рухани тереңдігі мен адамгершілігінің биіктігіне қарамастан өзін үнемі сынайды. Жай ғана тілдің ұшімен сынау емес, өз айтқанына іштей шын сенеді де. Олай болмағанда, Абай Абай болмас та еді. Ол өзінің «Ойға түстім, толғандым» деген өлеңінде бүй дейді:

Ойға түстім,толғандым.
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым.
Өзіме өзім жақпадым,
Енді қайда сыя алдым?
Қалап алған көп мінез.
Қалайша қылып тыя алдым?
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес.
Осынша ақымақ болғаным
Көрінгенге қызықтым.
Ғаділетті жүректің
Әділетін бұзыппын.
Ақыл менен білімнен
Әбден үміт үзіппін;
Айла менен амалды
Меруерттей тізіппін;
Жалмауыздай жалаңдап,
Ар, ұяттан күсіппін,
Қулық пенен сұмдыққа
Құладындай ұшыппын;
“Сіз білесіз” дегенде
Күнге күйіп, пісіппін;
Мақтанбасқа мақтанып.
Деп жүріппін “пысықпын”.

Мұқағали ақын да «Бәріне жауаптымын» деген өлеңінде маңайындағы келеңсіздіктерге бастан-аяқ өзін кінәлаған екен. Тіпті:

...Дос адамдар өзара жауласса егер,
Ол да менің кінәмнан деп біліңдер, - деуі біз қозғап отырған тақырыптың мәнін аша түскендей. Дос адамдар жауласпас үшін оларды жарастыру, татулыққа сына қақпау – расында солармен бірге жүргендерге сын.

Ендеше, біздер атамыз Адам пайғамбардан үлгі алып, өз қатемізді мойындайық та, басқалардың жасаған ағаттықтарын кешіре білейік. Өзіңе келгенде айыптайтын прокурор, өзгеге келгенде ақтайтын адвокат бола білуді өмірлік қағида етіп ұстасақ, тура жолдан адаспас едік.

Қысқасы, өз кінәңді көре білу – кемелденудің алғашқы қадамы. Ал кемелдіктің ең биік шыңы әулиелік екені сөзсіз. Олай болса, қазақ атамыздың «Өз мінін білген – әулие» деп мақалдауында осындай терең мән жатыр.

Қайрат Жолдыбайұлы

Пікірлер Кіру