Кәріліктен бұрын жастық шақтың қадірін біл!

27 ақпан 2021 7690 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен бір хадисте қиямет күні әрбір құлдан төрт нәрсе сұралмайынша, тұрған орнынан қозғалмайтыны туралы айтылады. Сонда алғашқы сауал өмірін қалай өткізгендігі туралы болса, келесі сауал жас күнгі күш-қайратының қайда жұмсалғандығы жайлы. Мән берген кісіге, адам ғұмырының бір бөлігі жастық шақтың жауабы мен арқалаған ауыр жүгі бары ап-айқын көрініп-ақ тұр.

Сондай-ақ, Құран Кәрім аяттарының бірінде: «Ол Алла, сендерді болымсыз күйден жаратты, сосын сол әлсіздіктен соң күш-қуат берді. Сосын әлсіздікпен кәрілікте күш-қуатыңды қайта алды», – делінеді.

Иә, өмірге шырылдап келген шарана күйімізден тепсе темір үзетін атпал азаматқа айналарымыз ақиқат. Алайда, сол жалынды жастық шағымызды жақсылық пен ізгілікке толтырып, амал-сауап жинауға қаншалықты тырысамыз?! Жастық шағында жайнамаз мен Құранды қажетсінбей, бойындағы күш-қуаты сарқыла бастағанда ғана тәңірін тани бастайтындар да біршама. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» дегенімізбен, Алла жолында амал етуді алпыстан асып, ақсақал болғанда бастаймын деп жүргенде, арманда кетпесімізге кім кепіл?

Сахиқ Бухариден жеткен бір хадисте былай делінеді: «Еш көлеңке табылмайтын сол күні Алла мына жеті кісіні өзінің көлеңкесіне алады:
1. Әділ басшы;
2. Аллаға бойұсынып өскен жігіт;
3.Жүрегі мешітке байланған кісі;
4. Екі мұсылман бірін-бірі Алла үшін жақсы көріп, Оның разылығы үшін бас қосып, Оның разылығы үшін мәжілістерінен айырылса;
5. Сұлу әрі текті әйел өзіне шақырғанда, «Мен Алладан қорқам» деген кісі;
6. Оң қолы бергенін сол қолы білмейтіндей жасырын садақа еткен кісі;
7. Оңашада Алланы еске алып, көзіне жас толған кісі».

Осы хадисте көрсетілгендей, қияметте Жаратушымыздың панасына ие болатындардың бірі – Аллаға бойұсынып өскен жігіт. Ата-бабаларымыз «айхай, жиырма бес» деп атау берген жігіттіктің желігімен жүрген жастардың өз нәпсісін тізгіндеп, шариғат шарттарымен жүріп-тұруы нақ осы кезеңде қиын көрінетіні рас. Әсіресе, әзәзілдің арбауына шыланып, ащы су мен зинақорлықтан дәм татқандар бұл ләззаттардың уақытша екендігін көбіне ескермей жатады. Алайда, алдамшы дүние қызықтарының адам жүрегін қарайтса, балға үймелеген шыбындай шырмалып, бас тарта алмай қалатынымызды білмейміз.

Осы орайда, Ахмад ибн Ханбалдың «Мүсүнәдінде»:  «Алла Тағала нәпсісіне берік жігітке разы болады» делінген. Мән беріп қарар болсақ, ислам хадисшілерінен жеткен хадистерде нәпсісіне берік ақсақал немесе жігіт ағасы туралы, болмаса олардың аллаға бойұсынғаны жайлы айтылмайды. Барлығы да жалынды жастық шағында Жаратқанға жалбарынғандарды үлгі етеді. Расында да, қартайып, қайғы ойлап, ұйқы – сергек тартқанда, уақытын қайда жұмсарын білмейтін беймаза шақ туатыны белгілі. Тынымсыз тіршілік бейнетінен арқа босап, зейнеткерлікке шыққанда өткен өмірін көп ойлайтыны да сондықтан болар. Жыл бойы жағасы жайлауда жүрген студенттің сессия жақындағанда ғана кітап үңілгенімен, білімі мардымсыз болатыны бесенеден белгілі. Сондықтан да, нәпсісін жастайынан тиғандардың күні ертең күллі адамзат есеп берер ақырет күнінде алла разылығын алатыны айдан анық.

Есеп берер «сессиямызға» апарар суық қабірдің салқыны әлі жетпегендіктен бе, жас шағымызда алаңсыз жүргеніміз қаншама. Алла Тағаланың бар және бір екендігін анық мойындағанмен де, амал жасауға асықпайтынымыз тағы бар. Сыртқа шығармағанмен, көбіміздің көкейімізде «алдымен жағдайымды жөндеп алайын, кейін де үлгеремін ғой» деген сылтау жатады. Алайда, әркімге өлшеп берілген қысқа жіп ғұмырымыздың кейін күрмеуге келмей қаларын ойлағымыз да жоқ. Білім-ғылым, дүние, өмір, мал-мүлік және тәніміз де – бізге Алла Тағаланың берген сыйлары екенін ешқашан да естен шығармауымыз керек. Және осы аталғандарды Алла Тағаламыздың бұйырғаны бойынша игілікті істерге жұмсауымыз шарт. Осы себепті хадис шарифте айтылған бір тәмсілде «Кәріліктен бұрын жастық шақтың қадірін біл!» деп анық көрсетілген. Сондықтан да адам баласы үшін өлшеп берілген алтын уақытымызды, оның ішінде жалынды жастық шағымызды жайнамазбен дос болып, Алла дініне арнағанымыз жөн, замандастар! 

Айдос ИМАНТАЙ

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру