«Кәһф» сүресінің 10 құпиясы

20 қараша 2018 68001 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Кәһф» сүресін («Үңгір») неліктен әр жұма сайын оқуды насихаттады деп ойладыңыз ба?! «Үңгір» сүресінің құпиясы неде жатыр?

Бұл сүреде бірнеше оқиғалар сыры көрініс табады. Аталмыш сүренің құпиясына ой жүгірте отырып, айтылмыш құпиядан қандай сабақ алатындығымызды қарастырайық.

1. Үңгірдегі адамдар

Бұл – құдайсыздар қауымындағы Аллаға сенетін жас жігіттер жайында. Олар Аллаға сенетін адамдар болғандықтан, сол қаладағы имансыздардың зұлымдығынан діндерін сақтау мақсатында Алланың разылығы үшін қашып шығып, үңгірді паналайды. Алла жастарға рақымын төгіп, оларды үңгірде күннің сәулесінен жасырады. Ұлы Жаратушыға сенім білдірген иманды жастар 300 жыл өткеннен соң ғана ұйқыдан оянып, дінсіздер тұрған өз қаласына қайта оралады.

Осыдан алынатын сабақ: біздің иманымыз сынақтар арқылы сынға түседі.

2. Екі бақшаның иесі

Аталмыш оқиғада Алла Тағала екі тамаша бақша сыйлап, нығметке бөлеген адам жайында өрбіген. Осыншама игілікке бөленсе де, ол адам Ұлы Жаратушыға алғыс айтып, шүкіршілік етудің орнына, өлімнен кейінгі сұраққа тартылудың, есептің барлығына шүбә келтіріп, Жаратушыға қарсылық білдіреді. Мұның жазасы ретінде Алланың әмірімен шүкірсіз пенденің бақшасы тас-талқан болады. Ол адам артынан өкінішке ұрынады, дегенмен, оның өкініші ешқандай пайда әкелмейді.

Осыдан алынатын сабақ: адамдар байлықпен де сыналады.

3. Мұса (ғ.с.) мен Қыдырдың (ғ.с.) оқиғасы

Бірде Мұса пайғамбардан «Жердегі адамдардың ішіндегі ең білімдісі кім?» деп сұрағанда, ол өзін әлемдегі өмір сүріп жатқан ең білімді пайғамбармын деп санайды. Алла Тағала оған Мұсадан (ғ.с.) да артық білімге ие басқа бір адамның (Қыдырдың) бар екендігін хабарлады. Мұса пайғамбар (ғ.с.) Алла меңзеген адамды көріп, онымен танысу үшін сапарға аттанады. Жай адамдар сырт көзге байқай бермейтін әрі нашар деп санайтын кейбір істерде Алланың хикметінің жасырын жатқандығына көзін жеткізеді.

Бұдан алынатын сабақ: адамдар білім арқылы сыналады.

4. Зұлқарнайынның оқиғасы

Ұлы Алла Тағала білім мен билік берген әйгілі патшаның оқиғасы туралы баяндайды. Ол күллі әлемді саяхаттап, адамдарға көмектеседі, қоғамда ақиқат мен мейірімділіктің таралуына күшін салады. Зұлқарнайын Яжуж бен Мажуждың тұтқынынан адамдарды қорғап, бөгет жасайды, берік қорған орнатады. Зұлқарнайын мызғымас қорғанды тіпті олардың тілін де түсінбейтін адамдармен бірлесе отырып жасады.

Бұдан алынатын сабақ: адамдар билікпен де сыналады.

Сүренің ортасында Алла Ібілісті мысалға келтіріп, бұл сынақты кімнің қалай қабылдайтынын көрсетеді. (Мұхаммед с.ғ.с.) сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар!» деген едік. Ібілістен басқа бүкіл періштелер сәжде қылған еді. Жыннан болған ол, Раббының әмірінен бас тартты. Сонда да Менен өзге оны және ұрпақтарын дос етіп, аласыңдар ма? Олар болса, сендерге дұшпан. Залымдар үшін нендей жаман өзгеріс!»[1]

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде: «Кімде-кім «Кәһф» сүресінің аятын оқитын немесе жаттап алатын болса, Дәжжәлдан қорғалынады», – делінген. Әбу Дәрда (р.а) жеткізген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде былай баяндалған: «Егер кімде-кім «Кәһф» сүресінің алғашқы 10 аятын жаттап алса, Дәжжәлдан қорғалынады». Ал, Муслимнің жеткізген басқа риуаятында соңғы 10 аяты жайлы айтылған. Барлығын Алла білуші!

Енді «Кәһф» сүресі мен Дәжжәлдың өзара байланысын қарастырайық. Дәжжәл Қиямет күніне дейін пайда болып, адамдарды 4 түрлі сынға алады:

а) Дәжжәл адамдарды Аллаға емес өзіне табынуға шақырады. Бұл – иманның сынға түсуі.

б) Ол орасан зор билікке иегер болады: тіпті жаңбырды да тоқтата алады әрі оны жаудыра алу мүмкіндігіне де ие. Дәжжәл көпшілікті өзінің байлығымен қызықтырады. Бұл – байлықпен сыналу.

в) Ол адамдарды өзіндегі жаңа біліммен еліктіреді. Бұл – біліммен сыналу.

г) Дәжжәл бүкіл жер әлемінде ұланғайыр аймақты басқару билігін қолына алады. Бұл – билікпен сыналу. Біз осы сынақтарды қалай жеңеміз?!

Сондықтан бұл сүреде өте маңызды белгілер бар. Дәжжәл оны үнемі оқып, ойланатын адамды адастыра алмайды. Алла айтылмыш сүреде осы айтылған сындарды қалай жеңу қажеттілігін де түсіндірген.

5. Тура жолдағы, ізгі жандардың айналасында болу

«(Мұхаммед с.ғ.с.) таңертең, кешке Раббыларына, Оның дидарын іздеп, жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет. Дүние тіршілігінің сәнін қалап көзіңді басқаға аударма. Сондай-ақ біз, жүрегін, бізді еске алудан кәперсізденген, әуесіне ерген және ісі шектен асқан біреулерге бағынба»[2].

6. Бұл әлем туралы шындықты білу

«(Мұхаммед с.ғ.с.) оларға дүние тірлігінен мысал бер: (Дүние тірлігі) көктен біз жаудырған жаңбыр арқылы жердің өсімдіктері бір-біріне араласып, құлпырып, одан құрғақ үгіндіге айналып, оны желдер ұшырып кеткен тәрізді. Сондай-ақ, Алла, әр нәрседен үстем күш иесі»[3].

7. Кішіпейіл болу

(Мұса ғ.с.): «Алла қаласа, мені сабырлы табарсың. Сондай-ақ саған ешбір істе қарсы келмеймін», – деді[4].

8. Шынайы болу

«Шынында, мен де сендер сияқты адаммын. Маған Тәңірлерің бір-ақ Тәңір екендігі уахи етілуде. Сондай-ақ, кім Раббына жолығуды үміт етсе, сонда түзу іс істеп, Раббына істеген құлшылығында, Оған ешкімді ортақ етпесін», – де[5].

9. Аллаға ғана бет бұру

«Раббыңның Кітабынан саған уахи етілгенді оқы. Оның сөздерін ешбір ауыстырушы жоқ. Әрі Одан өзге паналайтын орын да таба алмайсың»[6].

10. Алдағы күнді еске алу, ақырғы күнге дайындық

«Қиямет күні, тауларды жүргіземіз де жерді жап-жазық көресің. Және де адам баласын олардан ешкімді тастамай жинаймыз. Олар, Раббыңның құзырына қатарланып келтіріледі. Оларға: «Бастапқыда жаратқанымыз тәрізде келдіңдер, тіпті сендерге бір уәделі мерзім белгілемедік деп, ойладыңдар» (делінеді). Амал дәптері алдарына қойылады. Сонда күнәкарлардың одан қорыққанын көресің. Олар: «Апырым-ай! Бізге нендей өкініш! Мына кітапта кішкенені де, үлкенді де тастамай-ақ түгендепті»,- дейді. Сондай-ақ, олар істегендерін дайын түрде табады. Раббың ешкімге әділетсіздік қылмайды»[7].

Ендеше, Алла Елшісі (с.ғ.с.) баяндаған «Кәһф» сүресінің біз білмейтін хикметтері тым тереңде жатыр екен. Сондықтан әрбір жұма күні бұл сүреге немқұрайлы қарамай,  жүрегімізді ашып, аяттарды көңілімізге тоқып, Алланың разылығы үшін оқысақ, иманымыз кемелдене түсетіні ақиқат.

Аударған Әсия Бақдәулетқызы


[1] «Кәһф» сүресі, 50-аят.
[2] «Кәһф сүресі, 28-аят.
[3] «Кәһф сүресі, 45-аят.
[4] «Кәһф сүресі, 69-аят.
[5] «Кәһф сүресі, 110-аят.
[6] «Кәһф сүресі, 27-аят.
[7] «Кәһф сүресі, 47-49-аят.

Пікірлер Кіру